Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІІ сессия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық департамент пен басқарма басшылары және онлайн режимде аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова сөз алып, облыста Жұмысшы мамандықтары жылын сапалы өткізу үшін атқарылатын жұмыстар жайлы хабардар етті. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 млрд теңге қарастырылатын болады. Атаулы жыл аясында Шамалған ауылындағы көпсалалы колледжі мен С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінде бейіндеу жұмысы жүргізіледі. Қонаев қаласында техникалық бағытта 600 орынды жатақханасымен 1250 орынды колледж салынады. Алдағы уақытта еңбек нарығындағы сұраныстарға байланысты «Гидротехникалық мелиорация», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе» мамандықтарын ашу жоспарлануда.
Келесі кезекте жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова өзі жетекшілік ететін басқарма тарапынан Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде жүзеге асырылатын жұмыстарды таныстырды.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бірінші кезекте қысқа мерзімді курс бойынша 600 адамды білім беру ұйымдарында, 100 адамды жұмыс беруші мекемелерде оқыту көзделуде. Оған 320,4 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар «Enbek.kz» жүйесінде «Бастау Бизнес» жобасымен 3110 жұмыссызды және кәсіпкерліктің қажетті дағдыларына 2260 адамды онлайн оқыту жоспарланып отыр. Мектеп бітіруші түлектерге «Электрондық еңбек биржасы» порталында тестілеу арқылы мансап орталығының мамандары әр аудан мен қаладағы мектептер мен колледждерді аралап бағдарлау жүргізеді. Облыс бойынша 11 қызметкер осы жұмысқа жауапты болады. 16 ірі, 60 шағын және онлайн бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу жоспарда бар. Қыркүйек айында «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша «Еңбек жолы» байқауы өтеді. Өтінім қабылдау наурыз-сәуір айларында Еңбек министрлігінің тапсырмасына сәйкес басталады. Депутаттар «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы» туралы жасалған баяндамалардың назарға алынуын қолдап дауыс берген соң, сөз кезегі білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұловаға берілді.
– Облыста 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 93,7 пайыз. Күрделі болып отырған мәселе – мектепке дейінгі тәрбие беруде жаңа орындар ашу. Цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп биометриялық жүйені енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда «QR» жүйесіне мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар 100 пайыз, жекеменшік ұйымдар 97,5 пайыз өтті. 2023 жылы 26 жайлы мектептің құрылысы басталып, былтыр 9 мектеп есігін айқара ашты. Сонымен қатар инвесторлар тарту арқылы 4 білім шаңырағының құрылысы жүргізіліп, 3 мектеп қолданысқа берілді, – деген басқарма басшысының орынбасары білім ордаларын күрделі жөндеу, оқушыларды ыстық тамақпен қамту, педагогтердің біліктілігін арттыру және тағы басқа мәселелерге кеңінен тоқталды.
Әрі қарай жалғасқан сессия отырысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыс бойынша іс-шаралар жоспары мен облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдары бекітілді. Сондай-ақ Алматы облысы тексеру комиссиясының мүшесі Асқар Қадірұлының басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босатуға шешім қабылданды.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев отырыста бірқатар маңызды мәселе көтерілгенін атап өтіп, өңірде жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған жұмыстарды бірлесе атқару қажеттігіне депутаттардың назарын аударды.
– Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы балалар мен мектеп оқушыларына сапалы білім беру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Облыста үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептерді жою арқылы жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру жөнінде тиісті шаралар қабылдануда. Бұл өз кезегінде үшауысымды мектептер санын 52-ден 33-ке дейін түсіруге мүмкіндік берді. Бүгінде мектеп асханасының оқушыларды сапалы тамақпен қамтуы өзекті мәселеге айналды. Былтыр қыркүйек айында Маңғыстау облысында 400-ден астам оқушы уланғаны бәрімізге белгілі. Күні кеше осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да тіркелді. «Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы» демекші, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін мектеп асханасының жұмысын назардан тыс қалдыруға болмайды. Осы тұста мәслихат депутаттары жергілікті қоғамдастық мүшелерімен бірігіп, мектептердегі тамақ сапасының сақталуына мән беруі тиіс деп санаймын.
Былтыр әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жалпы 2500-ден астам ақпарат жарияланды. Бүгінде телеграмм-ботқа түскен 538 өтініштің 413-і орындалып, 122-сі қайтарылған, 3 өтініш орындалу үстінде. Алдағы уақытта экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының іс-қимыл жоспарына сәйкес экологиялық жауапкершіліктің жоғары деңгейін қалыптастырып, тұрғындарды тарту қажет. Осы орайда депутаттар өз округтерінде ақпараттық науқандар ұйымдастырып, тұрғындардың экологиялық белсенділігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Қонаев қаласының орталық саябағына Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру – жазушының қазақ әдебиетіне қосқан үлесін дәріптеуге арналған маңызды қадам. Сондай-ақ биыл көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған маңызды оқиғаны кең көлемде мерекелеу қажеттігін атап өткен. Сондықтан композитордың есімін ұлықтап, шығармаларын дәріптейтін түрлі іс-шаралар мен жобаларды бірлесе ұйымдастыруымыз қажет. Бүгінгі отырыста өңірдің әрі қарай дамуына ықпал ететін негізгі мәселелер талқыланды. Алдағы уақытта осы жұмыстарды бірлесе атқарып, алға қойылған жоспарларды жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етуіміз қажет, – деп сөзін аяқтады Марат Елеусізұлы.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ