Сахна тас қараңғы. Кенеттен күркіреген күннің дыбысы отырған қонақтарды дір еткізді. «Меніңше, бұл адам, «Дың» еткен дыбыстан жаралған» деп Нұрғиса Тілендиевке арналған өлең жолы оқылды.
Жүректің соғысы үдей түсті. Бұл аңыз адамның дүниеге келген сәтін суреттеген пролог. Табиғаттың өзі ерекше назары ауып, талантты ұлды жарық әлем қуанышпен қарсы алды. Кең даланың төсінде шыр еткен шақалаққа ерекше еміреніп, іргедегі ілулі домбырасын алып, шанағына нәрестені жатқызып, басынан асыра көтерген күйі қуанышын қарт Алатауға сүйіншілеген Тіленді әкей кеудесіне нұр толғанын айтып тебіренді. Бөгенайы бөтен шаттыққа бөленгені соншалық, атұстарына азан шақырып есімін Нұрғиса қояды. Тектілік пен бекзаттықтың төрінен көрінген Тіленді әкенің ырымы аңыз адамның тұтас тағдыр жолын түзгендей. Сахна шамдары жарық дүниеге жаңа келген құндақтаулы сәбиі бар әкеге төніп, жұрттың назарын нәрестеге бұрады.
«Кеудеме менің нұр толды. Ей, Алатау, балам сен сияқты асқақ та айбынды болсын. Жиектей созылған сәуледен балама нұр түсті. Осы нұрың таймасын! Күні нұрлы, көңілі жырлы болғай! Есімін тумай жатып Нұр құйса екен деп тілеп едім, енді міне, Нұрғиса қойдым. Нұр түссін, нұр төгілсін! Жарық дүниеге қош келдің, ұлым Нұрғиса!»
Биыл дарынды композитор, өмірі халқымен бірге өрілген тарлан талант, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғиса Тілендиевтің туғанына – 100 жыл. Жүрегі ән деп соғып, күмбір кеудесін саз кернеген аңыз адамның мерейтойы Юнеско көлемінде аталып өтетіні оның артына мәңгі өлмес мұра қалдырып, қасиетті қара домбыраның қадірі артып, күй құдіретінің асқақтай беретінін тағы да дәлелдегендей. Кішкентайынан домбырасын қолынан тастамай, қос ішектен саулатқан саздан нәр алып, өнер үшін жаралған күй мен ән өнерінің шоқтығы биік жұлдызы Нұрғиса Тілендиевтің ұлы тойының кіндігі кесілді. Облыс орталығы, Қонаев қаласында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен ән мен жырға толы сазды кеш ұлы тұлғаны сағынтып қана қоймай, жүректерді әлдилеп, бірде жұбатып, бірде жылатып, ал бірде қуаныштан тасытты. Ұлы той Мәдениет үйінің кіреберісіне қойылған көшпелі мұражайды тамашалаудан басталды. Сазгердің киген киімі мен ұстаған заттары көпшіліктің көз жауын алып, ерекше естеліктерді еске салды. Дәліздегі көрмеге қатарынан тізілген Нұрғиса атамыз жайлы жазылған кітаптар мен ол туралы орамды ойлар сазгерге деген сағыныш сазын үдете түскендей. Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейінің жылжымалы көрмесінен әкелінген 70-ке жуық экспонатты тамашалаған қонақтар қазақы асқақ рух пен көкжиекпен астасқан кең даланы менмұндалатқан өнер адамының мәңгі өлмейтінін айтып, оның шығармашылық шыңы ешқашан аласармайтынын әңгімеледі. Аңыз адамның адуындап келіп жұбататын, арындап келіп жылататын сиқырлы сазын сағынғандардың қарасы қалың. Алыс-жақыннан келіп, ұлы тұлғаның рухына бас иген мәртебелі меймандар да күйден алау жаққан жанның ұлы тойы үлкен дәрежеде бастау алғанына өз ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тіленді, облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары, аудандық, қалалық Мәдениет үйлерінің директорлары қатысты.
Прологпен басталған салтанатты шара күйшінің өзі құрған өнер ұжымының орындауындағы «Ататолғауымен» жалғасты. «Отырар сазы» шебер орындаған шығарма жұртшылықтың үлкен қошеметін тудырды. Бұдан соң бір өзі қазақ музыкасының тұтас дәуіріне айналған дәулескер композитордың 100 жылдығы күллі қазақтың қуанышы екенін жеткізген кеш жүргізушілері ұлы тойды бастау үшін сахна төріне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевті шақырды. Облысымыздан бастау алған мерейтойдың құндылығын жеткізген Марат Елеусізұлы өз сөзінде:
– Ардақты ағайын, қадірлі зиялы қауым! Ұлы бабалардан қалған төл мәдениетімізді, өнерімізді өскелең ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз. Дәулескер күйші, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойының ашылу салтанатына қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға зор септігін тигізетінін айтқан еді. Міне, осы орайда өткен жылы күллі қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Биыл да кең даланы күйімен күмбірлеткен ұлт перзенті Нұрғиса Атабайұлының мерейтойына орай облысымызда арнайы жоспар әзірленіп, халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде,– дей келе, алып тұлғамызды әлемге паш ету баршамыздың ортақ міндетіміз екенін айтып, үстіміздегі жылы Іле ауданында Нұрғиса Тілендиевтің еңселі ескерткіші бой көтеретінін сүйіншілей жеткізді. Сонымен қатар өңіріміздегі Жамбыл әдеби-мемориалды музейінің аумағындағы сазгердің ескерткіш зиратына реставрациялық жөндеу жұмысы жүргізілетінін де атап өтті. Марат Елеусізұлы мерейтой аясында облыс аумағында орналасқан елдімекендердегі көшелерге, саябақтарға, жаңадан салынған мектептерге Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілетінін, «Түріксой» халықаралық ұйымымен бірлескен белгілі өнер ұжымдарының қатысуымен халықаралық концерттер, ауқымды отырыстар өтетінін де тілге тиек етті. Ұлы тойды лайықты атқару облыс жұртшылығына үлкен жауапкершілікті артатын да еске салды.
Келесі сөз кезегін алған Қазақстан Респуликасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойының ашылу салтанатына ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының зор ықыласы мен сәлемін жеткізіп, жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады.
– Бүгін тек Алматы облысы үшін ғана емес, қазақ елі үшін мерейі үстем мереке, Нұрғиса Тілендиев жылының ашылу салтанаты. Нұрғиса Атабайұлы – біздің қазақ руханиятының жалауын көтерген, қазақ күй өнерінің, музыкасының абыройын асқақтатқан көрнекті тұлға. Ол өз шығармашылығында тек бір ғана өңірдің мектебін меңгерген жоқ. Талай-талай күй түрлерін танытып, саз мектептерін қалыптастырды. Сонау заманнан бастау алатын күй өнерін биік деңгейге көтерді. Оның тек қазақ елінің мақтанышы емес, әлемге ортақ тұлға екеніне көзіміз жетіп отыр. Юнеско 2023 жылы 42-сессиясында, Түріксой 40-сессиясында 2025 жылды «Тілендиев жылы» деп жария етті. Бұл – мемлекеттің беделі, ұлтымыздың абыройы, – деп күйші-сазгердің ел үшін ерекше еңбек сіңіргенін алға тартты.
Келесі болып сахнаға көтерілген Мәдениет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдын Қапашев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Сахнаға шығып, Нұрғиса атамыз жайлы жылы естеліктерді тебірене толғаған актер Ерлан Біләл композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы сыр тарқатты. Кеш барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Мәдина Сәдуақасова, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мирас пен Құралай, Гүлнұр Оразымбетова сазгердің туындыларын шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Театр әртістері Еділ Рамазан мен Ақбота Рахат Нұрғиса Тілендиев өміріне қатысты өлеңдер оқып, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі салтанатты шараның мәні мен сәнін арттырды. Ашылу салтанаты өткен аңыз адамның ұлы тойы бір жыл бойы елімізге береке мен мереке сыйламақ.
Құралбек СӘБИТОВ