Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновпен облыстағы қоғамдық көлік жүйесінің жай-күйі туралы шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Нұржан Кеңесұлы, облыста қоғамдық көлікпен қамтылған елді мекендер саны қанша және қазіргі уақытта аймақта жұмыс істеп тұрған автобус бағыттарының жағдайы қандай?
– Облыста қоғамдық көлік қажет ететін 266 елдімекен құраса, олардың 223-і немесе 83,8 пайызы қоғамдық көлікпен қамтылған.
Бүгінде аталған көрсеткішке жету үшін 2023-2024 жылдары 31 облыстық және 32 қала маңы автобус бағыттары ашылды.
Сонымен қатар, тасымалдау сапасын арттыру мақсатында ауданішілік және қалалық автобус бағыттарына жолақының электронды төлем жүйесі орнатылды, облыстық тасымалдаушылар тарапынан 2023-2024 жылы 77 бірлік жаңа автобус алынды, 2025 жылы қосымша 33 автобус алу жоспарланып отыр.
– Жолаушы тасымалын субсидиялау қоғамдық көлік жүйесін дамуына қалай әсер етеді?
– Облыстық автобус бағыттарын субсидиялау 2022 жылы басталды. Аталған уақыттан бері облыстық әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының саны 29-дан 59-ға дейін ұлғайды.
Субсидияланатын барлық автобус бағыттары электрондық төлем жүйесімен қамтылды. Тасымалдаушылар тарапынан автобустарды жаңарту, сыйымдылығы үлкен автобустарды бағытқа шығару жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық көлікпен қамтылмаған елдімекендерге жаңа бағыттар ашу жұмыстары жүргізілді.
– 2025 жылы жолаушы тасымалдау саласында қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
– 2025 жылы Алматы қаласымен бірлесе 10 елді мекенді қоғамдық көлікпен қамтитын 10 қала маңы автобус бағытын ұйымдастыру жоспарланған. Биыл әлеуметтік маңызы бар 49 бағыт бойынша қоғамдық көлік шығаруға 3,6 млрд теңге бөлініп отыр.
Қоғамдық көліктегі басты мәселелердің бірі қауіпсіздік екенін естен шығармауымыз керек. Бұл бағытта да біраз жұмыс атқарылып жатыр.
Мәселен, 2024 жылы жолаушылар және ауыр жүк тасымалы заңнамасының талаптарын сақтау бойынша 22 бірлескен рейдтік іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 76 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Биылдан бастап жолаушылар көлігі мен мектеп тасымалын диспетчерлік басқару жүйесіне енгізуді ойластырып отырмыз.
Бұл қоғамдық көлік жұмысын оңтайландырып, тасымалдаушылар жұмысын дұрыс атқармаған жағдайда оларға айыппұл салуға, облыстағы қоғамдық көліктің жұмысы туралы ақпараттың Көлік министрлігіне автоматты түрде беріліп отыруына, жүргізушілер мен тасымалдаушылардың тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушыла тасымалын бақылау, жолаушылар қауіпсіздігін арттыру, жолаушыларды ақпараттандырудың цифрлық жүйелерін енгізу, бюджет қаражатын үнемдеуге оң ықпал етеді деп ойлаймыз.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Өз тілшіміз