Іле ауданында 20 ірі өндіріс орны бар, оның алтауы жүйе құраушы кәсіпорын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 9,7 пайызға өсіп, 741 млрд. теңгеге жетті. Бұл туралы аудан басшысы Қайыржан Жақсымбетов баспасөз мәслихатында айтты.
Өткен жылы Іле ауданы үшін жемісті болды. Бірнеше өндіріс орны есігін айқара ашты. Атап айтқанда, Байсерке ауылында «Galanz Bottlers» АҚ қоймалары іске қосылды, «ТК Газоблок» және «DSF Trading Co» құрылысы аяқталып, ашылу салтанаты 2025 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспарланып отыр.
Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, былтыр негізгі капиталға 205,5 млрд.теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылға қарағанда 87,3 пайызға өскен жайы бар.
«2024 – 2025 жылдарға құны 229,8 млрд.теңге болатын 64 шағын және орта инвестициялық жоба іске асырылады деген жоспар бар. Ауданның өнеркәсіп өндірісін нығайтып қана қоймай, шамамен алдағы уақытта 3,7 мың жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді», – дейді аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов.
Өндірісі өркендеп, халқы жұмыспен қамтылған өңірде биыл 16-ға жуық жаңа инвестициялық жоба іске асырылмақ екен.
«Ауданда 21 931 ШОБ субъектісі тіркеліп, 42651 астам тұрғынды жұмыспен қамтыды. 2024 жылы шағын және орта бизнестен бюджетке 281,2 млрд. теңге түсім түсті, 2023 жылмен салыстырғанда 46,5 млрд. теңгеге артық», – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, былтыр бірінші жарты жылдықта шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 598 млрд. теңгеге өнімдер шығарылған жайы бар. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 10 пайызға көп.
Кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан қолдау қарын ала түспек. Біріңғай кешенді бағдарлама аясында ауданнан 120 кәсіпкер 22,8 млрд. тг сомасында қолдау тапса, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 37 азаматқа 54,6 млн. теңге мемлекеттік грант берілді.
Қазынаны кәсіпкерлік түсімге толтырған ауданда құрылыста қарқынды. Ендігі кезекте ауданда үш ауысымды мектеп санын азайтуға ден қойылып жатыр. Аймақта 42 мектеп болса, соның 17-сі үш ауысымда білім береді. Көрсеткіш аса жоғары. Мұны төмендету үшін «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 1800 орынға арналған қос білім ұясы салынады деп күтілуде.
«Ақжолтай хабардың бірі, Өтеген батыр ауылында заманауи перинаталды орталық пен бір күнде 250 келушіге арналған көп салалық емхана бой көтермек. Бүгінгі күні тиісті құжаттары әзірлену үстінде», – деп сөзін түйіндеді аудан басшысы.