Сейсенбі күні Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ бірқатар аймақтың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер сараланып, алда атқарылатын мақсат-міндеттер айқындалды. Жиын барысында Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма беріп, жүзеге асуға тиіс жұмыстардың басты бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім және ғылым саласын одан әрі дамытуға арналған кешенді жоспарларды жүйелеп отырудың тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар бюджет қаражатын маңызды шараларға ғана жұмсау қажеттігіне назар аударды.
«Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және, ең бастысы, сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі таңда экономиканы өркендету үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Былтыр елімізде өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Сондықтан танымал шетелдік компаниялардың отандық өндірісті алға жылжытудағы қадамдарын барынша қолдап, олардың кідіріссіз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау керек. Үкімет отырысында Президент осы мәселеге ерекше мән берді.
«Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт.
Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті», – деді Мемлекет басшысы.
Әлем елдері туризмнің жандануына баса көңіл бөліп келеді. Өйткені бұл сала мемлекеттің дамуына айтарлықтай үлес қосады. Қазақстанда да көздің жауын алатын жер жауһарлары аз емес. Тек оны тамашалайтын туристер саны ойдағыдай болмай тұр. Аталған саланы дамытуға мүдделі болып отырған инвесторларды көбірек тарту – кезек күттірмейтін мәселе. Сонда ғана туризм бизнесінің алға басатынын Мемлекет басшысы ашып айтты.
«Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет.
Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер. Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты», – деді Президент.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері деп бекер айтылмаған. Бұл сала, ең алдымен, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан шаруалар мен фермерлерге барынша қолдау көрсетілгені қажетті іс. Бұл мәселе де жиын барысында өзекті тақырыпқа айналды.
«Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек.
Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.
Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр.Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елдімекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржыландыру, денсаулық сақтау, білім және ғылым саласын дамытуға қатысты басым бағыттарға да жан-жақты тоқталды. Сондықтан барлық құзырлы органдарды жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
«Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек.
Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «Аmanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн.
Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбеюде.
Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс», – деді Президент.
Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы осындай ауқымды шараларды ойдағыдай атқару үшін басшылық қызметтерге өз ісінің білікті маманы және нағыз патриот азаматтар тартылуға тиіс екенін ескертті.
«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз.
Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады», – деп сөзін түйіндеді Президент.
Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді. Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.
Мемлекет басшысының ұстанған әлеуметтік-экономикалық саясаты негізінде Үкіметке үлкен міндеттер жүктелді. Оның орындалу сапасы ойдағыдай болып, өскелең уақытты қанағаттандырады деген үміттеміз.
Болат МӘЖИТ