Қонаев қаласындағы мәдениет үйінде аймақтық экологиялық жағдайын жақсарту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған жол картасының орындалу барысы жөнінде есеп беру жиыны өтті. Отырысты ашқан облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов жол картасының орындалу барысы бойынша жарты жылда атқарылған істерді саралау мақсатында жиналып отырғандарын жеткізді.
Жиынға блыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайберген мен бірқатар басқарма басшылары, орынбасар аудан әкімдері мен мемлекеттік қызметкерлер және қоғамдық ұйым өкілдері қтасты.Кездесуде облысымыздағы өзекті экологиялық мәселелер көтерілді. Жол картасында қарастырылған көмірді пайдаланатын кәсіпорындардың зиянын азайту, жаңғырту жұмыстары бойынша «АлЭС» АҚ №3 Жылу электр орталығын өндірістік-техникалық бөлім басшысы Мұрат Олжабаев баяндады. Ол қазіргі таңда көмірді пайдаланатын жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындарды газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, был құрылысын жүргізу, 2026 жылы аяқтау жоспарланып отырғанын айтты.
Көмір пайдаланатын жеке тұрғын үйлердің қалдығын азайту, Алматы қаласына жақын орналасқан Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле аудандарының қазандықтарын, тұрғын алаптарын, әлеуметтік, өндірістік және өзге де нысандарын газ отынына кезең-кезеңімен ауыстыру бойынша облыстық энергетика және сумен қамту басқарма басшысының орынбасары – Ракеш Байжұматов баяндады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда облыста 1,18 млн адам газға қол жеткізген. Өткен жылдың соңына дейін өңірді газдандыру пайызын 52,8% – ға дейін артып, жаңадан 150 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қалған 134 елді мекен «Алматы облысын 2030 жылға дейін газдандырудың өңірлік схемасына» сәйкес газдандырылатын болады.
Жол картасында қарастырылған көгалдандыру жайы бойынша да есеп сұралды. Өткен жылы облысымыз бойынша 50 мың түп ағаш егілген. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы -Бауыржан Османың сөзінше, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қонаев қаласындағы саябақтарға, ескерткіштердің маңына, көше бойына 70 мың гүл егілген.
Су ресурстарын реттеу жайына да ерекше назар аударылды. Бұл ретте су қоймасының ресурстарын пайдалану, жағалау белдеуін санитарлық тазарту, аймақта су басу жағдайын болдырмау туралы жан-жақты сөз етілді. Әсіресе «Сорбұлақ» қалдық суының кері әсерін және экологиялық қауіптілігін төмендету жайлы талқыланды.Қонаев қаласының Қапшағай су қоймасының меншік иесін анықтау, су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жайы да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, жол картасында айқындалған қалдықтарды басқару, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын, өндіріс және тұтыну қалдықтарын уақытша сақтау орындарын қолданыстағы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарына шағын және орта бизнес субьектілерін тарту мәселелері қаралды.
Бұл ретте Қонаев қаласына 400 қоқыс жәшігі қойылған. Қазіргі таңдағы үлкен мәселе – қоқыс өңдейтін орындардың санын көбейту. Бірақ кәсіпкерлердің бұл істі ашуына бірқатар кедергілер бар. Дегемен өткен жылдан бастап облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін заманауи зауыттардың құрлысы басталды. Бұл қоқыс мәселесін шешуге оң әсер етеді.
Жиын барысында сөз алған бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері күл-қоқысты бөліп тастауға дағдылану керектігін,Қонаев қаласындағы кәріз жүйесін, кәріз желілері мен тазарту құрылымдарын, құрылғыларын қайта жаңғырту жұмысын жандандыру қажетін ортаға салды. Жиынды қортындылған облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов басқармалар мен жергілікті әкімдіктерді Жол картасында қарастырылған түйіндерге баса назар аударуға шақырды.
Ерзат АСЫЛ,
Қонаев қаласы