Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған еді. Соған сәйкес саяси реформа аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылғалы үш жылдың жүзі болды. Баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметін атқаруда. Бұл демократиялық үрдіс жалғасын тауып, жаңа қадам – аудан әкімдері де сайлана бастады. Өткен жылғы қарашада қанатқақты жоба ретінде елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін халық өзі тікелей сайлады. Сонда Алматы облысында бұл үрдісті екі өңір бастаған. Соның бірі – Жамбыл ауданы. Аудан әкімі Нұрлан Ертаспен сұхбат сайланған әкім басқарған аумақтың тыныс-тіршілігі жайында өрбіді.
– Нұрлан Ертасұлы, елімізде енгізілген жаңа жүйе бойынша аудан тізгінін ұстағаныңызға бір жылдан асты. Сайланған мен тағайындалған әкімнің айырмашылығы неде?
– Бұл өзгерісті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуының бір көрінісі десек болады.
Айырмашылық дегенде, ең алдымен, бұл үлкен жауапкершілік дер едім. Себебі халық алдында атқарылған жұмыстың есебін беру жөніндегі Президент тапсырмасына сәйкес, біз жылына бір емес, бірнеше мәрте ауыл-ауылды аралай жүріп, тұрғындармен арнайы кездесеміз. Есеп беру жиындарында олар өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін білдіріп қана қоймай, көңілі толмағанды ашық айтады. Керек десеңіз, талап қояды. Осындай кездері әкімге жүктелген жауапкершілік жүгінің салмағы сезілері өз алдына, халық сайлағаннан кейін еселене түскенін анық байқадым. Өйткені халық сенімі бәрінен маңызды.
Сайлауға түсерде көп ойланып-толғанған едім. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 20 жылға жуықтады және соның көпшілігін осы ауданда атқарыппын. Бұл жердің бүткіл тыныс-тіршілігі маған жақсы таныс әрі өзімнің туып-өскен жерім. Ауданға 2021 жылы әкім болып тағайындалғанмын, оған дейін ең төменгі лауазымнан бастап әкімшілік істің біраз сатысынан өттім, яғни азды-көпті тәжірибем бар. Сол кезде неге бағымды сынап көрмеске деген ой қылаң берді. Тұрғындардың маған қаншалықты сенетінін де білгім келді. Нәтижесінде халық басым дауыспен сенім артты, енді мойнымда қалайда сол сенімді ақтап шығуым керек деген үлкен жауапкершілік бар.
– Сайланғаннан кейінгі бір жылда ауданның қоғамдық-саяси өмірінде қандай өзгеріс болды?
– Ауданда үш жылдан астам уақыттан бері тұрғындар өздері ауыл әкімдерін сайлап келеді. Яғни қай ауылдық округ әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталса, сол орын үшін сайлау ұйымдастырылып, бірнеше кандидаттың ішінен басым дауысқа ие болғаны қызмет тізгінін ұстайды. Былтырдың өзінде бірнеше ауылдық округ әкімінің сайлауы өткізілді. Биыл да жалғаса береді. 2023 жылы да аудан әкімін солай өздері таңдаған. Келешекте облыс әкімін де сайламақ, мұның бәрі – соның алғышарты.
Әрине, бір жылдың ішінде барлығын істеп тастадым деп айта алмаймын. Дегенмен Жамбыл ауданы өсіп-өркендей түсуде. Қай салада болсын, ауыз толтырып айтар іс баршылық. Алда атқарылатын шаруа одан да көп. Бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Соны уақытылы және сапалы орындау – басты міндетіміз. Инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде үлкен жұмыс атқарылды. Өйткені даму жоспарын орындау үшін алдымен инфрақұрылым болуы шарт. Елдімекендерді ауызсумен, жарықпен, жолмен, табиғи газбен қамту жүйелі түрде жалғасуда.
Маңызды саяси оқиға – елімізде АЭС салуға байланысты былтыр күзде өткізілген Жалпыхалықтық референдум. Мұндай станса біздегі Үлкен ауылында салынбақ. Осыған орай аудан орталығынан 380 шақырым алыста жатқан ауылда да тұрақты кездесулер өткізіп тұрамын. Олар АЭС-ті салудың маңызын түсініп, қолдап отыр.
– Жамбыл ауданында сайлаушылардың белсенділігі жоғары ма?
– Бұған дейінгі сайлаулар көрсеткендей, аудан халқының белсенділігі жоғары. Мәселен, өзім түскен саяси додада дауыс беру құқығы бар тұрғындардың басым бөлігі сайлауға қатысып, өзі қалаған кандидатқа дауыс берді. Бұл тұрғындардың ауданның дамуына немқұрайды қарамайтынын көрсетеді. Жалпы, азаматтық қоғам белсенді болмай, мемлекет мықты болмайды. Қандай да бір өзгерістердің болуы өзімізге байланысты. Біреу келіп өзгертсін деп отыра берсек, даму тежеледі. Сондықтан қоғам болып өзгеріске талпынушылықты қолдаймын. Мен бұл орайда әлеуметтік, экономикалық, саяси жағынан болсын, өркениетті түрде өркендеуге деген талпынысты айтып отырмын. Қазір азаматтық қоғамның белсенділігі өте жоғары. Халық саяси жағынан сауатты және барлық ақпарат көзі қолжетімді. Сайланған әкімдер оң бастамалар мен нәтижеге қол жеткізеді деген сенімдемін. Себебі елімізде демократиялық бағыттағы реформалар рет-ретімен жүргізіліп жатыр. Ел Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында айтқанындай, бұл – үлкен ілгерілеу. Мұны саяси үдерістің демократияланып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің артқаны деп түсінуіміз керек.
– Халық санын айтып қалдыңыз ғой, демографиялық жағдай қалай өзгеруде? Осыған орай мектеппен, өзге де қажеттілікпен қамтуда қандай қиындық бар?
– «Елге ел қосылса – құт» демекші, көшіп келушілер көбейіп жатыр. Оның ішінде шетелден ат арытып келген қандастарымыз да, өзге өңірлерден жайлы жер іздегендер де бар. Бұл үрдіс табиғи өсімге де оң әсерін тигізді. Жылына 4 жарым мыңдай сәби дүниеге келеді. Бұған қуанамыз, әрине. Кейінгі 20 жыл көлемінде ауданда халық саны шамамен екі есе артты десем, қателесе қоймаспын. Әсіресе аудан орталығы мен соған жақын ауылдардың іргесі айтарлықтай кеңейіп, жаңа көшелер мен шағынаудандар пайда болды. Осыған байланысты жол, электр қуаты, ауызсу, байланыс, табиғи газ сияқты игіліктерге деген сұраныс күрт артты. Мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарда орын жетіспеуде. Барлық мәселені бірден шешіп тастау мүмкін емес, дегенмен рет-ретімен, жөн-жосығына қарай аталған қажеттіліктер біртіндеп өтеліп жатыр. Бұған мемлекет тарапынан жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, жұмыс жүйелі түрде істелуде және бюджеттен қарастырылған қаржы көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді.
Сөзімді нақты сандармен сабақтар болсам, Жамбыл ауданы халқының саны қазіргі таңда 169350 адам деп көрсетілген. Оның ішінде мектеп жасындағы балалар – 38115. Білім саласы бойынша ең өзекті мәселенің бірі – үшауысымды мектептерді жою. Бұл мақсатта 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Ауданда үшауысымды мектептер саны 9-ға жеткен болатын. Соңғы екі жылда Ұзынағаш ауылында 1500 орынды, Көкдала ауылында 110 орынды мектеп пайдалануға беріліп, нәтижесінде үш ауысымда оқитын мектеп 9-дан 7-ге азайды. Жаңағы айтылған 2 жыл ішінде салынатын 7 мектепке келсек, үшеуінің құрылысы басталған, оған жұмсалып жатқан қаржы көлемі – 14,9 млрд теңге. Атай кетсек, олар Ұзынағаш, Қарғалы және Сарыбай би ауылдарында. Сол үш мектеп осы оқу жылының ішінде пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
– Денсаулық сақтау – халық үшін ең маңызды саланың бірі. Осы орайда ауданда медициналық қызметтің сапасын жақсартудың қандай шаралары жасалуда?
– Аудан аумағында 58 медициналық мекеме бар. Тарқатып айтсақ, 2 аудандық аурухана, 3 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 22 дәрігерлік амбулатория және 11 фельдшерлік-акушерлік қосын, 19 мемлекеттік және бір жекеменшік медициналық қосын халыққа қызмет көрсетеді. Мұндағы басты мәселе – ғимараттарының ескіруі және тарлығы.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 16 денсаулық сақтау мекемесін салу жоспарланған. Оның ішінде 882,4 млн теңгеге Айдарлы, Жайсаң, Ақтерек, Еңбекшіарал, Шиен ауылдарының дәрігерлік амбулаториясының құрылысы жүргізілуде. Үлкен ауылының дәрігерлік амбулаториясының құрылысына 129,1 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге Ұзынағаш ауылында жалпы құны 3 млрд 211 млн теңгені құрайтын, бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана құрылысы және жалпы құны 333 млн теңгеге Мәтібұлақ ауылындағы ауылдық аурухананы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Адам денсаулығы ішетін суына тікелей байланысты. Сапалы ауызсумен қамтуда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Аудандағы 61 елдімекеннің 60-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген немесе 98,4 пайызды құрайды. Халық санының өсуіне байланысты 17 ауылда жаңа тұрғын үй массивтерінің саны артты. Бес елдімекеннің ауызсу жүйелерін жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына 4,5 млрд теңге және аудан орталығының кәріз жүйесін жаңғырту мен құрылысына бюджеттен 3 млрд теңге бағытталды. Сонымен бірге 7 елдімекеннің ауызсу жүйелерін жаңғырту және құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 224 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде аулаларды ауызсумен қамту деңгейін 87 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
– Өнеркәсіп, инвестиция тарту, жаңа жобалар туралы да айтсаңыз?
– Ауданда өнеркәсіптің үлес салмағы үлкен болмаса да, нарық талабына сәйкес жұмысын жүргізіп жатқандары жоқ емес. Ондай кәсіпорындар бірқатар ауылда өндірістік алаңдарын құрып, әртүрлі тауар өндіруде. Айталық, Қасымбек ауылында заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған, электр бұйымдарын шығаратын «ҚазТек» зауыты, жылына миллиондаған дана жұмыртқа өндіретін «АлматыСұңқарҚұс» фабрикасы бар. Үңгіртас елдімекенінде пластикалық құбырлар шығаратын «ПластИнвест» зауыты, Қарғалыда «Алматы конфеттері» фабрикасы жұмыс істейді. Кейінгі жылдары сусын шығаратын, ірімшік қайнататын кәсіпорын іске қосылып, жеңіл өнеркәсіп саласында екі тігін цехы жұмысын жолға қойды.
Әйтсе де, Алматы іргесіндегі өнеркәсібі өркендеген көршілес аудандармен салыстырғанда бізде бұл сала қатты кенжелеп қалғандықтан, алда осы бағытта үлкен жұмыс атқаруымыз қажет. Қазір сол үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ауқымды жоспарлардың сұлбасы құралып, алдағы өркендеу көкжиегіне үмітпен қараудамыз. Кәсіпкерлердің алды өндірістік базаларын орналастыруға ыңғайлы жер телімін алып, құрылысын бастауға қолдарын ысқылап отыр. Жалпы құны 366,3 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны 2027 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланды. Нәтижесінде 7080 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Бұлар – екі құс фабрикасы, алтын өндіретін, темір, тас өңдейтін, цемент, органикалық және минералдық тыңайтқыштар мен жемшөп қоспаларын шығаратын зауыттар.
– Өңірде мал шаруашылығын заман талабына сай дамыту үшін қандай бағыттарды ұстанған дұрыс деп есептейсіз?
– Иә, Жамбыл ауданы бұрыннан ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өсіру бағытын ұстанған. Малдың саны бойынша облыста көш басында тұр. Қазір ауданда бір жарым миллионға жуық мал басы бар. Енді малдың санын емес, сапасын арттыру маңызды орынға шықты. Сол себепті мал басын тұрақты сақтай отырып, тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс атқаруға қатты мән берудеміз. Етті, жүнді бағыттағы қой өсіретін, етті, сүтті бағыттағы ірі қара ұстайтын асыл тұқымды шаруашылықтар бар. Алайда малдың көбеюіне байланысты жайылым тапшылығы қатты сезілуде. Бұрынғы кеңшар, ұжымшар кезінде де мал аз болмаған. Бірақ ол кезде төрт түлік елдімекеннен алыста күздеу мен қыстауда, жазда жайлауда бағылатын. Қазір малдың басым көпшілігі жеке адамдардың қолында. Ауылдың ішінде отырып ауласынан жүздеп қой өргізетіндер көбейген. Оларды да жайылыммен қамтамасыз ету керек. Мәселен, 61 елдімекендегі малды ортақ жайылыммен түгел қамтамасыз ету үшін 113 мың гектардан астам жер керек. Бүгінгі күнге 45 мың гектардан астам жермен қамтамасыз еттік. Мал саны өзгермелі ғой, алда қажетті жайылым көлемі бұдан да артуы мүмкін.
– Ортақ жайылым мәселесі қалай шешілуде? Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу ісінің барысы қалай?
– Аудандағы 1 млн 931 мың гектар жердің 1 млн 561 мың гектары – ауыл шаруашылығына арналған жерлер, оның ішінде 91 пайыздан астамы жайылымдық жердің үлесінде. Жаңағы сөзімді нақтылай кетсем, халықтың жайылымдық жерлерге деген мұқтаждығын шешу мақсатында жалпы көлемі 45340 гектар жер учаскелері 61 елдімекенге ортақ жайылымдық жер ретінде тұрақты пайдалануға берілген. Бұл жеткіліксіз болғандықтан, енді қайтарып алынған телімдердің есебінен де толықтырып жатырмыз.
Ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырманы орындау мақсатында 2023 жылы 40100 гектар жер қайтарылды, ал жоспарымыз 20 000 гектар болатын. Былтырғы жоспар да асыра орындалды. Яғни 7 мың гектар жерді қайтару көзделген болатын. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жалпы көлемі 31822 гектарды құрайтын 52 субъектіге тиесілі пайдаланылмайтын ауылшаруашылық жерлері анықталып, соның 10253 гектары ауданның жер қорына қайтарылды. Жалпы, бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда.
Кейін әлдебір түсінбеушілік, тіпті талас болмауы үшін қайтарылған ортақ жайылымды округ әкімдіктерінің теңгеріміне бекітіп берудеміз. Ауданда 24 ауылдық округ бар. Кейбір ауылдың төңірегінде жайылымдық жер мүлдем жоқ. Ондай елдімекендерге шалғайдан ұсынылады. Өйткені қайтарылған жерлердің көбі – шалғайдағы мал жайылымдары. Ал егістік жерлерді өз мақсатында пайдалану талабын үнемі түсіндіреміз.
– Өңдеу өнеркәсібін дамыту қалай жүзеге асуда?
– Шынын айтқанда, қазір мал шаруашылығы тек ет өндіруге ғана жұмыс істеп жатыр. Бұрындары қойдың жүні, терісі пайдаға асатын. Қазір жүн мен тері кәдеге жаратылмай, сутегін бағаға өтеді, кейде соқыр тиынға да керексіз болып қоқысқа тасталады. Бұрын жіп иіріп, мата өндіретін «Қарғалы» атты ірі шұға комбинаты бар еді, 1990 жылдардың соңында құрдымға кетті. Ондай үлкен болмаса да, жүн мен теріні өңдейтін кәсіпорын ашылса деген жұртшылық көкейінде көптен бергі арман бар. Осындай мақсатта облыс әкімінің бастамасымен Қытай елімен келісімдер жүргізілу үстінде. Арнайы комиссия құрамында өзім де Қытайдың заманауи зауыт-фабрикаларының жұмысымен танысып қайттым. Ондағы құндыз шаруашылығы бұл аңды өсіріп қана қоймайды, терісін өңдеп, одан дайын тон тігеді екен. Сол зауыт жетекшілерімен тығыз қарым-қатынас орнату, сондай бір өңдеу орнын біздің ауданда да ашу жөнінде сөйлестік. Ұсынысымызға олар да қызығушылық танытты, бірақ қажетті көлемдегі сапалы жүнмен қамтамасыз етуге қаншалықты дайын екенімізді сұрады. Осы тұста ұятты екенімізді мойындауға тура келеді. Салыстырар болсақ, кеңестік кезеңде жүннің сапасы өте жоғары болатын, ауданда тек биязы жүнді қой өсірілетін. Ол сапаны 1990 жылдардағы жаппай жекешелендіруден кейін жоғалтып алдық. Қойдың қазір 80 пайызы будан, яғни жүнінің сапасы өте төмен. Егер қытайлықтар жүнді жоғары бағамен сатып алатын болса, бірте-бірте бұрынғы сапаға қайта қол жеткізуге мүмкіндігіміз барын айттық. Оған біздің шаруалар да мүдделі.
Қасымбек ауылы маңында заманауи ет комбинаты ашылған болатын. Өндірістік қуаттылығы 8 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы. Онда күніне мың бас ұсақ мал, 120 бас ірі қара союға мүмкіндік бар. Бірақ толық қуатында жұмыс істеуі малды қандай бағамен қабылдайтынына байланысты болып тұр. Жұмысын ұйымдастыруда қазір қиындық бар. Демалыс күндері Ұзынағашта мал базары жұмыс істейді. Ол еліміздегі, тіпті Орталық Азиядағы ең ірі мал базары саналады. Тұрғындар малын ет комбинатына апарғанша, базарда тірідей сатқанды қолайлы көреді. Мұнда да түсіндіру жұмысын жүргізіп, аталған комбинатқа тапсырылған еттің әр келісіне мемлекет демеуқаржы беретінін айтамыз. Алайда көпшілігі субсидияға құжат рәсімдеуді, төленетін қаражатты күтуді қиынсынады.
2024 жылдың басында Ұзынағаш ауылында сүт өңдейтін цех ашылған. Онда тәулігіне 6 тоннаға дейін сүт қабылдап, одан 600 келі ірімшік, 30 келі сары май шығаруға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар орнатылған. Сол сияқты Сарыбай би ауылында екі жылдан бері сусын зауыты жұмыс істейді. Онда маусымдық кезеңде алмадан шырын шығарылады. Бұйырса, көкөніс қалбырлау цехы ашылмақ. Осылайша бұрыннан мыңғыртып мал өсіру мен егін егуге маманданған аудан ұқсату өнеркәсібін өрістетуге де бейімделе бастады. Сондай кәсіпорындар құруға ықпал етуіміз қажет.
– Халыққа қолжетімді баспана ұсынудың қандай тетіктері іске қосылуда?
– Расымен де, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Барлық санаттағы тұрғындарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Ұзынағаш ауылында жалпы құны 8,2 млрд теңгені құрайтын 5 қабатты 10 несиелік тұрғын үй салынуда, онда 480 пәтер бар.
Тұрғын үй кезегінде 3 975 адам тұрғанын ескерсек, 2025-2027 жылдарға қосымша тағы да көпқабатты 5 тұрғын үй салу қажет. Бұл ретте, білім, денсаулық сақтау салаларында қызмет ететін мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 34,3 млн теңге бөлінді. Былтыр халықтың әлеуметтік осал топтары отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 42 тұрғын үйді сатып алуға 1 млрд 63 млн теңге бөлінді. Былтыр қазан айында 6 елдімекенде тұратын баспана кезегіндегі 10 отбасыға Ұзынағаш ауылынан сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлердің кілті табысталды. Көпқабатты үйлердің алды қолданысқа беруге дайын, тек инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жұмыстарының аяқталуын күтіп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Серік Сатыбалдиев