Тәуекел етіп, кәсіп бастау – әрбір жанның қолынан келмейтін іс. Ол үшін адам бойында істің тетігін таба білу, жүректілік, табандылық деген қасиеттер болуы тиіс. Жеке кәсіпкер Ботагөз Қожабекова, міне, осындай қайсар рухты, жігерлі жан. Ол қазіргі Абай облысы, Семей қаласында дүниеге келген. Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде оқыған анасы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романынан үлкен әсер алып, сол сияқты қайсар болсын деп, қызының есімін осылай қойған екен.
Семей десе көзі қарақты бүкіл қазақ – бұл тек Абай, Мұхтар сияқты алыптар туған, аяулы Алаш арыстары бас қосып, туған ұлтының қамын ойлаған қасиетті қала ғана емес, сонымен бірге Шынболат Ділдебаев ағамыздың: «Полигон боп Абай, Мұхтар туған жер, атом неге тек Семейде жарылад(ы)?» – деп ашына жырлағанындай, кеңестік қызыл билік атом полигонын ашып, апат аймағына айналдырған жер екенін жақсы біледі. Бір жағы сол, екінші жағы – енді ғана егемен ел, тәуелсіз мемлекет атанған тұста халықты қарық қылмаған нарықтық қатынастың қиындықтары болар, оның отбасы жаңа ғасыр басталар тұста әр қазақтың арманы болған әсем Алматы маңайына көшіп, Талғар қаласына қоныстанады.
Ботакөз 2003 жылы осы қаладағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1-сыныпқа барады. Көшіп келген отбасына жұмыстың жоқтығы, табыстың аздығынан бұл жерге орнығып кету қиынға соғады. Сондықтан «Ежелгі ата дәстүрі ғой, мал бақсақ та өлмеспіз» деген оймен Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылына көшуге тура келеді. 2011 жылы Ботакөз осы ауылда 9-сыныпты аяқтап, жастарға ортақ мақсатпен арман қуып, Алматы қаласына келіп, Қазақ жол қатынастары университеті жанындағы колледждің теміржол көлігінде тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару бөліміне оқуға түседі. Бұл – еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еңсеріп, халықтың тұрмысы да едеуір жақсарып қалған кез. Ботагөз оқуын да өзі қатарлы дос-құрбыларымен бірге ойдағыдай аяқтайды. Бұдан соң тұрмысқа шығып, бала күтімімен үйде отырады.
– Менің өмірімдегі үлкен өзгеріс – екінші балам өмірге келгенде басталды. Төрт қабырғаның ортасында қарекетсіз отыруды қаламай, әр түрлі салаларды зерттей бастадым, үнемі ізденісте болдым. Осылай тек дамуға деген шешім қабылданған бойда, алдыңнан әртүрлі мүмкіндіктер, жолдар ашыла беретінін сезіндім. Қазір ойлап отырсам, бұл менің даму жолымның бастауы екен.
Мені фрилансердің табысы қызықтырды. Онлайн сауданың енді дамып жатқан кезі. Әртүрлі жобаларда жетекші болып жұмыс істеп, психологиядан бастап egov қызметтеріне дейін, тіпті kaspi.kz қосымшасында, вайдбериз алаңында сатумен айналыстым. Қоймаға тауар апарып, оны Ресейге жіберіп, қосымшадан бақылап отыратын кезім де болған. Кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курс, тренигтерден мүмкіндігінше қалмай қатыса бердім. Қолымда 3-4 айлық бала, екеуміз бірге өсіп, бірге дамыдық деп айтуға да болады, – дейді Ботагөз.
Осылайша ол Талғар қаласындағы «Атамекен» ҰКП бөлімшесінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, тиісті сертификат та алады. Кейін 2022 жылы ең соңғы лекке ілініп, «Мансап» жұмыспен қамту орталығы арқылы «Шелкография» бизнес идеясы үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік гранттың иесі атанады. Сөйтіп, қала орталығынан шағын баспахана ашып, таныстырылым рәсімін өткізіп, жоспарлы түрде жақсы жұмыс істей бастаған кезде кезекті декреттік демалысқа шығады. Бірақ сол баяғы ізденіс оған бір сәт те тыным бермейді, енді Инстаграм емес, ОЛХ-те жұмыс істейтін болады. Одан тек сатылатын дайын кәсіптерді іздейді.
– Кейін кәдімгідей жұмыс істеп тұрған кәсібімді саттым, декретке 1,5 миллион теңгемен шыққан қомақты ақшам бар. Тіпті мемлекет табыс салығы ретінде ұстап қалған 10 пайыздың өзін «кесер тілігін» жасап, отамен босанғандықтан «қиын босану» деп қайтартып алғанмын. Бұл жерде өзім қатарлы келіншектерге айтпағым: «Мемлекет өйтпейді, бүйтпейді, жәрдемақы қоспайды, жөргек, тамақ дегенің қымбат» деп қол қусырып отырмау керек. Бабаларымыз «Қарекет түбі – берекет», «Жатқан тастың астына су бармайды», «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген нақыл сөздерді бекер айтпаған ғой. Әрине, мен өмірлік тәжірибесі мол, ақылы асқан адам емеспін, бірақ қарекет ету керек, ол үшін ниет жақсы болуы тиіс деп ойлаймын. Үмітсіздік, сенімсіздік, қарекетсіздік – табысқа бастамайды. Бұл өмірдің, күнделікті тіршіліктің мәні де сол үміт пен сенім, жүйелі қарекетте деп түсінемін, – дейді ол.
Ботагөздің осынау ниетіне берген шығар, технолог маман басқаратын «Alyp je» фирмасын дайын кәсіп ретінде сатып алады. Тестілеуден өткен, шок технологиясымен мұздату дегенді бұрын-соңды естімесе де қызығып зерттей келе үлкен тәуекелге бел буып, өз атына паттентеп алады. Артынша қарбалас басталады. Алдымен көп тиражбен дайын өнім қораптарына тапсырыс береді. Одан соң HALAL сертификатын және ЕАС сейкестік декларациясын алады. Оған қоса цехқа қажетті аппарат, жабдықтар, жалға алынған цех үшін ай сайынғы төлем – бәрі инвестиция қаражаты мен несие есебінен өтеледі.
– Сөйтіп «Енді артқа қайтуға жол жоқ, қолда патент, «Алға Қазақстан!» деп жүре бердім. Бастап кету оңай болғанымен, кәсіпті жүргізу, жүйеге келтіру, тауарды тарату, жарнамалау қиынға соқты.
Алғашында өзіміздің Талғар қаласындағы бірнеше дүкенмен серіктестік орнаттық. Қолымда каталог, қаланы жаяу аралап, дегустацияға дайын үлгі ұсындым. Бірақ дүкендердің басым көпшілігі бас тартты. «Алмайды», «өтпейді» деп шығарып салып отырды. Алайда Қытай лапшасы, Ресейдің ролтоны, Жапонияның доширагы, Кореяның рамендары сияқты жылдам тағам сөрелерінде толып тұр. Өзіміздің отандық өнімді алғысы келмейтіні қатты қынжылтты. «Бірлік», «қолдау» деген сөздердің бәрі бос екен деп ойладым. Бірақ жақсылық тілеп, күлімсірей жүріп, ары қарай аралай бердім. «Әркімнің өз таңдауы бар, менікі – ұсыну. Жақсы мүмкіндіктен айырылып тұрған өздері» деп өзіме-өзім жігер беріп қоямын. Ақыры мен кірген 12 дүкеннің 3-еуі ғана серіктес болуға келісті.
Біз – бұршақ көжесі, арпа жармасынан дайындалған тұзды көже, борщ, тауық етінен дайындалған үй кеспесі, брокколи және гүлді қырыққабат қосылған көже, қазақша ет, сиыр, тауық етінен дайындалатын котлет, әсіп, нарын, наурыз көже, лағман, фрикадельки және күріш қосылған үй сорпасы, бефстроганов, тәтті-қышқыл тұздық және көкөністерден дайындалған тауық еті сияқты пісіруге көп уақыт кетпейтін мұздатылған өнімдердің кең тандауын ұсынамыз. Қазіргі таңда әсіресе, Алматы қаласында сұраныс өте жоғары, бәрі дерлік онлайн жеткізу қызметі арқылы сатылып жатыр. Серіктестеріміз – Arbuz.kz, Glovo express онлайн супермаркеттері және барлық өңірде бөлімшелері бар COMPAS жанар май құю бекеттері желісі.
Жақында Қонаев қаласындағы «Айша бибі» базарында өткен ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне қатыстық. Сол жерде Балқаш ауданы, Бақанас ауылынан өнімдерімізге сұраныс түсті, бұл – біз үшін үлкен жетістік. Себебі Талғар және Алматы қаласынан кейінгі үшінші өңір. Наурыз айында Қонаев және Астана қалаларының нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір-екі қаладан франшизаға сұраныс түсіп тұр, бірақ ол саланы білмеген соң зерттеп көруім керек. «Тәуекел түбі – жел қайық» дейтін тәуекелшіл халықпыз ғой, бірақ сол жел қайығым батып кете ме, өтіп кете ме – белгісіз. Бірақ мен тәуекел етуден, қиындықтан қорықпаймын. Жұмысшыларға жалақы беретін, кейде тіпті ай сайын цехтың арендасын төлейтін кезде қаражат табылмай, талай көз жасым көл болғаны бар. Сенесіздер ме, «Ертең – аренда» деген күні де ол сома дайын тұрмайтын. Тек бір Алладан сұрайтынмын, Құдіретті күш мені қиындықта қалдырған емес!
Ал «Алып же» өндірісі баламасы жоқ, инновациялық тың идея. Былай айтқанда, біз еліміз экономикасының дамуына үлес қосатын, ауданда алғашқылардың бірі болып өнімін сыртқы нарықтарға экспорттай алатын жаңашылдық әкеліп отырмыз. Біздің өнімдеріміз – гендік модификацияланған ағзасыз, артық майларсыз, зиянды дәмдеуіштерсіз дайындалатын экологиялық таза өнім, дайын тағамдар. Мұздатқышта 6 ай сақталады, бұл мерзім ішінде өнім өзінің құрамын, дәмін, тағамдық құндылығын жоғалтпайды.
Цех Талғар қаласында орналасқан. Онда 4 адам жұмыспен қамтылған. Менің бизнес серіктесім де жоқ. Жолдасым – полиция қызметкері, қолынан келгенше ол да қолдау көрсетеді, сондықтан мұны отбасылық кәсіп деп те айта аламын. Әзірге толығымен табысқа жеттік деу қиын, енді ғана тәй-тәй басып келе жатқандықтан, бұл үлкен жетістіктің бастамасы деп айта аламын.
2025 жыл маған үлкен сыйымен келді. Мен енді тек жеке кәсіпкер ретінде емес, «Әлеуметтік кәсіпкер субъектісі» реестріне енген бизнес өкілі ретінде еңбек ететін боламын. Келешекте қор ашқым келеді. Сөйтіп, әлеуметтік осал топтағы, нақтырақ айтсам, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарымызды жарты күндік, еркін кесте бойынша жұмыспен қамтып, тренингтер ұйымдастырып, оларды бір жағынан сергітіп, екінші жағынан жұмыспен қамтып, қолдау білдіргім келеді.
Жалпы жоспар өте көп, бір Алладан солардың ретімен орындалуын тілеймін. Қазақ: «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді ғой, менің кәсібіме қызығушылық танытып, газет арқылы көпшілікке таныстырып, белімізді буып жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз, – дейді кәсіпкерлік жолға айқын қадам басқан, қиындықтардан қорықпайтын қайсар кәсіпкер Ботагөз Қожабекова.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы