Нарынқолдың кіре берісінде өзгелерден ерекше сауда нүктесі жұмыс істейді. «Әлижан» аталатын бұл дүкеннің тұтынушыларға қызмет көрсетудегі атқарып отырған жұмысы заман талабына толығымен жауап береді. Сондықтан мұнда келушілердің саны сағат санап арта түсуде.
Бұлай деуімізге сауда орнындағы халық тұтынатын тауарлардың шексіздігі және қажетті дүниелердің дүкен сөрелерінен молынан табылуы негіз болады. Және олар бүгінгі уақыттың сұранысын толығымен қанағаттандыра алады. Аудан тұрғындары өздеріне қажетті дүниені осы жерден табады. Мұнда халық тұтынатын тауардың түрлері де сан алуан. Заман талабына бейімделіп жасалынған сан түрлі ойыншық, шар, мерекелік безендіруге, тойбастарға арналған заттар, зергерлік, сәндік бұйымдар, кеңселік, электрлік, спорттық, косметикалық тауарлар, оқу құралдарымен қатар күнделікті тұрмысқа қажетті 1001 ұсақ-түйектің бәрі бар. Сонымен қатар құжаттық фотосуреттер де осы дүкенде дайындалады. Мұнда келушілердің қарасы үзілмейтіні сондықтан.
Аталған сауда орнының иелері – Серікжан Базарқұлов пен Іңкәр Бекдәулет ерлі-зайыпты жандар. Бірі – ұстаз, екіншісі – медбике. Олардың саудамен айналысуына отбасында үшінші болып дүниеге келген Әлижанның күтімімен үйде отырған Іңкәр себепші болады. Ол уақытын теке өткізбей, азын аулақ кірісті пайдалы кәсіпке жұмсауға бел буады. Жас нәрестеге тиетін ай сайынғы 15 мың теңге жәрдемақыға қаладан шарлар алдырып, тұрақты саудаға айналдырады. Шардан түскен тиын-тебен мен тауардың көлемін аздан-аздан ұлғайта береді. Түскен қаражатты орынсыз шығындамай, принтер сатып алады. Аталған қондырғымен жоғары сынып оқушыларының рефераттарын шығарады. Жаратылыстану, гуманитарлық бағыттағы пәндерге арналған көрнекіліктерге тапсырыс алып, дер кезінде орындауды тұрақты жолға қояды. Сабақ үдерісіне сай түрлі-түсті көрнекі құралдар ұстаздардың сұранысына кеңінен ие болады. Осылайша ұсақ-түйектен басталған сауда бірте-бірте тапсырыспен жұмыс істейтін іргелі кәсіпке айналады. Отырған орындары да тарлық ете бастаған соң, ерлі-зайыптылар ақылдаса келе дүкен ашуды жөн санайды. Қолдағы осыған дейін жиналған ақшамен бұрыннан бар қорды біріктіріп, Нарынқолдың кіре берісіндегі екі қабатты, екі отбасыға арналған үйдің біреуін сатып алады. Үйге жапсарластырып, шағын дүкен ашады. Шын талаптанса, ерінбей-жалықпай еңбектенсе, жатпай-тұрмай ізденсе, орындалмас арман, қол жетпес мақсат болмайтыны анық. Бұған Серікжан мен Іңкәрдің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара, береке-бірлікке құрылған жоспары, тиісті нәтижесін берген жұмысы дәлел. Осылайша 2018 жылы басталған шағын кәсіп арадағы 5-6 жыл ауанында іргелі іске айналып отырған жайы бар.
– Нәтижеге қол жеткізу көп ізденісті, жаңашылдықты, заманауи ақпараттық технологияны бес саусақтай білуді, бейімделуді талап етеді. Бұл тұста компьютер мен әлеуметтік желінің кәсіпкер үшін көмегі ауадай қажет. Серікжан екеуміз саудамен айналыса жүріп, компьютерді жан-жақты меңгеруге барынша ден қойдық. Өз бетімізше іздендік. Көздеген мақсатқа жеткенімізше тыным тападық. Қазір соның жемісін көрудеміз, – дейді кәсіптің негізгі тізгінін ұстап отырған Іңкәр Бекдәулетқызы.
«Әлижан» дүкені бүгінде сауда нүктесі ғана емес, тапсырыс қабылдайтын әлеуеті зор мекеме іспетті. Аудан әкімдігінен бастап, ауылдық округ, білім, денсаулық, мәдениет саласы, ірілі-ұсақты еңбек орындары, қоғамдық ұйымдар «Әлижанмен» берік байланыс орнатқан. Қандай да бір үгіт-насихат құралдарын, мереке-мейрамдарға арналған көрнекіліктерді, грамоталар, мақтау қағаздарын қажет етушілер уақытты текке кетіріп, 300-400 шақырымға сабылмайды. Қажетті затқа осы жерден тапсырыс бере қояды. Қазір аудан орталығындағы, ауылдық жерлердегі кеңселерде, мекеме, ұйымдардың алдына, ішіне ілінген көлемді көрнекіліктердің бәрі де осы «Әлижанда» жасалынған дүниелер. Сапасы да көңілден шығарлық. Таулы өңірдің құбылмалы ауа райына төтеп беріп, кескін келбетін жоғалтпайды, ұзақ уақыт сақталады. Әрине, тапсырысты қанағаттандыру үшін соны жасап шығаратын арнайы құралдардың болуы қажет. Кәсіпкерлер мұның да оңтайлы жолын тапқан. Далаға, көше бойына ілінетін 3 метрлік, одан да жоғары көлемдегі көрнекіліктерді, билбордтарды жасайтын «NOVAGJET-750», «GRANDO» атты заманауи қондырғыларды өз ақшаларына сатып алып, іске жаратуда. Сондай-ақ, әр түрлі көрнекіліктердің де дизайнын өздері жасайды. Жұмыспен қамтып отырған 8 адам да кәсіби мамандар. Бұл қатарда мобилограф та, дизайнер де бар. Кейбіреулерін сұранысқа қажетті мамандыққа кәсіпкерлер өздері үйретеді. Осы ретте Құралай Әлғожа, Анар Болатқызы, Жібек Бейбітқызы, Мира Ерболатқызы, Өркен Абайұлы, Айман Серікқызы секілді жандардың өздерін жұмыспен қамтып, қамқорлық жасап отырған ерлі-зайыпты кәсіпкерлерге айтар алғысы шексіз.
Серікжан мен Іңкәр игі істерге атсалысып, демеушілік жасауды өздерінің азаматтық борышы санайды. Тегістік ауылындағы М. Мақатаев атындағы орта мектептен, осы білім ошағының түлегі, танымал айтыс ақыны, марқұм Оразалы Досбосыновқа арнап, өз қаражаттарымен музей ашты. Айтыскер ақынның абырой атағына сай жабдықталған музей қазіргі таңда ұлық өнерге талаптанып жүрген жас буынның, Оразалының талантына тәнті ел-жұрттың жиі бас қосатын қасиетті орнына айналған. Кәсіпкер жандар осы жерде жыл сайын өтетін О. Досбосынов оқуларына ұдайы демеушілік жасап, жас талапкерлердің талантын ұштауларына өз тараптарынан лайықты үлестерін қосуда. Сонымен қатар дүкенге тағы да үш бөлме жалғап, халыққа психологиялық, косметикалық, шаштараз қызметін көрсететін кәсіп ашушыларға қажетінше жағдай жасап отыр. Кәсіптің кілтін тапқан «Әлижан» дүкені иелерінің әлі талай биікті бағындырары анық.
Жұмабек ТҰРДИЕВ,
Райымбек ауданы