Аудандық, облыстық мәслихаттарға сайланған депутаттардың екінші аты – халық қалаулылары. Жұрттың ой-пікірін, талап-тілегін олар қалай ескереді, оны тиісті орындарға қалай жеткізіп жүр, нәтижесі қандай? Газетіміздің жаңадан ашылған «Депутат мінбері» айдары осыған арналады. Айдардың алғашқы материалын назарларыңызға ұсынамыз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумында сөйлеген сөзінде: «Депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар», – деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 8-шақырылымның облыстық мәслихат депутаты атанып, мандат алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстардың бірқатарына тоқтала кетейін.
2023 жылы 8 сәуірде 8-шақырылымның барлық депутаты «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзге сүйеніп, мәслихаттағы алғашқы жұмысты ағаш отырғызудан бастады. «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясы аясында бұл игі ісіміз облыс орталығындағы тал-шыбықтар қатарын қылқанжапырақты ағаштармен толықтырып, қаланы көгалдандыруға үлес қосумен қатар, сол уақытқа тұспа-тұс келген қасиетті Рамазан айындағы сауапты амал болғанын да атап өткен жөн.
Облыстық мәслихатқа «Ауыл» партиясының атынан партиялық тізім бойынша сайландым. Мәслихаттағы ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелеріне арналған тұрақты комиссияның мүшесімін. Елдің аманатын мойынға алғаннан кейін әрбір сайлаушының шағымы мен өтініш-тілегіне бейжай қарамай, мейлінше оң шешім қабылдануына ықпал етуге тырысамыз.
Сайлаушылармен кездесуде кәсіпкерлер тарапынан айтылатын ұсыныстың бірі – инвестсубсидияның мерзімінде төленбеуі. Бұл – инвестициялық жобаны іске асыратын инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының бірі. Мұндай мәселемен өзім де бете-бет келдім. Іле ауданындағы «FRUIT ART» жеміс-жидек зауыты инвестсубсидия ала алмай жүргеніне шағымданды. Түйткілдің түйінін тарқату мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы, Іле аудандық прокуратурасы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, «AMANAT» партиясымен бірлескен комиссия құрылды. Комиссия құрылыс-монтаждау жұмыстарының және жабдықты сатып алудың іс жүзіндегі шығындары бойынша инвестициялық субсидияны төлеуді растайтын құжаттары барына көз жеткізіп, Ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныс жолданды. Ұсыныс министрлік тарапынан қолдау тауып, қазіргі кезде құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар өңір диқандары құлпынай және тағы басқа жеміс-жидектердің өтпей жатқанын айтты. Мәселені шешу үшін жеміс-жидек өсіру мен өңдеу ассоциациясы құрылатын болды. Бұл кәсіпорындарға да, диқандарға да тиімді болғалы тұр. Шеңгелді алқабына қант қызылшасын еккен шаруалар техниканың жоқтығынан өнімдерін жинай алмай отырғанын айтып, көмек сұрады. Жетісу облысындағы шаруашылықтарға барып, келіссөз жүргіздім. Нәтижесінде шеңгелділік 5 шаруа қожалығы қызмет ақысын кейіннен төлейтін болып, 400 гектар жерге егілген қант қызылшасын көрші облыстың техникалары көмегімен жинап алды.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы кезінде 50 шақырымнан алыс болмаса да, Талғар ауданы Нұра ауылына дейін автобус қатынамай жүргені белгілі болды. Бұрын бұл бағытта қоғамдық көлік жүргенімен, кейіннен Алматыдан шыққан автобус қазіргі Алатау қаласына дейін ғана келіп, кері қайтып кетеді екен. Салдарынан тұрғындардың оншақты шақырым жердегі ауылға жетуі мұң болған. Аталған елдімекенге бірнеше рет барып, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасына ресми хат жазып, басқа да рәсімдерді жасап жүріп аталған бағыттың қайта қалпына келтірілуіне себепкер болдық. Нұра ауылы жұртшылығының жол машақатынан құтылуына сонда тұратын партияның белсенді мүшесі Ахмет Өмірзақовтың да белсене атсалысқанын атап өткен жөн.
«Еліміздің ерекше жандары» қоғамдық қорының атынан Бақыт Жұмашев деген азамат Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты бірнеше елдімекеннің ерекше балаларына қызмет көрсететін орталықтың мемлекеттік тапсырыс ала алмай жүргенін, уақытша ғимаратының тағдыры қыл үстінде екенін, керек-жарақтардың да тапшылығын, сол себепті оған жабылып қалу қаупі төніп тұрғанын, сондықтан аталған орталықтың жұмысы әрі қарай жалғасуына ықпал етуді сұрап, өтініш жолдады. Бақыт Жұмашевтың ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіковпен кездесуін ұйымдастырып бердік. Қазір бұл мәселенің шешілу жолы қарастырылуда. Қонаев қаласындағы 10-шағынауданда ауызсу желісін жүргізген мердігер мекеме жобаға сәйкес жолды қазып, құбырды салған соң қайтадан асфальтты қалпына келтіруі керек болған. Бірақ жаңадан төселген асфальттың сапасы көңіл көншітпейді. Бұл тұрғыда құзырлы орындарға депутаттық сауал жолданды. Сондай-ақ Қонаев қаласындағы мүгедектігі бар балалардың ата-аналары инватаксидің қызметіне зәру болып отырғанын алға тартуда. Құзырлы орындарға хабарласып, депутаттық сауал жолдап, оң шешім табылуы үшін жұмыс жүріп жатыр.
Кейінгі кезде малшылар тері мен жүнді өткізе алмай, өртеп немесе көміп тастауға мәжбүр болуда. Бұрын «Меринос» деп аталатын қойдың жүні оның етінен қымбат болған. Осыны ескерген Бұғыбай Артықбекұлы деген іскер азамат Ұзынағаш ауылынан жүн мен теріні қабылдап, оны өңдейтін кәсіпорын ашқаны көңілге қуаныш ұялатты. Алайда ол ғимаратқа газ тарту бойынша мәселе туындаған екен. Депутат ретінде аудан әкімімен бірлесіп, бұл жұмыстың да ретке келуіне ұйытқы болдық.
Алматы облысы халқының 80 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратыны белгілі. «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы болғандықтан, осы саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытында және депутат ретінде ауыл халқымен жиі жүздесіп, кездесуде айтылған олардың мұң-мұқтаждарын тиісті орынға жеткізіп, орындалуын қадағалаймын. Айтылған және жазбаша жолдаған мәселелердің облыс көлемінде шешілмей жатқандары Парламент Мәжілісіндегі партияның депутаттық фракциясы арқылы министрлік пен Үкімет деңгейінде көтерілуде.
Қазіргі кезде өзекті болып отырған мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру. Бүгінде ауыл шаруашылығын қаржыландыруды екінші деңгейдегі банктер атқаруда. Олар беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі шаруалар үшін өте жоғары. Сондай-ақ аталған банктер ауылдағы жылжымайтын мүліктерді кепілге алмайды немесе арзанға бағалайды. 20 пайыздан жоғары несие алған шаруаның өндірісін өркендете алмайтыны айдан анық. Бірлі-жарым ірі серіктестіктер болмаса, шаруа қожалықтары мен шағын шаруашылықтардың ісін дөңгелетіп, кәсібін кеңейте алмай бір орнында тұралап қалуының басты себебі – осы. Кеңес одағы тұсында агропромбанк деген болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ол жабылып қалды. Содан бері ауылдағы жері мен мүлкін кепілге қоя алмаған шаруалар жеңілдікпен ұзақ мерзімді несие ала алмай келеді. Ауыл шаруашылығы саласының көсегесін көгерту үшін агробанк құрылуы қажет. «Ауыл» партиясының қолдауына ие болған бұл ұсыныс Парламенттегі фракция депутаттары арқылы Үкіметке жетті. Ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қолбайлау болып тұрған осы мәселенің шешімі табылса, шаруаларға үлкен қолдау болары даусыз.
Шаруа қожалықтары мал немесе егін шаруашылығына өзіндік тәртіп-шарттарына сәйкес «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы алған несиенің, мемлекет тарапынан берілетін субсидияның кешіктірілуі де шаруалар үшін өзекті мәселенің бірі болып отыр. Мәселен, шаруа қожалығы 18 пайызбен несие алған болса, оның 6 пайызын төлеуі тиіс. 14 пайызы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы өтелуі керек. Бірақ республикадан қаражат дер кезінде түспей кешіктіріледі. Содан кейін фермерлер несиені банктің талабы бойынша толық төлеуге мәжбүр болып, қиналып қалып жатқан жайы бар. Шаруаның өзіне тиесілі пайызын ғана төлеп, айырмасын басқармадан аларсың дегеніне банк көнбейді. Шаруа қожалықтарын шығынға батырмай, өзіне тиесілі пайызын ғана төлеп, ставканы өтеу үшін мемлекеттен бөлінген субсидияның банкке тікелей берілу жолын қарастыру жайында ұсыныс жасап жатырмыз.
Сайып келгенде, Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында айтқандай, ауылды жаңғырту – мемлекетті дамыту. Сондықтан ауылдан қол үзбеуіміз керек. Соңғы уақытта мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл тұрғындары кәсіптерін дамытып, жұмыспен қамтылуда. Осы орайда фермерлер мен осы саланы дамытуға ниетті жандарға мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктер жайлы кеңінен түсіндіру жұмысы жүру қажет. «Ауыл» партиясы атынан сайланған депутат ретінде ауылды өркендету жолында аянып қалмай, бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын.
Қанат БЕКИЕВ,
облыстық мәслихат депутаты,
«Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы