Перейти к содержимому
Главная страница » Жәдігерлер сыр шертеді

Жәдігерлер сыр шертеді

      Мұражай – сан ғасырдан жинақталған рухани құндылықтар орталығы. Ондағы жәдігерлер – көне тарихтың куәсі. Сол арқылы жас ұрпақ танымын арттырып, ой-өрісін кеңейтеді. Кеген ауданындағы тарихи-өлкетану музейі де өткенді зерделеп, болашаққа бағдар беруде өз міндетін атқарып келеді.

Аталған мұражайдың ғылы­ми қызметкері Меруерт Ермағамбет­қызының айтуынша, қазіргі таңда ғылыми мекемеде 2249 экспонат бар. Онда өлкетануға қатысты деректер, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған құнды жәдігерлер жинақталған.
Екі қабатты ғимаратта орналасқан мұражай төрт экспозициялық залдан тұрады. Көне және орта ғасыр, Кеңес дәуірі, өлке тарихы және тәуелсіздік залдарында сол замандағы оқиғаларға қатысты мәліметтер, өңірден шыққан қайраткерлердің асыл мұрасы, аудан экономикасының дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының жеке заттары орналастырылған. Ал астыңғы қабатын­да ғылыми іс-шаралар өткізіле­тін конференция залы мен қор сақтау бөлмесі бар. Қазіргі таңда жәдігерлерді толықтыру мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді.
– Бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Мұражайға келушілер жылдан-жылға көбеймесе, азайған жоқ. Әсіресе, жастар арасында қызығу­­шылық басым. Тұрғындар ата-баба­ларынан қалған асыл мұраны сенімді орын – мұражайға тапсырып, тарихты тағылымдауға атсалысуда. Мұнда 2023 жылы Құмтекейден табылған, баласын құшағына алған ана бейнесіндегі тас пен көне ғасырдан сыр шертетін қуыс тағанды қола қазанның көшірмесі­нің жөні бөлек, – дейді Меруерт Ермағамбетқызы.
Мұражайда оқушылардың зерттеу­шілік қабілетін арттыру мақсатында «Менің көшемнің тарихы» атты таным­дық жоба қолға алынған. Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Музей кеңістігінде» жобасы жүзеге асырылмақ. Көшпелі көрмелер ұйымдастыру жұмыстары да сәтімен жалғасып жатыр.
«Өткеніңді түгендемей, бүгініңді бүтіндей алмайсың» демекші, тарих­ты тануда мұражайдың атқаратын міндеті зор екені даусыз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы