Қарасайлықтар облыстық прокуратураның бастамасымен қолға алынған пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру жобасын қолдады. Осы тақырыпқа бағытталған басқосу Қаскелең қаласындағы аудан әкімдігінің ғимаратында өтті. Оның қорытындысы бойынша үшжақты меморандумға қол қойылды.
Кездесуді ашқан аудан әкімі Жасұлан Естенов жиылған жұртшылықты жобаның мақсатымен таныстырып, жазасын өтеп оралған адамдардың жұмысқа орналасып, тұрақты табыс табуы, отбасыларын асырауы және осылайша қоғамға бейімделіп, оның толыққанды азаматы болуы маңызды екенін атап өтті.
Бастаманы аудан прокуроры Жәнібек Жақаев та қолдап, мұндай жобаның тағдыры тартысқа түскен жандарға үміт пен ертеңгі күнге деген сенім беретінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар бұл қоғамдағы әлеуметтік толқыныстардың алдын алуға көмектесіп, бір кездері заңды бұзған, бірақ жазасын өтеген адамдардың еркін өмірге бейімделуі үшін жақсы мүмкіндік болатынын айтты.
Басқосуға аудандық пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар мен мекеме басшылары, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің өкілдері қатысты. Бұл бастамаға орай кәсіпкерлер, түрлі салада қызмет көрсететін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшыларымен алдын ала жұмыс жүргізілген екен. Олар алдағы уақытта атқарылар жұмыс пен жауапкершілікті жете сезіну үшін кездесуге шақырылған болатын. Атап айтқанда, «Amanat Cleaning», «Д-автобус транс», «Азамат құрылыс», «Асыл тау», «Кернеу-К», «KAZ Intel Group» сияқты кәсіпорындар аталған жобаны жүзеге асыруға ниетті.
Кездесу соңында аудан әкімдігі, прокуратура және жұмыс берушілер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл қадам жазасын өтеп оралған адамдардың өмірін айтарлықтай жеңілдетуге септігін тигізеді деп сенеміз.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы