Перейти к содержимому

Болашаққа бағытталған білім

3 қаралым

      Облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен «Функционалдық сауаттылықты дамытудағы табысты тәжірибелер және жаңа бағыттар» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Халықаралық зерттеулердің нәтижелерін зерделеп, мектеп оқушыларының функционалдық сауат­тылығын арттыруға арналған заманауи әдіс-тәсіл­дерді талқылау және білім беру үдерісіндегі озық тәжіри­белерді бөлісу, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін жетіл­діру мақсатындағы конференцияға Түркия, Қырғыз Республикасынан сала мамандары арнайы келді.

Еңбекшіқазақ ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы қазақ орта мектебінде өткен конференцияда «Экоауыл», «Микроөскін», «Гидро­поника», «Дұрыс тамақтану», «Ақылды мектеп», робототехникаға қатысты STEM жобалар көрмесі ұйым­дастырылды. Мектеп қабыр­ғасы­нан ғылымға қадам басқан оқушылар зерттеу жұмыстарын жан-жақты таныстырып, инновациялық жобалардың адам өміріне, қоғамға тигізер пайдасы жайлы кеңінен ақпарат берді.
Конференцияның ресми бөлімін облыстық білім басқармасының басшы­сы, пленарлық сессияның модераторы Салтанат Беспаева ашып, жиынға арнайы келген қонақтармен таныстырды. Түркия Республикасы Гази университетінің профессор­лары Исмаил Каракая, Назира Тұрсынбаева, Қырғыз Республикасы халықаралық университетінің оқытушысы, доцент Чынара Аблабекова, SDU универ­ситетінің докторанты, Qalan kz «Product Math» бөлімінің сарапшысы Мейіржан Нұрланұлы, Қырғыз Республикасы халықаралық университеті білім сапасын бақылау және бағалау бөлімінің басшысы Айнура Раимова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­го­гикалық университеті қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Нағима Ілиясова және еліміздің барлық өңірінен жалпы 400-ге жуық педагог халықаралық конференцияда бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар конференция жұмысына тікелей трансляция арқылы 20 мыңдай педагог қатысып отырды.
«Алматы облысы – халық тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Біздегі оқушы саны – 452 мың. Өңірде балабақша, мектеп пен колледждерді қосқанда білім саласында 1600 нысан бар. Оның 437-сі – мемлекеттік мектеп», – деп, алыс-жақыннан келген қонақтарды өңірдегі білім саласын­дағы жаңалықтармен таныстырып өткен басқарма басшы­сы дарынды балаларды қолдау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, оқу кабинеттерін заманға сай жабдық­тау сынды жұмыстар мен «Табысты 50 мектеп» жобасы жайлы баяндады. Былтыр Алматы облысы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада командалық есепте 1-орын иеленгенін де мақтанышпен айтты.
«Қазіргі заман талабы – оқушы­лардың теориялық білімін өмірмен байланыстырып, оларды сыни ойлай алатын, тиімді шешім қабылдай білетін функционалдық дағдылары дамыған тұлға ретінде қалыптастыру. Осы орайда халықаралық тәжірибелерді зерттеп, үздік әдістемелерді жұмысымызға енгізу – басты міндеттеріміздің бірі, – деген Салтанат Дауысбекқызы мұндай дағды оқушылардың болашақта бәсекеге қабілетті, белсенді, әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал ететініне тоқталды.
Шара барысында шетелден келген қонақтар «PISA – 2025 зерттеуіндегі негізгі өзгерістер», «PISA нәтижелері және болашаққа бағытталған білім беру стратегиялары» сынды тақырыптарда баяндама жасап, өз елдеріндегі тәжіри­белерімен бөлісті.
Конференция жұмысы «Оқу сауаттылығын дамытудың әдістемелік негізі», «Математикалық сауаттылықты дамыту жолдары», «Жаратылыстану ғылымының өзекті мәселелері», «Цифрлық трансформация: білім беру жүйесіндегі ақпараттық және техникалық сауаттылықтың жаңа мүмкін­діктері» тақырыбындағы секция алаңында жалғасты.
Кез келген мемлекеттің табысты дамуы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Осы орайда халықаралық тәжірибені оқу процесіне енгізе отырып, білім сапасын арттыру, әрі мектеп партасында отырған балалар­дың ертеңгі күні халықаралық сұра­нысқа сай маман болып өсуіне қазір­ден жағдай жасау сынды маңызды мәселелерді шешуде конференцияның маңызы зор болды.

Құралай Мұратқызы

Еңбекшіқазақ ауданы