Алматы облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІІІ сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңестің төрағасы, құқық қорғау органдарының, департамент пен басқарма басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев сессияны ашып, күн тәртібімен таныстырған соң алғашқы сөз кезегін алған облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Кеңесбаев 1 663,7 мың га аумақты құрайтын Алматы агломерациясында 5 қала, 52 ауылдық округ және 192 елдімекен орналасқанын, халық саны 2023 жылы 3 357,1 мың адам болғанын, демографиялық болжамға сәйкес 2050 жылға қарай 6 291,1 мың адамға дейін өсетінін тілге тиек етті. Одан кейін Алматы агломерациясының жобалық кеңсесінің басшысы Нұрсаид Бахаев 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру барысы туралы есебін депутаттар назарына ұсынды.
– 2023 жылдың желтоқсан айында Үкіметтің қаулысымен бекітілген Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары экономикалық өсуді және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін 10 негізгі бағытты қамтиды. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттен, жеке инвестициялардан қарастырылған. Жалпы қаржыландыру көлемі 3,37 трлн теңгені құрайды. Бұл мемлекет тарапынан агломерацияны дамытуға жоғары деңгейде көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Кешенді жоспар аясында облыста 5 жыл ішінде 78 жоба жүзеге асырылады. Еңбекшіқазақ ауданында салынып жатқан жатақханалар сапалы білімге қолжетімділікті арттырады. Қарасай ауданындағы екі ауылда және Іле ауданындағы бір ауылда медициналық нысандардың құрылысы басталды. Тағы жеті ауылға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сондай-ақ іске қосылған 49 әлеуметтік маңызы бар бағыт көлік қолжетімділігін едәуір жақсартады, – деген Нұрсаид Бекжанұлы кешенді жоспардың ашықтығы мен тиімді басқарылуын қамтамасыз ету үшін интерактивті дэшборд әзірленгенін жеткізді. Баяндамашыларға бірқатар сын-ескертпе жасаған халық қалаулылары Алматы агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы баяндамалардың назарға алынуын қолдап дауыс берді.
Одан әрі жалғасқан сессия отырысында депутаттар Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің «Ромашка», «Ветеран» және Рахат ауылдық округінің «Береке», «Алтын Адам», «Есік-2», «Алтын алма», «Көксай» саяжайларын Есік қаласының аумағына қоса отырып, қала шекарасын өзгертуді бірауыздан мақұлдады. Сонымен қатар Алатау қаласындағы бағалау аймақтарының шекараларын, жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін және жер комиссиясының құрамы мен ережесін бекітті.
Келесі кезекте облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ләззат Бейсеқұлова сөз алып, облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 20 мамырдағы № 45-261 шешімімен бекітілген облыстың (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы атағын беру қағидасына өзгеріс енгізуді сұрады. Ләззат Мұқатайқызының айтуынша, Құрметті азаматы атағы әкімнің ұсынысы бойынша тиісті мәслихаттың шешіміне сәйкес беріледі. Облыс әкімінің атына жылына 20-30 өтініш келіп түседі. Өтініштер мен ұсыныстар бойынша әкім аппараты атақ беруге үміткерлердің тізімін қалыптастырады. Сол себептен атақ санын 10-нан 15-ке ұлғайтып, жылына екі мәрте беру ұсынылды. Мәселені дауысқа салған депутаттар аталған қағидаға өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылдады.
Сессия отырысын облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев қорытындылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ