-13 °c
Qonaev
Friday, June 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

    07.01.2025
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
    0
    SHARES
    103
    VIEWS

          Тәуелсіздік жылдары халықты мемлекеттік қолдау жүйесі артып, Қазақстан нағыз әлеуметтік мемлекетке айналды. Ел бюджетінің басым бөлігі халықтың тұрмыс жағдайын түзеуге, қоғамның әлжуаз топтарын қолдауға бағытталып келеді. Ел азаматтарының өмір сапасы мен тұрмыс деңгейін көтеру мемлекеттің басты стратегиялық міндеттерінің біріне айналды. Алматы облысы да осы үдеден шығуда. Бұл орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахыммен сұхбаттасқан едік.

    – Құрметті Нұрлан Ерғали­ұлы, өзіңіз өңір басшысының Алматы облысындағы әлеуметтік салаға жауапты орынбасарысыз. Бұл – маңызды бағыттың бірі. Жыл сайын Алматы облысында аталмыш саланың әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ел билігі бірнеше реформа жүргізді. Бұл қадамдар қаншалықты нәтиже беруде?
    – Тәуелсіздік жылдары әлеуметтік сала бір емес, бірнеше реформаны өткерді. Біршама өзгеріс енді. Мәселен, 2023 жылы қабылданған Әлеуметтік кодекс саланы реттейтін барлық заңды біріктіріп, бір жүйеге келтірді. Осының арқасында мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатыны нақты бекітілді. Бұл әлеумет­тік саланы реформалаудағы маңызды жетістік болды деп бағамдаймын. Президенттің 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауының өзі әлеуметтік салаға жасалған тың серпіліс. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар­­дың еңбегі мен өмірі насихатталып, құрмет көрсетілер болса, қарапайым жұмысшы азаматтардың абыройының артуына ықпал етеді. Бұл әлеуметтік жүйеге жаңашылдық әкелері сөзсіз. Еңбек адамының мәртебесін көтеру ­маңызды.
    Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыруды бастадық. Жаңа мамандықтар атласын даярлау, колледждердің материалдық-техникалық базасын жабдықтау, өңірге қажетті жаңа мамандықтар ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылды.
    Былтыр 4 мемлекеттік колледжде бейіндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында тағы 2 колледжде бейін­деу жұмысы жүргізіледі (Шамалған ауылындағы көпсалалы колледж, С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжі).
    Қонаев қаласында техникалық бағытта 600 орынды жатақханасымен 1250 студентке арналған колледж салынады. Эскиздік жобасы дайын­далып, жобалық-сметалық құжат­тамасы әзірленуде.
    Алдағы уақытта еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес, «Гидротехникалық мелиорация», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе» мамандықтарын ашу жоспарлануда.
    Бүгінде елімізде жұмысшы маман­дықтардың мәртебесі біртіндеп артып келеді. Сондықтан да инженерлерге, сәулетшілерге және құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, ғалымдар мен өнертапқыштарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл және су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне құрметті атақтар берілуде. Қажырлы еңбектің мемлекеттік деңгейде бағалануы – барша кәсіп иесіне ерекше шабыт беретініне және еңбек адамының беделін көтеруге септігін тигізетініне сенімдіміз.

    – Әлеуметтік сала – қай елде, қай өңірде болсын, ең өзекті бағыттың бірі. Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрмыс жағдайын оңалту үшін Алматы облысында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқ­талсаңыз.
    – Алматы облысында халық саны 1 миллион 600 мыңнан асады. Оның 42,3 мыңы – мүгедектігі бар адамдар. Өңірде 74 мыңнан аса көпбалалы отбасы өмір сүреді. Зейнет жасындағылар саны – 166 мың.
    Мүгедектігі бар жандар арнаулы әлеуметтік көмекпен қамтылуда. Облысымызда мұқтаждығы бар азаматтардың 99,9%-ына (4,7 мың адам) 8 медициналық-әлеуметтік мекеме, 12 үкіметтік емес ұйым және 22 бөлімше қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес техникалық оңалту және гигиеналық құралдармен мүгедектігі бар жандардың 98,5%-ы қамтамасыз етілген.
    Бұдан басқа әлеуметтік төлемдер түрлерімен (тұрғын үй көмегі, төтенше жағдайда біржолғы көмек, туберкулезбен ауыратын азаматтарға, мүгедек баланы оқытатын отбасыларға, АИТВ (ВИЧ) жұқтырған балаларға төлем және т.б.) 45,9 мың азамат қамтылды.
    Жұмыс орындарын құру жоспары 100%-ға орындалды. Жалпы жұмысқа 69,3 мың азамат тартылды, әлеуметтік осал топтарға жататын 260 азаматқа өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз грант берілді, 624 азамат қысқа мерзімді оқудан өтті, 6 мыңнан астам адам онлайн-курстарға қатысты.
    Мемлекет басшысының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмасы аясында облыста 7 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 2-еуі былтыр ашылды. Сонымен қатар, қарт адамдарды қолдау және өмір сүру ұзақтығын арттыру тапсырмасы аясында белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 3 филиалы іске қосылды. Биыл барлық ауданда ашу жоспарлануда.
    Әлеуметтік осал топтағы азамат­тардың барлығы дерлік әлеуметтік жәрдемақы алады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 6,5%-ға ұлғайды. Сондықтан асыраушысынан айырылған, мүгедектігі бар, ерекше күтімді қажет ететін баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, сондай-ақ бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адамды күтетін азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де артты.
    – Бүгінгі нарық заманында қымбатшылықтың жиі қарқын алатыны жасырын емес. Берілетін жәрдемақы көлемі де мардымсыз деген пікірді жиі естиміз. Осы тұста мемлекеттен беріліп отырған қаржының көлеміне тоқталып өтсеңіз. Әр санаттағы азаматтар қанша жәрдемақы алады?
    – Әрине, елде ғана емес, жаһанда қымбатшылық орын алуда. Оған геосаяси ахуал да әсерін тигізуде. Нарық заманы болғандықтан баға құбылып тұрады. Дегенмен, елдегі күнкөріс деңгейіне қарай әр санаттағы азаматтарға берілетін көмектің сомасы бекітілген. Бұл жасырын ақпарат емес. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғайған мөлшеріне тоқталар болсақ, бұған дейін I топтағы мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы 95 496 теңге болса, биылдан бастап 101 702 теңгені құрады. II топ мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге артты. Ал III топтағылар үшін берілетін жәрдемақы 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге көтерілді.
    Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы жеті баласы барлар үшін 103 598 теңгеден 110 332 теңгеге ұлғайды. Төрт баласы барлар 59 183 теңге алып келсе, ендігі кезекте 63 030 теңге алатын болады. Бес балалы жандар алатын жәрдемақы 73 988 теңгеден 78 798 теңгеге өсті. Алты балаға берілетін қаражат 88 973 теңгеден 94 565 теңгеге дейін артты. Жеті балалы аналар алатын жәрдемақы 103 598 теңгеден 110 332 теңгеге көбейді. Сегіз баласы барлар әр балаға 15 728 теңгеден жәрдемақы алмақ.
    Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы көлемі де көтерілді. Демек, 1, 2 немесе 3-баласын өмірге әкелген аналар үшін берілетін біржолғы жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін ұлғайды. Ал 4 және одан көп бала туған аналарға берілетін біржолғы қаражат 232 596 теңгеден
    247 716 теңгеге жетті.
    Бала күтімі бойынша берілетін төлемдерге келетін болсақ, сәбиі 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын төленетін жәрдемақы бірінші бала үшін 22 649 теңгені, екінші бала үшін 26 777 теңгені, үшінші бала үшін 30 867 теңгені, төртінші және одан көп бала үшін 34 995 теңгені құрады.
    Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы туралы айтар болсақ, асырауындағы бір адам үшін 42 530 теңге, екі адам үшін 78 588 теңге, үш адам үшін 104 014 теңге, төрт адам үшін 120 194 теңге, бес адам үшін 127 129 теңге, алты және одан да көп адам үшін 138 685 теңге төленеді.

    – Елдегі зейнетақы жүйесі көпдеңгейлі екенін жақсы білеміз. Биыл зейнетақының ең төменгі және жоғарғы мөлшері қандай болмақ?
    – 2025 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері шамамен 62 780 теңге болса, ең жоғарғы мөлшері 162 000 теңгеден асады. Базалық зейнетақы төлемін барлық зейнеткер алады. Зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептелетінін де естен шығармаған абзал. Күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де артады. Базалық және ынтымақты төлемдерді қоса есептегенде зейнет­ақының ең төменгі деңгейі – 95 131 теңге, ең жоғары шегі 213 046 теңге болады. Төлемдер мөлшері жеке және әрбір адамның еңбек өтілі мен жинағына байланысты екенін тағы бір атап өткен жөн.
    – Елімізде мемлекет бюд­жетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінетіні белгілі. Мәселен, республикада 5 миллионнан аса отбасы болса, оның 3,5 миллионға жуығына мемлекеттік міндетті көмек беріледі. 2024 жылы оларды қолдау мақсатында ел қазынасынан 1 тлрн 660 млрд теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 20%-ға көп. Биыл да бұл қаржының сомасы өзгеретіні анық. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек үздіксіз беріліп жатыр. Өңірдегі қанша отбасы бұл атаулы көмекке қол жеткізіп отыр?
    – Облыста аз қамтылған отбасы­ларға көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. 2024 жылы Алматы облысында 6,1 мың отбасы, яғни 34,3 мың адам атаулы көмек алды. Жыл ішінде бұл азаматтарға 3,3 млрд теңге қаржы төленді. Алушылардың басым бөлігі, 67,9%-ы балалар болды. Сондай-ақ бұл қатарда балалар мен қарттарды күтумен айналысатын адамдар, студенттер мен жұмыссыздар бар. Отбасылардың кедейлік шегінен шығуына байланысты жыл сайын АӘК алушылар санының төмендегені байқалады. Мысалы, 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы АӘК алушылар саны 35%-ға төмендеді. Ал қосымша төлемдер 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін 2024 жылы ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш, демек, 5 538 теңге мөлшерінде қарас­тырылған.
    Биыл жалпы 7,3 мың отбасыға (36,8 мың адамға) атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жоспарланып отыр. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін 2025 жылы ай сайынғы төлем айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшерін (3932 теңге) қайта есептей отырып, 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қалды.

    – Қазақстан әлеуметтік қызмет түрлерін цифрлан­дыру­дағы көшбасшы елдердің бірі болуды көздейді. Бұл үшін елімізде Отбасының цифрлық картасы деп аталатын бірегей жоба құрылып, мәлімет қорын біріктірді. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған. Бұл картаға Алматы облысын­дағы қанша отбасының дерегі енгізілді?
    – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында елдегі цифрландыру жүйесіне қатысты оң пікір білдірді. Тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-орын иеленгенін атап өтті. Бұл – жақсы нәтиже екенін айта келіп, оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайтынын да ескертті. Президент сөзімен айтсақ, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді.
    Бүгінде атаулы көмекті тағайын­дауда Отбасының цифрлық картасының көмегі зор. Бұл – әлеуметтік жұмыстың жаңа құралы. 2023 жылы Қазақстанда 84 параметр бойынша отбасылардың әл-ауқатының деңгейін талдайтын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілді. Бұл нақты шараларды және облыстың даму бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік береді.
    Цифрлық карта отбасының әл-ауқат деңгейін экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайы, денсаулығы, білімі бойынша бағалайды және отбасыларды 5 санатқа бөледі: А-жақсы, В-қанағаттанарлық, C-төмен, D-дағдарыс және E-мүшкіл деңгей.
    Көбінесе дағдарыс санаттарына отбасылар жеке тұрғын үйінің немесе тұрақты тіркеуінің болмауына, мүгедектігі бар немесе көпбалалы отбасы қатарына жатуына байланысты кіреді.
    Отбасыларды дағдарыс жағдайынан шығару үшін әр аудан әр отбасының сұранысы бойынша жұмыс істейді. Демек, жұмысқа жолдама беру, балаларды балабақшаға, мектепке орналастыру, тұрғын үйге немесе жерге кезекке қою, медициналық көмек көрсету және т.б. мәселелерінің шешілуіне қол ұшын созады.
    Цифрлық картаның көмегімен дағдарыстық санаттағы (D және E) отбасылар санын азайту бойынша әкімдердің рейтингі іске асырылды. Осындай іс-шараның нәтижесінде Алматы облысында дағдарыс жағдайындағы отбасылар саны 168,1 мыңнан 145,7 мың отбасына дейін, демек, 13,3%-ға төмендеді. Бұл жоспарланған көрсеткіштен асып түсті.

    – Биыл да дағдарысты отбасы­ларға көмек көрсету жұмысы жалғаса ма?
    – Бұл жұмыс жалғасатыны сөзсіз, Отбасының цифрлық картасы аудандар мен қалалар әкімдерінің жұмыстағы үстел кітабына айналады. Сонымен қатар биылдан бастап алдын алу жұмыстарын жүргізетін Отбасыларды қолдау орталықтары іске қосылды. Осылайша отбасылар қажетті барлық көмекпен қамтылатын болады.

    – Нұрлан Ерғалиұлы, бүгін өңірдегі ғана емес, елдегі әлеу­меттік салаға қатысты әдемі әңгіме өрбіттік. Сұхбатыңызға алғыс! Түйін сөз сізден болсын.
    – Қазақстан адам капиталының дамуын анықтайтын халықаралық рейтингтегі орнын жыл сайын жоғарылатып келеді. Халықты әлеуметтік қорғау мемлекет саясатының басым бағытының бірі болып қала бермек. Ел әлеуетін оңалтуға әр азамат күш салуы қажет.

    Сұхбаттасқан – Меруерт Қыдырбайқызы

    Ұсынымдар

    Алматы облысында жол апатынан 5 адам ажал құшты

    Алматы облысында жол апатынан 5 адам ажал құшты

    2 years ago
    Домбырамен тілдескен шебер

    Домбырамен тілдескен шебер

    1 year ago
    Жемқорлыққа қарсы топ құрылды

    Жемқорлыққа қарсы топ құрылды

    2 years ago
    Біздің арамыздағы батырлар: құтқарушылардың шабыт беретін әңгімелері

    Біздің арамыздағы батырлар: құтқарушылардың шабыт беретін әңгімелері

    1 month ago
    Облыста үш магнитті-резонансты томография кабинеті ашылды

    Облыста үш магнитті-резонансты томография кабинеті ашылды

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.