Таяуда Талғар аудандық Мәдениет үйінде «Әкенің қас қабағы – баланың бас сабағы» деген атпен ауқымды шара өтті. Аталған форумның мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін, әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруды, әкелер институтын қалыптастыру. Қоғам дамуындағы маңызы зор бұл басқосуға прокуратураның, аудандық полиция басқармасының және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғам белсенділері мен жалпы әкелер қатысты.
Форум жөнінде облыстық «Алатау арайы» газетінің Талғар ауданындағы меншікті тілшісі Құтмағамбет Қонысбай газеттің 2025 жылғы 23 қаңтар күнгі №8 (313) нөмірінде ауқымды мақала жариялады. Біз де осы басқосуға қатысып, көріп шыққаннан кейінгі туындаған бірқатар ойымызды ортаға салсақ деп едік.
Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың қиындығын барша жұрт біледі. Сол кезде әйел – ерге, ер – жерге қараған кезең еді. Екі қолға бір күрек таппай сенделген ер-азаматтардың есі дұрыстары «түк таппасам да, үйде нантабар атанған жарымның бір жағына шығысып, тым болмаса, үйдегі тірегі болайын» десе, төзімсіздік танытып, ақылынан алжасқандары ащы судың иіріміне шым-шым батып кетті. Азаматының үйде отырып қалғанына, шарасыздығына күйінсе де, тістене жүріп, бала-шағаны аш қалдырмау үшін тырбанып, тыным таппаған әйел-аналар қоғамды құтқарып қалды десек, артық айтқандық бола қоймасы хақ.
Десек те, бар кеп осы тұстан басталды, әрі мұны ешкім жоққа шығара да алмайды. Өндіріс орындары жабылып-сатылып, мал-мүлік талан-таражға салынғандықтан, от басы мен ошақ қасынан ұзай алмаған азаматын жүндеу де, бүтін отбасының күйреуі де осы кезеңде белең алды. Қоғам берісі – отбасылық, әрісі – ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнарын күнделікті күйкі тірліктің қоқсығымен көміп тастады. Малтабар, нантабар әйел қауымы отбасының тізгінін уысына қымти ұстады. Ащылау айтсақ, бұрымдылар көңілдеріне ала қоймас деген ойдамыз. Тәрбие – бетімен, құзар шыңның шетімен кетті. «Әй дер әже, қой дер қожалықты» басыбүтін иемденген бұрымдылар қауымының елді аздырар талай іс-әрекет, қылықтары халықтың көз алдында. Ел ішіндегі бірлі-жарым ес білер, ақыл тоқтатар ақсақал-қарасақалдарымыздың, сондай-ақ ортасына сыйлы әрі қадірлі, ортасы мойындаған ақ жаулықты аналарымыздың әр жер-әр жерден шырылдаған үні күйкі тірліктің күлдікөмеш тірлігінің шаңына көміліп қала берді. Осылай сансырап жатқан халықты одан әрмен есінен тандыра, бүркітті емексіткен қызылдай қылып «гендерлік саясат» дегенді жалаулата жөнелдік. Қашаннан қызын төрден түсірмеген қазақты бұлай алатайдай бүлдірудің іргетасы «ер мен әйел тең құқылы» делініп, кешегі қызыл империяның тұсында қаланған еді. Ендігі қалыбы мен үлгісі әралуан түске енді. Қызды-қыздымен аналарымыз бесікті ат қып мініп шауып, нәресте жатқан бесіктен аттай бастады. Уағында ел қорғаны болған батырларды тәрбиелеген әйел-аналар қауымы «Құдалық мың жылдық» деген, «ертең сыйластықтары арта түседі» деген, оғаштығы табанға кірген шөңгедей аксиома ойлап тауып, қарсы жақтың құдасын құйрық-бауыр асасқан жақтың құдағиымен бір көрпенің астына жатқызып аунату сияқты салт-дәстүрімізде жоқ жын-ойнақтарды ойлап шығарып, той-томалақ, өлім-жітім сияқты жиын-тойларда көрген елдің жағасын ұстатар әрекет-қылықтар істей бастады. Әрі, ең бір әттегене-ай дегізетіні, елде жоқ жөн-жоралғыларды жасап жататындар шетінен ақжаулықтылар еді. Ал ең сорақысы – сол жиын-тойларда ер-азаматтардың арасынан суырылып шығып, «бұларың не?» деп айғай салар тұлғаның қалмағандығы. «Күлшелі бала – қадірлі» дегендей, өзі табыс тауып, отбасын өзі билеп-төстеп, ол аздай бүкіл заң-зәкүн намысын жыртып отырған, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып алған көптеген жаулықтыларымыз «Тәйт!» дер ер-азаматтарды мәу дейтін құдіретінен айырды.
Уақытында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай: «Анасын ардақтаған, аруын аялаған, ата-анаға құрметпен қараған халықтың өкіліміз. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда түрлі келеңсіздіктер байқалып жатыр. Біз «әкеммен ақылдасайын, әкемнен сұрайын» деген түсінігі бар буын едік. Қазір «анам біледі, анамнан сұранайын, анам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр», деп, қоғамда күйеуінен жәбір көрген әйелдер ғана емес, әйелі үстемдік ететін ер азаматтардың да бар екенін айтқан болатын. Сол айтқандай, егер Әке институтының екпіні бәсең тартпаса, мәжілісші Ермұрат Бапи да қоғамдағы әкенің рөлін көтеру үшін «Отағасы туралы да заң қабылдау керек» деген бастаманы ортаға салмас еді.
«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деген тақырыпта өткен жиында: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл – оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Кейінгі кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді», – деп Президент те атап көрсетті.
Иә, айта берсек, тізе берсек, ана шеті мен мына шетіне ұшқан құстың қанаты талар ұлан-ғайыр жеріміздің әр түпкірінде күнделікті дерлік істеліп жатқан сан сапалақ ерсі қылықтардың қайсы бірін жіпке тізесіз? Оның үстіне мақсат та басқа. Ұл-қызының ертеңіне алаңдаған, ес жиып, етек жинамаса түбі құрдымға апаратынын түсінген парасатты аналарымыз дауыс шығарып, сөзі мен ниеті тұтасқан жасы бар, жасамысы бар ер-азаматтар оларға үн қосып, қоламтада өлеусірей барып өшуге айналған Әкелер институты деген шоқты үрлеуге кірісе бастады. Көңіл қуантарлығы, мұндай жиындар бір ғана Талғар ауданында ғана емес, еліміздің әр өңірінде өткізіле бастады.
Қорыта айтсақ, әркімнің қызметтік, мансаптық жолына, мәртебесіне қарамастан, әйел – әйелдік, еркек – еркектік орындарында қалғаны және түптеп келгенде, өзіміздің ұлттық тәрбие мен таным-түсінікке негізделген отбасылық институтты қалпына келтірсек, ұтпасақ – ұтылмайтынымыз хақ дегіміз келеді. Ұлттың көкірегіндегі қоламта – әке тәрбиесін өшіріп алмайық! Бұл тек ойтүрткі ғана. Айтылатын, талқыланатын жайт жетерлік. Сіз не дейсіз?
Бейбіт Мекеев