Алты Алаштың мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі соқыр секілді» деген еді. Рухани мәдениетіміз бен елдік мәртебеміздің деңгейін бағамдауға басты өлшем болып келе жатқан осы қағидаға сүйенсек, көпшіліктің не оқып жүргеніне қарап, ой-санамыздың, тұрмыс-тіршілігіміздің түр-тұрпатын аңғаруға болатын секілді.
Бүгінгі жаһандану заманында мәдениеті қалыптасқан, білімді, білгір, ең бастысы, өз елінің патриоты болатын жас ұрпақты тәрбиелеу – басты мақсатымыз екені анық! Сонымен бірге біліммен қатар тәрбиенің жүруі аса маңызды фактор екендігіне еш күмән жоқ.
Қазіргі кезде бесіктегі баладан бастап мектептегі оқушы ұялы телефон, әлеуметтік желілер арқылы тәрбиеленіп жатқанын көріп келеміз. Жасыратыны жоқ, аға буын да сол телефон арқылы жаңалықтарды көріп, расталмаған мәліметтерге сеніп, арандап қалып жатқан жағдайлар кездеседі. Жалпы кез-келген ақпаратты пайдаланбас бұрын оның ресми баламасын зерделеп, қажетті мағлұматты алу керектігін түсініп, жұмыс жүргізуге машықтануымыз керек. Бұл тек оқушы емес, жалпы өзімізге де қатысты деп ойлаймын. Заман талабына қажетті жұмыстарды әлеуметтік желілерге шығару, ақпараттандыру біздің ауданымыздың білім саласында жақсы жолға қойылған. Алайда өткенімізге үңіліп, болашақты ойласақ, өркениетке жетелейтін газет-журналдардың маңыздылығын түсіну өте өзекті.Газет-журналдарды оқу арқылы ресми жаңалықтар алу, сауатты сөз саптау, әдеби тілді меңгеру, сауатты жазу, есте сақтау қабілетін дамыту сияқты дағдыларды қалыптастырамыз.
Осы орайда былтыр біз бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып, Қарасай ауданының ұстаздарымен бірнеше мәрте кездесулер ұйымдастырдық. Орта мектептердің басшылары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері бас қосқан жиындарда мерзімді басылымдарды жаздырып алу, оны оқу мен тәрбие жұмысына пайдалану, балалардың әдебиетке деген құштарлығын оятып, тілдерін ұстартуға қатысты көптеген ой-пікірлер айтылды. Ұстаздар газет-журналдардың күнделікті өмірде, білім мен тәрбие беруде құнды құрал екенін айтып, әріптестерін баспасөзді қолдауға шақырған. Осындай түсіндірме жұмыстардың нәтижесінде басылымдарға жазылған мұғалімдердің қатары еселеп артып, жаңалық атаулыны әлеуметтік желіден емес, мерзімді баспасөзден алатындар саны артып келеді.
Сөз қадірін түсінетін зиялы қауым ретінде газет-журналдардың тағдырына араласып, кәсіби маман ретінде азаматтық ұстанымды көрсету парызымыз деп ойлаймын! Мұғалім – зиялы қауым өкілі, ағартушы, баладан бастап барлық қоғамға үлгі болушы, тәрбиеші екені сөзсіз! Осы тұста барлық білім саласының өкілдерін газет-журнал оқуға, сол бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жариялап, тарихи маңызды шараларға атсалысуға шақырамын!
Әсел Еркімбаева,
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы