Әсемдікке және қолөнерге деген сүйіспеншілік қаскелеңдік Айжан Отароваға әжелерінен дарыған болса керек. Оның туған әжесі мен нағашы апасы Еңсеген мен Қаракөз қолөнермен айналысқан жандар екен. Олар өз немересіне шеберлік құпияларын үйретуден жалықпаған. Бала кезінен ісмерлікке бейім болған Айжан біртіндеп өзі тігетін заттарды заман талабына сай жаңартып, қолданысқа ыңғайлы әрі сұранысқа ие етіп жасауды қолға алған. Осылайша бүгіндері ол үш саланың, атап айтқанда, қолөнер, кәсіпкерлік және креативті индустрияның дамуына өз үлесін қосып келеді.
Айжан Отарова 1999 жылға дейін Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш стансасында тұрып келген болатын. Кейін оның отбасы Қаскелең қаласына көшіп келеді. Осы жерде Айжан Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте білім алып, кейін Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжіне түсіп, бухгалтер мамандығын меңгереді. Одан әрі мамандығын жетілдіру үшін Алматы технологиялық университетінде сырттай оқуын жалғастырады.
– Бала кезімнен қолөнерге жақынмын, – дейді Айжан Болатқызы. – Тоғыз жасымнан анамның әжесі Қаракөз апаның жетекшілігімен тігін машинасымен құрақ көрпелердің бөліктерін біріктіруді үйрендім. Әкемнің әжесі Еңсеген апа да қолөнер шебері еді. Сондықтан осы өнерге деген сүйіспеншілік маған екі әжемнен де дарыды деп ойлаймын. Өз білгендерін маған үйреткендері үшін оларға айтар алғысым шексіз. Менің өмір жолымда бағыт-бағдар берді. Осылайша балалық шағымда-ақ қолөнер менің тағдырым екенін түсінгендей болдым.
Айжанның 13-14 жасында ол тұратын «Арман» ықшамауданында киімдер, перделер және басқа да бұйымдарды тігіп, қалыпқа келтіретін шағын орталық болатын. Соны көре жүріп, ол осы бағытта кәсіп істеу керектігі жайлы ойлана бастайды. Ол үшін үйде жұмыс жасайтын орын әзірлеп, жерге тігін машинасын орнатып, ұлттық үлгідегі киімдер тігуді қолға алады. Бұл бастамасы тек бірнеше айға жеткенімен, Айжан үшін үлкен арманға алғашқы қадамдар жасауға септігін тигізгені анық.
Айжанның тігіншілік саласындағы алғашқы қадамы осылайша тұйықталған. Осыдан кейін ол қоғамдық тамақтандыру, сауда салаларында еңбек етіп те көрді. «Сол кезде тігін әлемі мені тастап кеткендей болған, – деп мойындайды Айжан. – Бірақ, шын мәнінде, ол көңілімнің тереңінде жасырынған екен, уақыты келгенде ол қайтадан мені мазалай бастады».
2011-2013 жылдары Айжан «Kaspi Bank»-те бухгалтер болып жұмыс істеді. Ал 2013 жылы тұрмысқа шығып, бір жылдан кейін Шапағат атты ұлы дүниеге келді. Айжан бала күтімінде болған кезде де қол қусырып отырмай, өзінің салондық бизнесін ашуға қамданады.
– Сол уақытта елімізге кірпіктерді ұзартып салу қызметі енді ғана келе бастаған еді, – дейді Айжан. – Мен бірден осы салаға кірісіп кеттім. Декреттік ақшамды пайдаланып, кірпік ұзартып үйрену курстарына қатыстым. Күйеуімнен де, ата-анамнан да көмек сұрамадым. Курстарды тәмамдап, 2014 жылдан бері осы салада қызмет жасаймын. Жиырма жылдан астам уақыттан бері әйелдерге олардың табиғи әсемдігін және жеке ерекшеліктерін айшықтап көрсету үшін жұмыс істеп келемін.
2016 жылы Айжан тағы да ана атанып, Қарақат есімді қызды дүниеге әкеледі. Алайда үйде отыра бермей, бір айдан соң ол қайтадан сүйікті ісіне оралып, жұмысын жалғастырады. «Мен өз ісімді жақсы көремін, – дейді Айжан. – Маған ол қуат алмасу, еңбегімнің нәтижесін көру және адамдарға қуаныш сыйлау мүмкіндігін береді».
2023 жылдың басында Айжан жаңа бір маңызды іспен айналысу туралы шешім қабылдайды. «Бұл менің негізгі өмірлік мұратым екенін сезіндім. Сол кезде өзімді «Барлығына дайынсың, Айжан, енді жаңа істі бастайтын уақыт жетті» деп жігерлендірдім», – дейді ол.
Осылайша алғашқыда косметикалық сөмкелер тіге бастайды. Әріптесі Күләндамен бірге олар шеберліктерін шыңдап, жаңа істі қолға алады. Айжан өзінің жаңа шығармашылық жобасын «Instagram»-да жарнамалайды.
Ата-анасы оның бастамасына қолдау көрсетіп, әкесі тіпті 60 жасында тігіншілік кәсіпті меңгереді.
Қазір Айжан мен оның командасы «Aijan Brand» деген сауда маркасымен әртүрлі бұйымдар, соның ішінде ұлттық стильдегі киімдер мен сөмкелер жасап шығаруда. Айжан өз командасына алғысын білдіріп, жұмыстың қиындығына қарамастан, бір-біріне қолдау көрсететін адамдармен бірге болудың маңыздылығын есінен шығарған емес.
Айжанның үлкен арманы – қазақтың ұлттық бұйымдары мен киімдерін жасап шығаратын корпорация құру, оны адамдардың киіп жүруіне ыңғайлы етіп жасау.
– Бұл сырға немесе көйлек, жейде болуы мүмкін, бірақ міндетті түрде ұлттық ерекшелігі, өзіне тән жаңалығы болуы керек. Және бұйымдардың бәрі үлкен сүйіспеншілікпен, құрметпен, патриоттық сезіммен жасалуы тиіс. Алдағы уақытта осы мақсатта еңбек ете бермекпін, – дейді кәсіпкер Айжан. Біз оның арман үддесінен шығарына кәміл сенеміз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы