Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны мемлекеттік тіл мәселесін де дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.
Бұл бағытта Кулзира Сейтбекқызы басшылық ететін Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Алматы облыстық филиалы қазақ тілінің дамуы мен қолданыс аясын кеңейту мақсатында белсенді қызмет атқарып келеді. Филиал облыс аумағында тіл саясатын жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған түрлі іс-шараларды ұйымдастырады.
Аталған филиалдың негізгі қызметінің бірі – тілдік білім беру және әдістемелік қолдау көрсету. Облысымыздағы аудандар, ондағы ірі кәсіпорындар мен мекемелерде қазақ тілінің заң аясында қолданылуын қадағалай отырып, әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Оған филиал мүшелерінің әр саладағы мекемелер, мейрамханалар, кафе, асханалар, түрлі деңгейдегі сауда орталықтары мен дүкендердің маңдайшаларындағы жазбалар, сол мекеменің жұмысына қатысты жазбалар мен мақсатты жарнамалардың, көше, жол бойындағы ақпараттық материалдардың мемлекеттік тілде жүргізілутәртібін бірнеше мәрте қайталап қадағалап, әдістемелік көмек көрсеткенін жатқызуға болады.
Қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында Филиал облыс тұрғындары арасында қазақ тілінің маңыздылығын арттыруға бағытталған ақпараттық науқандар мен байқаулар ұйымдастырады.
Сонымен бірге, ғылыми-зерттеужұмыстары да назардан тыс қалмайды. Филиал қазақтілінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізеді. Атап айтсақ «Жалпы орта білім беретін мектептердегі қазақ тілі пәнінің жүргізілу деңгейін арттыру» атты облыс мұғалімдеріне арналған үлкен семинар өтті.Мұғалімдердің жұмыстарына жеңілдік беретін Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл білім» институты, Сулеймен Демирел университетінен ғалымдар баяндама оқып, үлгі сабақтар көрсетілді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету. Бұл мәселе бойынша арнайы топ құрылып, орыс тілді сыныптардағы пәннің оқытылу жағдайы зерделеніп, әдістемелік көмек көрсетілді. Осы бағытта 2024 жылы 23 қазан күні Қаскелең қаласында өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық Тіл форумы өткізілді.Оған облысымыздың мектептеріндегі қазақ, орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын мұғалімдер, ЖОО профессор-оқытушылары, қосымша білім беру ұйымдарының қазақ тілі мұғалімдері, тіл оқыту орталықтарының оқытушылары, тіл жанашырлары, қоғам белсенділері мен журналистер, жалпы саны 300-ден аса адам қатысты. Форумды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалы мен Алматы облысы Білім басқармасы бірлесе өткізді. Бұл шаралар тіл мамандары мен зерттеушілердің тәжірибе алмасуына, тілдің дамуы мен қолданысына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
«Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің қоғамның барлық саласында қолданылуына, дамуына ынталы Қазақстан Республикасында және шетелдерде тұратын азаматтардың басын біріктіретін ерікті ұйым. Сондықтан филиал шетелдегі қазақ диаспорасымен де тығыз байланыс орнатып, олардың ана тілін сақтап, дамытуына қолдау көрсетеді. Атап айтар болсақ, филиал мүшелерінің Испания, Өзбекстан мемлекеттеріне сапарында ондағы қазақ диаспорасымен кездесіп, сұқбаттасып, ұлттық салт-дәстүреріміздің сақталуының куәсі болып қайтты. Бұл бағытта мәдени алмасу бағдарламалары, онлайн курстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жалпы, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Алматы облыстық филиалы мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейту жолында маңызды жұмыстар атқаруда.
Филиалдың бастамалары мен іс-шаралары қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға, ұлттық мәдениетті сақтап, насихаттауға және қоғамның тілдік санасын жаңғыртуға елеулі үлес қосуда.
Сондай-ақ, тіл жанашырларының басқосуында «Қазақ тілі» қоғамының қызметі, болашақта атқарылатын іс-шаралар жоспары үздіксіз талқыланып отырады. Бұл –Қазақстанымыздың болашағына деген зор үміттің нышаны.
Дания Коспаева,
орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, шебер-педагог, қоғам мүшесі