Түрлі ертегі, мультфильмдер таза парақтай болған сәби санасына сіңіп, ой-өрісін қалыптастыратыны белгілі. Көз алдында жылт еткеннің бәрін тамашалауға құмарта бастаған балақайлар ондағы кейіпкерлердің іс-қимылына қызығып, әрекетін бұлжытпай қайталап жатады. Міне, содан баланың бар өмірі қалыптасады десек, артық айтпағанымыз.
Бүгінгі мультфильмдерге көз салғанда мені қынжылтатыны –жағымсыз кейіпкердің көптігі және жас ұрпақтың солардан тәлім алатыны. Тіпті, олардың бейнесі бар киім киіп, ойыншықпен ойнайды. Тамақ ішетін ыдысына дейін мультфильм кейіпкерлерін еске салып тұрады. Анимацияның әсері айықпас ауруға душар етіп, балаларды олардың өмір салтына еріксіз жетелейді. Экранның алдына отырған бүлдіршін ондағы оқиғалардың ішіне еніп, төңіректе болып жатқан дүниенің бәрін ұмытады. Сөйтіп ол ойдан шығарылған бір кейіпкерге айналып, соған сәйкес мінез-құлық көрсете бастайды. Балалар мультфильмдерді тым көп көрген сайын, қоғамдағы өз орнынан ажырап, шынайы әлемге деген қызығушылығын жоғалтады.
Әрине, жақсы мультфильмдер де бар. Бірақ балалар оған қарағанда қорқыныштысына, әсерлісіне көз тастағанды ұнатады. Мәселен, көптеген бүлдіршін «Уэнсдей», «Хаги-ваги», «Игра в кальмаре», «Сирена головый», «Кроми» сынды мультфильмдерге әуес. Психологтардың зерттеуі бойынша соңғы уақыттарда, осы қорқынышты бейнелердің кесірінен аутизмге ұшырап, түрлі ауруларды бойына жиған балалар қатары артқан. Мультфильмдегі кейіпкерге әбден әуес болған жеткіншектің ми қыртыстарының дамуы тежелетін көрінеді. Оның денсаулықты нашарлатқаны бір бөлек, тәрбиеге де кері әсер етіп жатқаны шошытады. Кейіпкерлерге еліктеуден ашу-ызасына ерік бере алмай, үнемі агрессивті қалыпта жүрген баланың болашағы қандай боларын бағамдай беріңіз.
Бұл ретте күмәнді отандық түсірілімдерге, қаралымы көп «YouTube» арналарға тыйым салған дұрыс деп есептеймін. Өзіміздің қаракөздеріміз түсірген бейнероликтер де ұлттық сананы лайлап, түзу тәрбиеден жаңылдырып жатқаны шындық. Мысалға келтірер болсақ, бір сюжетте ата-анасына ренжіп қалған 4 жасар қыз үйден қашып, өзге адамның көлігінің ішіне барып тығылады. Бұл ісінің жөн емес екенін айтудың орнына қызын іздеуге шыққан анасы баласын әрең тауып, екінші ұрыспауға уәде беріп, мақтап үйіне ертіп келеді. Мұны көрген жасөспірімдер осылай жасасақ әке-шешеміз бізді де жақсы көреді екен деп бұл істі қайталауы бек мүмкін. Ал оның соңы неге апаратынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Адамдарды атып, оларды өлтіргеніне мәз болатын қуыршақ қыздың да әр сөзін жаттап, қылығын қайталап жүрген балғындарымызды да көрдік. Міне, мультфильмдердің баланы баурап алар қасиеті осыда.
Бұл ретте ата-ана ұл-қызының әр қадамын бақылауда ұстап, олардың не көріп, қандай тәлім алып жатқанын бағамдай білгені дұрыс. Зорлық-зомбылық көріністер, арсыз ой, әдепсіз сөзі көп мультфильмді көрсетпеген абзал. Керісінше, жақсылыққа үндейтін, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын телеөнімдерді көрсетсек, елін, жерін жүрегімен сүйіп, өз жақындарын қадірлейтін саналы ұрпақ қалыптасып шығары анық.
Құралбек Сәбитов