Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулы Жеңісбек Асанқұловпен кездесті. Жүздесуде бауырлас екі елдің, оның ішінде Алматы облысымен сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігі мен алдағы жоспар талқыланды.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуде аймақ басшысы екі елдің ежелден туыстық тығыз қарым-қатынасына мән беріп, әсіресе шекаралас жатқан Алматы облысымен ауылы аралас, қойы қоралас екенін айрықша атап өтті.
– Біз ежелден Алатаудың күнгейі мен теріскейін мекен еткен бауырлас халықпыз. Оның үстіне сіздермен көршілес жатқан аймақпыз. Қырғыз-қазақ ынтымақтастығына екі ел Президенттері зор үлес қосып келеді. Бүгінде қос тарап 300-ден астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды. Соның ішінде Мәңгілік достық және одақтастық қатынастар туралы шарттар іргетас саналады. Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық және одақтастық әріптестік Жоғары мемлекетаралық кеңес, Парламентаралық кеңес, Үкіметаралық кеңес және Сыртқы істер министрлері кеңесі секілді екіжақты органдардың қалыптасуына жағдай жасады. Бұл келісімдер өз кезегінде өңіраралық байланысты нығайтуға да серпін бере алады, – деді Марат Елеусізұлы.
Аймақ басшысы тараптар арасындағы өзара тығыз байланысты ескере келе, екі ел өңірлері арасындағы ынтымақтастықты да нығайта түсу қажет екенін атап өтті. Облыс туралы жан-жақты ақпарат беріп, әлеуетті инвесторлар мен туристер үшін тартымды өңірлерді тілге тиек етті.
Қазіргі кезде Қазақстан мен Қырғызстан көлік, туристік бағыттар мен қонақ үй бизнесін жақсартып, туризм саласын белсенді дамытып келеді.
– Біздің алға қойған мақсатымыз – Алматы қаласы мен облысы тұрғындарының біздің елге сапарын жеңілдету, елімізде туристердің еркін сезінуін қамтамасыз ету. Біз олардың Қырғызстан шекарасынан кедергісіз өтуі үшін жағдай жасап жатырмыз. Бұл ретте тау туризмін, сондай-ақ саладағы басқа бағыттарды дамытуға биыл күш салынады. Сонымен қоса Алматы мен Ыстықкөл облыстары арасындағы сан салалы өңіраралық байланысты жаңа деңгейге көтеруге де басымдық беретін боламыз, – деді Бас консул Жеңісбек Асанқұлов.
Өз кезегінде қырғыз дипломаты жылы шырайда қабылдаған облыс басшылығына алғысын жеткізіп, сауда-экономика, әлеумет, медицина, білім салаларында қарым-қатынасты нығайта түсудің мәні зор екенін айтты.
Ерзат Асыл