Еліміз бойынша ішкі миграция ағыны шамамен екі мыңыншы жылдары қатты екпін алды. Жұмыссыздық жайлаған халықтың назары қалаға ауды. Нәтижесінде облыс орталықтары мен ірі мегаполистердің маңайына топтасқан жұртшылық «Жаңа құрылыс» деген атауға ие болған елдімекендерді қалыптастырды. Сондай елдімекеннің бірі – Қарасай ауданының Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылы. Әрине, жаңа ауыл болғандықтан, бәрі бір күнде бола қалмасы анық. Дей тұрғанмен, XXI ғасырда еліміздің ең ірі мегаполисі Алматының дәл іргесінде тұрған ауыл тұрғындарының үш күн бойы қар ерітіп ішіп, қақаған қыста жылусыз қалғанын Қарасай ауданының әкімдігі біле ме екен?
Осы мәселеге байланысты жұртшылықтың шақыртуымен аталған ауыл халқымен жүздесіп қайтқан едік. Бұл елдімекенде тек қана су емес, тұрғындардың берекесін алып, мазасын қашырып отырған проблемалар шаш-етектен. Белгіленген жерге жеткеннен соң көп ұзамай ауылдық округ әкімі Серік Үмбетәлиев те келді. Осы тұста ескерте кетер жайт, Үкімет атынан әрекет ететін ресми билік өкілі – ауыл әкімі мен арыз-шағым айтып, «шаруамызды шешіп берсеңіздер» дейтін санаулы тұрғын бір мүдде төңірегінде топтасты. Ауылдың WhatsApp чатында 400-ден аса адам тіркелгенімен, жиналысқа келгендері 10-ға жетпеді. Осының өзі «Бірлік болмай, тірлік болмайтынын» байқатты. «Мәселемен таныс бола беріңіз» деп қосып қойған чаттағы айтылып-жазылып жатқан жазбалардан халықтың уәжі мен көңіл-күйін аңғару қиын емес. Ұққанымыз, тұрғындардың «Талқанбаев» ЖК жауапкершілігіне алған су мен жарық мәселесінің дұрыс ұйымдастырылмауынан зардап шегіп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған.
Мұндағы басты мәселе – кәріз жүйесін тарту. Себебі, жер телімі аз – 5 соттық, үй арасы өте тығыз орналасқан, көше тар, қолаңса иіс шығады. Мүңкіген иіс қыстың көзі қырауда маңайды жайлап тұрғанда, жаздағы ахуалды айтпақ түгілі, елестетудің өзі қиын. Одан кейін өзекті болып тұрған – жол, жарықтандыру, көшелерге атау беру, қаңғыбас иттер жайы. Әрине, мұның сыртында толып жатқан басқа да мәселелер бар.
Бүгінде тұрғындар өздері әрекет етіп, шамасы келгенше көшелеріне «тас-құм» төсеп, сәл болса да қалың батпақтан арылтқан. Алдағы уақытта облыс көлемінде жолға қаражат бөлінсе, арық тарту жұмысы соның ішіне кірсе деген өтініштері бар.
Орталықта орналасқан Райымбек даңғылының бойындағы «Бахар» мейрамханасында да кәріз желісі жоқ. Ол жерде дәмхана, мейрамхана, көлік жуу, дүкен сияқты халыққа қызмет көрсету орталықтары орын тепкен. Бірақ, ешқайсысына да орталық кәріз жүйесі жүргізілмеген. Тұрғындар тап сол жерден шыққан иістен мезі болғандарын айтады. Жағымсыз иіс, әсіресе, жолға жақын орналасқан 1, 2, 3, 4-көшелерге қатты сезіледі. Сол «Бахардың» артындағы 3-көшеде тұратын тұрғынның айтуынша, орталық кәріз арығы төменгі 2-ші Аққайың көшесінен төмен, трассаны бойлай жүреді, солай қарай тартуға болады екен. 2022 жылы ауыл тұрғындары осы мәселені көтеріп, өз беттерінше арықты қалай жүргізуге болатынын біраз зерттеген екен. «Бахар» мейрамханасының қожайынымен де сөйлесіп, ол да кәріз желісін тартуға ниетті екенін білдірген. Бірақ, бұл мәселе ауыл тұрғындарының қолынан келмегендіктен, қалып қойған. Жағымсыз иістен әбден зәрезап болған тұрғындар: «Кәріз желісін тарту жұмысы қолға алынса, ауыл болып көмектесеміз. Қаражат жинауға да дайынбыз. Кәріз желісі Ұмтыл округіне қарасты ауылдарға жаппай тартылуы керек», – деп шулап отыр.
Содан кейінгі үлкен мәселе – жол. Әлі үй салып жатқандар көп, әрлі-берлі ауыр жүк көліктері өтеді. Жаздың күні айнала түгел шаң-топыраққа көміліп қалады. Бұл ретте тұрғындардың бірі: «Қала маңында болсақ та, мыңдаған шақырым жердегі ауылда тұрғандаймыз. Жол батпақ, әр үйден жинап, балалардың аузынан жырып жүріп жинаған ақшаға тас төсеттік», – десе, енді бірі: «Қылмыс қараңғылыққа үйір» дегендей, көшемізде прожектор болмаған соң, қараңғыны пайдаланып, балаларды қорқытып, телефондарын тартып алып кететін жағдайлар орын алып тұрады. Айта берсек, проблема көп. Бұл – құқық қорғау органдарына ғана емес, әкімшілік пен аудандық электрмен қамту мекемесіне де қатысты мәселе, – деп назын жеткізді.
Аталған жайттарға орай Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Серік Үмбетәлиев былайша пікір білдірді: «Тиісті мекемеге көшелерді кеңейтіп, ауыл құрамына кіріп тұрған жаңа құрылысқа ауыл мәртебесін беру туралы ұсыныс жіберілді. Сондай-ақ, инфрақұрылымы жоқ, тұрғындар жолдарын өз қалталарынан төлеп жасап алып жатқан саяжайлар бар, соларды да ауыл құрамына қосу туралы ұсыныс енгізілген. Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1800 орынды жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр. Мердігерлер осындай мектеп 19-шақырымда ашылады деп отыр. Мектеппен қатар оған баратын жол жасалады. Көше жарығы, жаяу жүргінші жолы, автобус қатынасын ретке келтіру де жоспар бойынша іске асатын болады.
Ауызсу мәселесіне келсек, онымен «Талқанбаев» ЖК айналысады. Өткен жолы сорғы күйіп кетіп, өзім басы-қасында жүріп жаңа сорғы қойылды. Оның кепілдік мерзімі бір жыл деп берілсе де, 9 айға жетпей күйіп кетті. Техника болған соң, болжап болмайсың ғой. Көше атауларын беру мәселесі де екінші жартыжылдықта шешіледі. Қарасай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ләззат Болатқызымен бірге облыстық ономастика басқармасына барып, құжаттарын өткізіп қойдық. Бізде тұтастай алғанда 60 көше бар. Саяжайлардың 19-шақырым, Пионер, Алмалыбақ деген сияқты өз атаулары қалыптасқан. Бүгінгі күні топтық су жеткізуші деп аталатын, құрамына 4 ауыл кіретін арнайы бағдарлама бойынша сол Алмалыбақ, Жалпақсай, Көлді, Мерей ауылдарына су кіргізбекшіміз. Аталған бағдарлама 2025-2026 жылдары аяқталуға тиіс.
Енді ит аулау мәселесіне келсек, ол Қарасай аудандық ветеринариялық қызметіне қарайды. Округте 11 ауыл бар. Кесте бойынша, мен тізімін беремін, олар келіп ұстап әкетеді. Жалпы алғанда ит мәселесін туындатып отырған халықтың өзі. Осы орайда тұрғындарға «Ешқандай жабайы ит жоқ, асырай алмасаң, ит ұстама. Ит асырайды екенсің байлап, қамап ұста!» дер едім.
Электр жарығына келсек, бұл іспен «Талқанбаев» ЖК-сы айналысқан еді. Проблема жиілеп кеткен соң, Талқанбаевқа «Шамаң келмесе, мемлекетке өткіз» деп талай рет айтылған. Ал ауданға өткізіп берген соң, аудандық РЭС-тің мамандары қарап көріп, әрбір СИП-ті жеке қарап тексеруге болады екен», – деп тарқатты.
Ал жиналған жұрт пен әлеуметтік чатта айтылып жатқан пікірлердің барлығы сөз болып отырған «Талқанбаев ЖК»-ға өтпей жатқанын дәлелдеп тұр. «Жаңа құрылыс» басталып, ел жапа-тармағай үй салып бастағаннан-ақ кәсібін тіктеп алған бұл жеке кәсіпкер ауыз судың да, тұрғын үйлерге берілетін электр жарығының да тізгінін уысына алған көрінеді. Тұрғындар үй басы 300 мыңнан астам теңгеден жинап берген екен. Тек қана су үшін. Су құдықтарының әрқайсысынан қанша үйге су тармағы бөлінуінің стандарттары сақталмаған. «Сонда халықтан жиналған сонша қаражатқа не істелді, қайда жұмсалды?» деген сұрақтың жауабын нақты беретін ешкім болмай тұр. «Бұл мәселеге аудан басшылығы тарапынан тексеріс жүргізілмесе, халықтың осы зарлағаны зарлаған» дейді бастамашыл топ.
Су дауы аз болғандай, «Талқанбаев» деп аталатын жеке кәсіпкерлік ауылдың электр жарығын қамтамасыз ету ісін де аудандық электр желісі торабына басыбүтін бере салғысы жоқ сыңайлы. Кәсіпкерлік басшысына бұл мәселе де талай рет айтылып, ескертілген көрінеді. Әзірге ілгері жылжыған іс байқалмайды.
…Бет қатталып жатқанда ауылдағы ауыз судың тағы тоқтап қалғанын естідік. Бұл жерде таяқтың бір ұшы халықтың өзіне келіп тіреледі. Көптеген үйге барып тұрған су құбырлары тым тайыз жатқызылғандықтан, қатып қалу, жарылу деген жайттар жиі болады. Дегенмен, су тарту стандарты сақталып, әр көшеге арнайы құдықтар (колодец) қойылса, оның зардабын тұтас ауыл жаппай тартпас еді.
Осы тұста мынадай сауал еріксіз алдан кесе-көлденеңдейді. Әрі мұндай жағдай мақаламызға арқау болып отырған Алмалыбақ ауылының ғана төңірегінде қалыптасып отырған ахуал емес. Белгілі бір елдімекеннің инфрақұрылымын сала-сала бойынша әлдебір жеке кәсіпкерлік иелері «қатырамыз, елді тарықтырмаймыз» деп иемденеді. Ақша жинайды. Іс жүзінде уәделерінің жүз пайыз орындалғаны жоқ. Әрі оларға сол іспен айналысуға рұқсатты округтың емес, кем дегенде ауданның басшылығы беретіні ақиқат қой. Олай болса, рұқсатты берген соң, оның орындалуы да бақылауда, қадағалауда болуға тиіс емес пе?. Ал саланы тізгіндеп алған кәсіпкер халықпен жөндеп те сөйлеспейді. Бұл қалай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын» деп ауылды дамыту туралы тұжырымдаманы 2022 жылы енгізген болатын. Алайда, Президент Жарлығы Қарасай ауданы әкімдігі мен «Талқанбаев» ЖК сияқты ауылдың жарық, суын жауапкершілігіне алған кәсіпкерлерді ойлантпайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Олай дейтініміз, халықаралық маңызы бар үлкен жолдың бойында орналасқан Ұмтыл ауылдық округіне қарасты «Жаңа құрылыс» ауылының инфрақұрылымы сын көтермейді.
Бейбіт МЕКЕЕВ
Қарасай ауданы