Ғасыр бұрын баспасөзіміздің негізін қалаған қазақ зиялылары мерзімді басылымдарды халық тұрмысының айнасы деп бағамдаған. Шындығы сол, газет халық тұрмысын құр ғана айнадағыдай қылып көрсетіп отырмайды, газет күнделікті өмірдің қисық-қыңыр жерлерін түзетуге де себепші болады. Ел ішін кезген тілшілік сапарда сан алуан түйткіл мен түрлі әлеуметтік мәселеге кез боласың. Сондай сәтте көмекке мұқтаж жанның көңіліне медеу боларлық қарекет жасап, жан жарасын жазуға көмектескің келеді. Қорғансызға қол ұшын беру, қиындық қыспағына тап болғандарға жол көрсету мақсатында газет ұжымы «Шеткері үй» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды құп көрді. «Шеткері үйлердің» біздің назарымыздан шет қалмасына сеніңіз, қадірменді оқырман.
Аталған жоба аясында көмекке зәру, аз қамтылған отбасын іздей бастадық. Ондай шаңырақты мектеп мүғалімдері жақсы біледі. Сөйтіп, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылдық округіндегі Әл-Фараби атындағы білім шаңырағының ұстаздарына хабарластық. Аталған мектептің әлеуметтік педагогі Ләйла Ержанқызына бастамамыздың маңызын түсіндірдік.
Ертесінде мұғалімдермен бірге Талғар маңындағы саяжайлардың бірінде тұратын Света Жұмагелдиева атты көп балалы ананың үйіне жол тарттық. Саяжай демекші, ол Кеңес өкіметі кезінде қала тұрғындарының жазда барып демалатын, бау-бақша өсіретін маусымдық мекенжайы болған. Кейін елдегі баспана тапшылығы мен қымбатшылыққа байланысты саяжайда тұрақты тұратындар көбейді. Олардың өмірі өз қазанында қайнап жатты. Әлеуметтік осал топтардың басым бөлігі де саяжайларда қоныс тепкен. Облыс әкімдігінің дерегінше, өңірдегі 674 саяжайдың 200-і – Қарасай, 157-сі – Іле, 152-сі – Талғар, 135-і – Еңбекшіқазақ, 21-і – Жамбыл ауданында және 9-ы Қонаевта орналасқан. Оның 333-ін жақын маңдағы елдімекендерге қосу жөнінде бас жоспар дайындалған болатын. Қазірге бұл жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан сыңайлы. Саяжайдың инфрақұрылымдық мәселесімен бірге ондағы сансыз тағдырлардың тұрмыс-тіршілігі әркімді толғандырмай қоймасы анық.
Біз барғанымызда жүдеу жүзді ұл бала алдымыздан жүгіріп шықты. Есік ашылған соң сәл кідіріп, анасына амандасып ішке ендік. Төбесі жатаған, ала көлеңкелі үй іші тым салқын сезілді. Мектеп мұғалімдері балаларға әкелген базарлығын үлестіріп жатыр. Қолына тәтті мен жеміс-жидек ілінген балдырғандардың жүзінен лезде шаттықтың лебі есе жөнелді. Шынымен де сәби жүрегі қуануға жаралған ғой. Десе де риясыз еркеліктің, алғаусыз көңілдерді қараңғы үйдің еңсесі баса беретіндей. Осында 20 шаршы метрге жетпейтін аядай баспанада Света Жұмагелдиева бес баласымен бірге тұрып жатыр. Көп кешікей отанасын сөзге тарттым.
«Мен 1992 жылы 15 маусымда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келдім. 2009-2012 жылдар аралығында Талғар медициналык колледжінің медбике мамандығын тәмамдадым. Сөйтіп, 2012 жылы Карабұлақ ауылдык емханасында медбике болып қызмет еттім. Сол жылы шаңырақ көтердім. 2013 жылы Бақыт есімді ұлым өмірге келді. Қазір ол 6-сыныпта оқиды. Ал 2014 жылы күйеуіммен дәм-тұзым жараспай ажырасып кеттім. Арада екі жыл өткен соң, 2016 жылы қайта тұрмыс құрдым. Ол екеуміз төрт баланы өмірге әкелдік. Қазір баламның ең кенжесі 2 жаста. 2 жыл бұрын күйеуім бізді тастап кетті. Ол мені талай соққыға жықты. Тіпті бір күні өліп қалатын шығармын деп ойладым». Сөз осы араға келгенде ол көз жасын төгіп-төгіп жіберді. Өксігін тия алмай солқылдап жылай берді. Талқандалған тағдыр, алданған арман, балаларымды жеткізем деген арпалыс, арқасындағы мың батпан өмір жүгі ащы зар болып көгірегінен бұрқ еткен тәрізді. Иә, өмірде қасірет қамшысы жон арқасында ойнаған жандар аз ба? Деректерге жүгінсек, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегеді. Жылына кемінде 80 әйел қаза табады екен. Негізі нақты жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін. Анығын айтсақ, халықаралық ұйымдар Орталық Азия елдерінде әйелдер құқығы жиі бұзылатынын айтады.
Сәл үнсіздіктен кейін көп балалы ана сөзін қайта жалғады. «Казір 5 баламен анама жақын маңда тұрып жатырмын. Күйеуіммен ажырасу туралы сотқа арыз бердім. 2 жылдан бері ол бізге ешқандай көмек көрсеткен жоқ. Екінші баламның аты – Асқар. 2016 жылы дүниеге келген. Жүрегінде ақау болғандықтан, оған 3 рет ота жасалды. Денсаулығына байланысты 2-сыныпты үйден оқиды. Қалған балаларым балабақшада. 2 жастағы кішкентай баламның жөргекпұлынан басқа ешқандай әлеуметтік көмек алмаймын. Мардымсыз жалақым күнделікті өмірдің керек-жарағы мен балаларды бағып-қағуға жетпей жатады. Қазір Талғар ауданында жер және үй кезегінде тұрмын. Менің алдымда 3 мыңнан аса адам бар. Қашан баспанаға қол жеткізерімді білмеймін. Ең бастысы өз үйім болса деп армандаймын. Қыс келгелі үйді жылыту мұңға айналды. Аздап көмір алғанымызбен, ол аз күн өтпей таусылып қалады. Сол себепті қоңырсалқын үйде отырмыз,» – деді Света Жұмагелдиева. Сөз арасында ол құжаттарымды түгендейін, маған қанша жәрдемақы тиесілі екенін білейін деп әкімдікке барса да, барлығы «білмейміз» деп жауап беріп, ана жаққа бір, мына жаққа бір жұмсап әуре ететінін де жасырмады. Осындайда жергілікті жердегі кейбір дөрекі қызметкерлердің жүгенсіздігінен үйелмелі-сүйелмелі баласы бар қаншама ана далада қалды екен деген ойға қаласың.
Жоғарыда айтқанымыздай, отағасы онсыз да шаруасы шатқаяқтаған шаңырағын шырғалаңға тастап кетіп қалған. Қиындықтан қорыққан. Жығылғанға жұдырық осы болса керек. Алайда бес баласын етегінен ұстатып, қара нан мен қара су берсе де далаға қаңғытпай отырған ана «бұл қиын күніміз де өтер, кетер» деп алдағы күннен үмітін үзер емес. Санамызды сан сауал мазалай берді. Жолай Әл-Фараби атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Тілеубердіқызы білім ордасында қамқорлықты қажет ететін балалардың көбін айтып, бастамамызға сәттілік тіледі.
Жоба аясында газетіміздің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар тек саяси сахнада ғана емес, түрлі әлеуметтік мәселелерге де бейжай қарамайтын «Respublica» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбекке мақалаға өзек болған отбасыға көмек көрсету туралы өтінішімізді жеткізді. Әлеуметтік жоба аясында «Respublica» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақтияр Қабасов қыс құрсауында жылусыз отырған отбасыға 2 тоннаға жуық көмір түсіріп, балаларға бағалы сыйлықтар табыстап қайтты. Өтіншімізді жерде қалдырмаған жомарт жандарға біз де дән ризамыз. Сол күні көп балалы ана Света Жұмагелдиева хабарласып, көмегімізге алғыс жаудырды.
– Бұл біз үшін жаңа жыл қарсаңындағы күтпеген сыйлық болды. Балаларымның жылы үйде отыруының өзі бір бақыт. «Жерде бала қуанса, көкте періште шаттанады» дейді. Балаларым да мәз-майрам болып қалды. «Алатау арайы» газетінің ұжымы мен біздің жүрегімізге жылу сыйлаған жандарға шексіз алғыс айтамын! Бұл игі бастамаларыңыз жалғасын тауып, жаны жаралы жандарға шуақ сыйлай берсін. Өйткені ізгілік аңсайтын адамдар аз емес, – деді Света Жұмагелдиева.
Редакциядан: Біз болмашы көмегімізді даңғаза етуден аулақпыз. Көкірегі шерлі жандардың көз жасын сүртуден артық сый жоқ деп деп білеміз. Амандық болса, әлі талай «Шеткері үйге» жақсылықтың жарық сәулесі түседі. Өйткені ізгілікке бастар жолға сәтті қадам тастадық. «Ізгілік пен игілік жоқ жерде әсемдік те жоқ» дейді ғұлама Сократ. Әрине, әсемдікті жасау әркімінің өз қолында.
Еңбекшіқазақ ауданы