Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне 3 қаңтар 2025 жылы берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын толықтай оқып шықтым. Сұхбатта негізінен еліміздің экономикалық дамуы мен өткен жылдарда атқарылған жұмыстар, болашаққа белгіленген бағдарлы жоспарлар төңірегінде кеңінен әңгіме қоғалып, оралымды ойлар, пайымды пікірлерлерге кеңінен орын беріліпті. Ел Президенті өткен жылғы елімізде болған маңызды оқиғаларға ерекше тоқталып, оған республика халқының қаншалықты қатыстылығын, қосқан үлесін әңгімесіне өзек жасапты. Нақты айтқанда әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының Қазақстанның барлық аймағындағы жүргізілу барысына өзінің көзқарасын білдіргеніне қарап, жыл ішінде атқарылған жұмыстардың бәрін де тікелей назарында ұстағанын айқын аңғаруға болады. Айтуынша, жыл ішінде 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөндеуден өткен. Диқандар 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіпті. Мемелкет басшысының бұл айтқандарына толық қосыламын. Өйткені, бұл жұмыстардың аспантау өңіріне де тікелей қатысы бар. Райымбек ауданының орталығынан және елді мекендерден салынған тұрғын үйлер баспана қажет ететін отбасыларын қуанышқа бөлегеніне куәміз. Сонымен қатар ауданымызда республикалық маңызы бар 17 шақырым күре жол күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың игілігіне жарап отыр. Ауданымыз негізінен ауылшаруашылықты аймақ болғандықтан астық өндірумен айналысудың маңызы зор. Таулы өңірдің диқандары әдеттегісінше егін шаруашылығына өткен жылы да айрықша мән берді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау-көмектерді кеңінен қолдана отырып, міндетті жұмысты абыроймен атқарып шықты. Сөйтіп, өңірімізде ел байлығы – алтын дән жоспардағыдан жоғары өнім берді. Қамба астыққа толып, молшылықтың негізі қаланды.
Өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізілгені тұрғындардың есінде. Тазалыққа, денсаулыққа тікелей қатысы бар аталған шара да аудан халқының қолдауына ие болды. Өйткені, қоғамның байлығы – адам болса, адамның байлығы – денсаулығы екені ешқандай дәлелді қажет етпейтіні ақиқат. Ал «Таза Қазақстан» акциясы бұл мәселеде ерекше рөл атқарғанына ешкімнің дауы жоқ.
“Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервтерді пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес,Ішкі істер, және Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматты құтқарып, аман сақтап қалдық. Ең бастысы – осы. Бір ел, бір халық болып жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік” – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бір парасатты пайымы жалпы жұртқа тасталған ұрандай әсер ететіні анық.
Сұхбатта халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы осал топтарына көрсетілетін көмектер, зейнетақы, жәрдемақы, басқа да өзекті мәселелерге орын берілген. Былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастағаны мемлекеттің болашағы балалар үшін жасалып отырған қамқорлықтың басты нысанасы деп бағалағанымыз жөн. Мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты, оның Тәуелсіздікке, экономикаға тигізер пайдасы, қосатын үлес салмағы сұхбат барысында егжей-тегжейлі баяндалған. «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатта айтылған оралымды ой, парасатты пайымдар көптің көңіліне қонып, жүрегіне жол табатыны, қолдайтындары анық.
Қанат Ахметов,
зейнеткер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі,
Райымбек аудқұрметті азаматы