Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әкімдерді тікелей сайлау жүйесі іске қосылып, ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы сайланғанын, олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте істемегенін атап өткен болатын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыруға арналған оқу бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама жергілікті басқару міндеттерін тиімді орындау, ауыл халқының өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Мәлік Асановтың айтуынша, 17 ақпанда еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде басталған курстың ашылуына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай онлайн түрде қатысқан. Бүгінде облыстық филиалда аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округ әкімдері біліктілігін арттыруда. Олар офлайн және онлайн форматта 240 академиялық сағат көлемінде дәріс алады. Оның 100 сағатын «AMANAT» партиясының саяси менеджмент академиясы ұсынған.
– 19 ақпанда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев біліктілігін арттырып жатқан ауылдық округ әкімдеріне дәріс оқыды. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында халықпен тығыз байланыс орнату жолдарын айтты. Мемлекеттік қызметші ретінде ауылдың даму жолында дұрыс шаралар қабылдауда ауылдық округ әкімінің рөліне тоқталды. Сондай-ақ 21 ақпанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев дәріс оқығанын атап өткен жөн.
Жалпы курста экономика, құқықтану саласы бойынша сарапшылар, «AMANAT» партиясының саяси менеджмент академиясының дәріскерлері дәріс беруде. Сабақ барысында тыңдаушылар еліміздің стратегиялық және бағдарламалық құжаттары, жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттеу және ресурстарды басқару мәселелерін зерделеуді үйренеді. Ауылдық округ деңгейінде бюджетті жоспарлау және бөлу принциптерімен және мемлекеттік сатып алу, салық салу негіздерімен танысады, – деген Мәлік Назымбекұлы курстың алғашқы аптасында әкімдердің жұмыс кезінде жиі жіберетін кемшіліктерді болдырмау және оны шешу жолдары қарастырылып, жасанды интеллект, цифрлық құзыреттілік пен электронды мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ақпарат берілгенін тілге тиек етті.
– «Әкімдер мектебі» жобасы аясында бүгінге дейін 40 академиялық сағат көлемінде дәріс алдым. Өткен сабақтардан өзімді толғандырып жүрген сұрақтардың жауабын таптым. Әсіресе жер мәселесі бойынша сауалдарымыз көп болған еді. Бұл тұрғыда дәріскерлер қажетті мағлұматтарға қанықтырды. Бағдарламаға қатысқаныма өте қуаныштымын, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округінің әкімі Сәуле Әліпова.
Аталған курста коммуналдық меншікті басқару, экологиялық мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту тақырыптары да қамтылмақ. Оқыту курсында әкімдер мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологияларды, электронды қызметтер мен басқарушылық шешімдер қабылдауды меңгеріп, шеберліктерін шыңдайды. Сонымен бірге тәжірибелі сарапшылар практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар мен тренингтер өткізеді. Ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқыту курсы 13 мамырда аяқталады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ