Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева өткен жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Оның айтуынша, облыста 1168 мектепке дейінгі ұйымда 91 916 бала, ал мектепалды даярлық топтарында 9 191 бүлдіршін мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуда. 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 93,7 пайызды құрайды.
Мектепке дейінгі оқыту мекемелерінде мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінген қаржыны тиімді пайдалану мақсатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, биометриялық жүйені енгізу жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда QR-код жүйесіне мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар – 100 пайыз, ал жекеменшік ұйымдар 97,5 пайыз өткен. Қалған мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаға өңірлерді қосу кестесіне сәйкес Қонаев қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерін пилоттық жобаға 2025 жылдың шілде айында көшіру жоспарланған. Жобаға Қонаев қаласында 7 мемлекеттік және 11 жекеменшік балабақша қатысады. Жоба «Gu.almobl.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Бүгінгі күнге дайындық деңгейі 70 пайызды құрап отырғандықтан, мемлекеттік сатып алу конкурсы биылғы ақпан айында жүргізіледі.
Орта білім беру жағына келсек, облыста 2024-2025 оқу жылында барлық 479 мектепте 367 325 оқушы білім алуда, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 14 173 балаға артық. Қазіргі таңда облыста 38 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде облыста 53 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі күнге 7 білім мекемесі қолданысқа беріліп, 3 мектеп құрылысы аяқталған, бұдан бөлек, 16 оқу ошағы салынуда. Сонымен қатар мектеп салуға жеке инвесторлар да тартылуда.
Кадрлық қамтамасыз ету жайына тоқталар болсақ, қазіргі уақытта облыс мектептерінде 33 349 мұғалім еңбек етеді. Мұғалімдердің 71,2 пайызының біліктілік санаты бар. Былтыр 7814 педагог пәндік құзыреттілік бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті. Педагогикалық кадрларға қажеттілік 89 бірлікті құрайды. Математика, химия, физика, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс бар. 2024-2025 оқу жылында 2009 педагог жұмысқа қабылданды, оның 772-сі – жас маман. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 13 маусымдағы №390 қаулысымен бекітілген арнайы бағдарламаға сәйкес білім беру мекемелеріне басқа өңірлерден 27 педагог тартылған.
Облыс әкімінің қолдауымен білім сапасын арттырудың «ЖОЛ КАРТАСЫ» әзірленді. Жол картасы аясында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп, «50 табысты мектеп» жобасы қолға алынды. Аталған бағытқа жергілікті бюджеттен 756 млн теңге қаражат бөлінді. Жоба аясында 3817 мұғалім, 50 директор және 60 мыңға жуық оқушы 11 кезеңнен тұратын біліктілік арттыру курстары және кешенді оқытумен қамтылды. Аталған жоба аясында «Қазақстан халқына» қоры арқылы 1,5 млрд теңгеге 50 мектеп физика, химия және биология сынды арнайы 150 кабинетпен жабдықталды.
Ендігі бір көңіл аударар мәселе – мектептерді жаңғырту. Бұл жөнінде былтыр 78 мектепті жаңғыртуға 5,5 млрд теңге қарастырылған. 78 мектеп кітапханасына 50 млн теңгеге көркем әдебиет, стеллаждар, компьютерлік техника сатып алынды. Демеушілер есебінен 14 орта білім беру мекемесіне 94 пәндік кабинет орнатылып, 3 мектептің жиһазы жаңартылды. Оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы 2 млрд 869 мың теңге бөлініп, 16 баспадан 835 767 дана оқулық сатып алынып, барлық білім мекемесіне таратылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдету» жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2024-2025 оқу жылында облысымыздың 363 мектебін «TopIQ» білім беру web-платформасымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Әлеуметтік әмиян» арқылы мектептерде ыстық тамақпен тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұсыну жөніндегі жобаны іске асыруға жауапты тұлғалар бекітілді. «Ұлттық білім беру деректер базасы» ақпараттық жүйесіне әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары туралы мәліметтер енгізілді. Сонымен қатар, облыстағы 192 мектеп «Бизнес-әмиянға» қосылатын болады. 2024 жылғы 2 желтоқсаннан бастап Қонаев қаласының мектептерінде «Бизнес-әмиянды» пайдалану бойынша оқыту басталды. Оқыту «Қазақтелеком» АҚ өкілдері мен облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мамандарының қатысуымен өткізілуде.
Бүгінгі таңда облыстағы 433 мектептің 432-сі интернет желісіне қосылған. «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында 2024 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен кең жолақты интернет желісіне қосылуға 609 млн теңге бөлінген. Ал жергілікті бюджет есебінен 73 мектепті «Starlink» спутниктік технологияларына қосу үшін 131,2 млн теңге қарастырылған болатын. Бүгінгі күнге дейін 67 мектепке «Starlink» интернеті орнатылды. Сондай-ақ білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өңірлік жұмыс жоспары құрылып, полиция департаментіне ұсынылды. Аталған жоспарға сәйкес былтыр 48 мектептің бейнебақылау камераларын жаңартуға облыстық бюджеттен 188 млн теңге бөлінді. Облыстың білім беру ұйымдарында 14 869 цифрлық және 12 122 аналогтық бейнебақылау камерасы орнатылған. 371 білім беру мекемесі жедел басқару орталықтарына және полиция басқармаларының кезекші бөлімдеріне қосылған. Террористік тұрғыдан осал нысандарға жататын білім беру ұйымдарына дабыл түймесі орнатылған.
Балалардың жол-көлік апаттарынан жарақаттануының алдын алу, жазғы демалыс кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Осы орайда ТЖД және ПД аумақтық бөлімшелері, білім беру бөлімдері, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар бірлесіп, түсіндіру жұмысын жүргізетін болады.
Облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен суицидтің, басқа да келеңсіз жағдайлардың орын алу себебін жедел анықтап, психологиялық кеңес көрсететін жұмыс тобы құрылған. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында облыстық білім басқармасы тарапынан ұсынылған «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Дағдарысты басқару» жобаларын іске асыру мақсатында полиция департаментімен, өңірлік бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен бірлескен жол картасы бекітіліп, «Жанұя отбасын қолдау» қоғамдық бірлестігімен меморандум жасалды. Меморандумға сәйкес, жастардың өзін-өзі тәрбиелеуі мен құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнде аудан-қалаларда «Балалардың психологиялық-эмоционалдық жағдайын диагностикалау жүйесі» бойынша және «тәуекел топтағы» балаларды анықтау мақсатында педагог-психологтар және медицина қызметкерлері тарапынан 7-11-сынып оқушылары арасында сауалнама, тестік жұмыстар ұйымдастырылып, жүргізілген зерттеулер қорытындысы бойынша «қатер тобындағы» жасөспірімдермен педагог-психологтар тиісті жұмыстар жүргізуде. Ал дарынды балалармен жұмыстың нәтижесін төмендегі мәліметтер көрсетеді. Өткен жыл ішінде 200 оқушы республикалық, халықаралық олимпиада, жарыстар жеңімпазы атанды. 2023-2024 оқу жылында Ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасында облыс командасы 2-орынға шықса, 2024-2025 оқу жылында 1-орынға шықты. Халықаралық деңгейде 2 оқушы жүлдегер атанды.
Бейбіт МЕКЕЕВ