Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен биыл жүзеге асуы тиіс міндеттер туралы баяндады. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, бөлшек сауда, өнеркәсіп, құрылыс салалары бойынша жетістіктерге тоқталып өтті.
Оның айтуынша, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артып, 944,5 млн теңгені құраған. Тұрғындарды баспанамен қамтуда 4146 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нақты көлем индексі 103,9 пайызды құраған. Сонымен қоса тауар айналымы 2 млрд 679,5 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 110,2 пайызға жеткен. Ал ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 42,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,3 пайызды көрсеткен. Сондай-ақ өткен жылы ауданға 10 млрд 52,4 млн теңге инвестиция тартылған.
Бұған дейін «Нарынқол – Кеген» республикалық автожолын жөндеу жылдар бойы шешімін таппай келген еді. Биыл аталған автожол жөндеуден өтпек.
– 2024 жылы бұл жолдың 15 шақырымы жасалынды, қалған 74 шақырымына қаражат бөлініп, «Қазавтожол» мекемесі көктем шыға жөндеу жұмысына кіріседі. Ауданымыздағы облыстық маңызы бар «Нарынқол – Сүмбе» бағытындағы 35 шақырым жолды 2024-2025 жылдарға ауыспалы нысан ретінде жөндеу жоспарланған. Жоба құны – 1,7 млрд теңге. Өткен жылы 12 шақырымдық жолдың орташа жөндеу жұмысы аяқталды, – деді Берік Фатықұлы.
Биылғы жыл Нарынқол жұрты үшін жақсылыққа толы болмақ. Тұралап қалған біраз мәселе шешімін таппақ. Айталық, Райымбек ауданы толықтай орталықтандырылған ауызсумен қамтылады. Бүгінгі таңда Қарасаз және Шалкөде ауылдарына су тарту жұмысы қолға алынды, жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Жоспар жүзеге асса, Райымбек ауданында ауызсуға қатысты мәселе туындамайтын болады. Былтыр Тұзкөл, Тегістік, Көкбел ауылдарында бұл іс шешімін тапқан еді.
Баспасөз мәслихаты барысында өңір басшысы халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту үшін аймақта бағаны тұрақтандыруға қатысты біршама жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Қуантарлығы – аграрлы өңірде ұн бағасы нарықтан 3-4 мың теңгеге арзан. Оның себебі екі бірдей кәсіпорынның ұнды арзан бағаға сатуымен байланысты.
– Егін шаруашылығымен айналысатын «Райымбек НАН» ЖШС мен «Алтын Дән» ЖШС аудан тұрғындарына арзан бағада ұн сатуда. Бұл нарық бағасынан 3-4 мың теңгеге арзан және халыққа тиімді, – деді Берік Дүйсенбаев.
Райымбек ауданының тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы тіршілік көзі ғана емес, өмір сүру салты десе де болады. Бұған дейін жергілікті жұрт егістік, жайылымдық жер жетіспейтінін айтып, сан мәрте дабыл қаққан еді. Бұл мәселе де өз шешімін таба бастаған көрінеді, бүгінге дейін 13 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты.
Аудандағы мектептердің барлығы дерлік күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет ететін Қызылшекара ауылындағы Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамаға жолданып, оң қорытынды алынған.
Маңызды саланың бірі – денсаулық сақтау. Аудан тұрғындарына 20 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Оның ішінде аудандық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік акушерлік, 5 медициналық пункт бар. Онда 54 дәрігер, 253 орта буын және 90 кіші буын медицина қызметкері жұмыс істейді. 2023-2024 жылдары 2 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 блокты медициналық пункт салынып пайдалануға берілді. Қазір 4 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтті. Биыл Қызылшекара ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін 207,0 млн теңге, Қарасаз ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 22,0 млн теңге бөлініп отыр.
Брифингте Берік Фатықұлы БАҚ өкілдерінің шекаралық өңірді дамыту, жұмыспен қамту, өнеркәсіпті өркендету туралы қойған сауалдарына жауап берді. Бұған дейін мемлекет инвентаризация үрдісі аясында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін анықтаған болатын. Соның әсерінен шекаралық аймақта тұратын халықты тұрақтандыруға арналған шешімдер қабылдана бастаған еді. Бұл игі істің жемісін нарынқолдықтар да көре бастады. Аудан басшысы Берік Фатықұлының айтуына қарағанда, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бөлінген 34,6 млн теңге қаражатқа Нарынқолда мал дәрілейтін алаң ашылып, Көкбел ауылында шағын футбол алаңы жасалған. Ал Қаратоған ауылында балалар ойын алаңы салынып, Тегістіктегі саябақтың сырты қоршалған. Биыл елдімекендерді абаттандыруға 550,0 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар Сүмбе, Талас, Қайнар, Көмірші, Шалкөде, Қарасаз, Тегістік ауылдарына көше жарық шамдарын орнату үшін 350,0 млн теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде әлеуметтік салада көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларына барынша көңіл бөлінуде. Былтыр аз қамтылған 13 отбасындағы 680 адамға 55,8 млн теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек берілген. Сондай-ақ 1826 жаңа жұмыс орны ашылған.
Ерзат АСЫЛ