Талғар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер мектебінде қазақ батыры Қарақұл Татанұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен дәстүрлі республикалық ашық турнир өтті.
Екі күнге созылған бәсекеде үміттерін үкілеп келген 200-ге тарта жас балуан өз өңірлерінің мерейін үстем ету үшін бозкілем үстінде аянбай айқасып, өнерлерін ортаға салды. Жарыс жеңімпаздары Қазақстан чемпионатына берілетін жолдамаға ие болатындықтан, белдесу өте тартысты өтіп, көрермендерді тартымдылығымен де тәнті етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің мақсаты – еркін күреске бейімі бар балалардың шеберлігін шыңдап, олардың арасынан болашақта ел намысын қорғайтын балуандар тәрбиелеу.
– Қарақұл батыр – әулие, абыз Әлмерек батырдың інісі, Райымбек батырдың ағасы болып келеді. Бабамыздың ұлт азаттығы жолында көрсеткен ерлігі мен елдік істерін бүгінгі жастарға насихаттап, олардың бойында отансүйгіштік сезім қалыптасып, одан әрі дамуына сеп болсын деген ниетпен баба ұрпақтары осындай игі шараларды қолға алып келе жатыр, – деді жарысты ұйымдастырушы Жанболат Қайыңбаев.
Турнирде 38 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ширақ та шапшаң қимылдарымен ерекше көзге түсіп, финалға дейінгі барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген Әли Имран жанкүйерлерін сүйсінтті. Ол финалдық бәсекеде қарсыласы Темірлан Кенжеқарайдан басым түсіп, бас жүлдені иемденді.
– Мен осыдан екі жыл бұрын Жезқазған қаласында өткен республикалық жарыстың чемпионы болдым. Бүгінгі бәсеке де дәл сондай жоғары деңгейде өтіп жатыр. Сондықтан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Себебі осындай жарыстар көп болса, жас балуандар шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинайды, – деді Әли Имран.
Жарыс қорытындысы бойынша, 35 келі салмақта Исмайыл Сафаров, 44 келіде Асанәлі Алмабек топ жарды. Сондай-ақ Расул Ерболатұлы, Тимур Досымбек, Диас Дінмұхамед, Мирас Құмарбек, Иман Айвазов және Хақан Омаров сынды жас балуандар да өз салмақтарында өзгелерден оза күресіп, жарыс жеңімпазы атанды және жасөспірімдер арасында өтетін республикалық чемпионаттың жолдамасын олжалады.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы