Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толады. Алайда ел басына қайғының қара бұлтын үйірген қаһарлы жылдар естен шығып, санадан сызылған емес. Жанға салған жарасы әлі жазыла қойған жоқ.
Сұрапыл соғысқа Қызылшекара ауылынан да өндірдей жастар аттанған еді. Олардың көпшілігі майдан даласында шейіт болды. Ажал аранынан аман қалғандар туған жеріне оралып, Жеңіс сыйлаған бейбіт өмірді баянды етуге атсалысты. Қан майданда қалай ерлік көрсетсе, қиюы қашқан тірлікті қайта қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатының жақсаруы жолында шүмектете тер төкті. Денелеріндегі соғыс салған жараны елемей, қажыр-қайратын ұрпақ болашағының жарқын болуына арнады. Солардың бірі – бүгінгі әңгімемізге өзек болып отырған, көзі тірісінде ауылдастары «Капитан» атап кеткен майдангер Құрманәлі Дағылов еді.
Құрманәлі аға 1915 жылы 20 қазанда Тәңіртау етегіндегі Нарынқол ауылында дүниеге келген. Әкесі Дағыл Қайыров Қазан төңкерісінен кейін жаңа құрылған жас өкіметтің қабырғасын қаласуға қарапайым еңбегімен үлес қосқан адам болыпты. Сол тұстағы Қызылшекара ауылынан құрылған «Ынтымақ» ұжымшарындағы сан-салалы жұмыстардың бел ортасынан табылыпты. Өзі әліпті таяқ деп білмесе де, балаларын жаңа заманның талабына сай білімді болып өссін деген ниетпен ауылда алғаш ашылған сауат ашу мектебіне беріпті. Ауыл мұғалімінен дәріс алған Құрманәлі көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып қалыптасады. Ұстаз алдынан алған азды-көпті біліммен ғана шектелмей, өз бетінше жалғастырып, Нарынқол өңірінен жаңа құрылып жатқан шаруашылықтардың бірінде ұжымшар мүшелерінің балаларын оқытуға ден қояды.
Ұстаздықпен білімін жетілдірген жас жігіт 1936 жылы Ресейге барып, ауыл шаруашылығы техникумына қабылданып, агроном мамандығын алып шығады. Оқи жүріп, орыс тілін де жетік меңгереді. Жасы келіп, 1937 жылдың қазан айында әскер қатарына алынады. Арнаулы орта білімі, белгілі мамандығы бар Құрманәлі әскери борышын өтей жүріп, Сібір әскери округінің арнайы жолдамасымен Бийск қаласындағы әскери оқуға түседі. Лейтенант шенімен елге келген атпал азамат алғашқы қызметін жаңадан құрылған Нарынқол ауданының әскери комиссариатынан бастаған екен. 1941 жылы өз еркімен майданға аттаныпты. Калинин майданының 101-атқыштар бригадасында болған қазақ офицері жан алып, жан беріскен сұрапыл соғыстың бел ортасынан табылады. Кескілескен ұрыстың небір сойқанын басынан өткізе жүріп, коммунистік партияға мүше болып қабылданады. Майдан өтіндегі көрсеткен ерлігі лайықты бағасын алып, алғаш рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. 1942 жылы аға лейтенант шенін алса, 1943 жылы капитанға көтеріліп, рота командирі болып тағайындалады. Басшылық қызметіндегі ұтымды ұйымдастырушылығы үшін 1943 жылы «Александр Невский» орденіне ұсынылады. Құрманәлі ағаның майдандағы жорығы Берлинге табан тіреп, шығыстағы Жапон соғысымен аяқталыпты. 1946 жылы елге оралып, Ұйғыр ауданының Қырғызсай әскери округінде қызметін жалғастырады.
Құрманәлі Дағыловтың бұдан кейінгі өмірі ауылшаруашылығымен тығыз байланыса өрілген. 1947-1957 жылдары Кеген ауданының Тоғызбұлақ, Көлсай ауылдарында агроном болып қызмет атқарады. Агротехникалық тәсілмен күтіп-бапталған егіс алқабының әр гектарынан 45 центнерге дейін астық алуға қол жеткізгені үшін Құрманәлі «Құрмет» орденімен марапатталады.
1957 жылы туған жердің дәмі тартып, Сүмбеге, ағайын-туысының ортасына көшіп келген майдангер бейбіт өмірдегі ендігі қызметін осы жерде жалғастырды. 1967 жылға дейін өндіріс бригадирі, сиыр фермасының меңгерушісі, экономист, кадр бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер атқарды. Мұнда да еселі еңбегі, өмір шыңдаған қажыр-қайратымен абырой биігінен көрінді. «Мен майданда қан төктім» деп, көкірек керіп, кеуде қаққан жоқ. Қай кезде де қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүріп, әрбір жетістікке, толайым табысқа көңілі марқая қуанды. Қандай қиындық кездессе де, көппен көрген ұлы тойға балап, қисайғанға сүйеніш, қысылғанға қорғаныш бола білді. Ол кісіні ауылдастары да осындай ер көңілді, ақжарқын мінезі үшін жақсы көрді. Әрдайым алдынан қия өтпей, құрмет көрсетумен болды. Атын тура атамай, «Капитан» дейтін еді бәрі. Амал қанша, майдан даласындағы мұз жастанып, қар жамылған қанды жорықта алған жарақатының әсері жанын жаралаған «Капитанға» тағдыр, шіркін, ұзақ жасауды бұйырмаған екен. 1971 жылы небәрі 55 жасында жарық дүниемен қош айтысып, мәңгілік мекеніне аттанды. Артында Зағира Шортанқызындай жан жары, аялап өсірген 5 баласы қалды. Ұл-қыздары қазір Алматының төңірегінде тұрады. Бәрі де – түрлі салада еңбек етіп, қоғамның дамуына лайықты үлес қосып жүрген азаматтар. «Осы жұрт «Капитанды» біле ме екен?!» дегендегі әңгіменің ұзын-ырғасы осындай.
Биыл Жеңістің салтанат құрғанына 80 жыл толады. Қанқұйлы соғысты бастарынан өткерген майдангерлердің өздері бүгінде ортамызда жоқ. Алайда ерліктері елге мұра, ұрпаққа ұран болған сол асыл жандар санадан сызылып, ойдан өшпеуі тиіс. Солардың арасында Құрманәлі Дағыловтың да бар екені анық. Майдангер ағаның атын ардақтап, ұрпақтардың есінде мәңгі сақталуына жол ашу бүгінгі аға буын өкілдері – біздің парызымыз деп білемін. Сондықтан Құрманәлі Дағыловтың есімі өзі туып-өскен Сүмбе немесе Қызылшекара ауылдарындағы көшенің біріне берілсе, майдангерге көрсетілген құрметтің ең үлкені болар еді. Бұл – менің ғана емес, аталған екі ауыл тұрғындарының ой, пікір, талап-тілегі. Аудан басшылығы, тізгін ұстаған азаматтар ел тілегін ескеріп, майдангер ағаға көшенің атын беруге қолдау білдірсе, орындалуына барынша мүмкіндік жасаса, нұр үстіне нұр болғаны.
Тұрсын НҮСІП,
Қызылшекара ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы
Райымбек ауданы