Қонаев қалалындағы көпсалалы колледждің мәжіліс залында облыстық әділет департаментінің ұйымдастыруымен «Бала саудасына қарсы күрес» тақырыбында семинар өтті. Шараға Қонаев қалалық прокуратурасының, «Родник» әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығының өкілдері, жеке сот орындаушылары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Семинарды ашқан колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Серік Байшеков өткізіліп отырған шараның мақсат-міндетіне тоқталып өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған қалалық прокуратураның өкілі Нәжмеддин Жұмаділдаев қатысушыларға былтыр 5 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңының жекелеген баптарын ішінара түсіндірді. Адам саудасына қарсы күреске бағытталған заңдағы соңғы өзгеріс жайлы айтып берді.
– Адам саудасы оның ішінде бала саудасы бүгінде өте өзекті болып отыр. Сондықтан оған қарсы күрес күшейтілуде. Елімізде 2023 жылы жаңа туған нәрестелерді сату бойынша 19 қылмыс тіркеліп, 15 тұлға жауапкершілікке тартылды. Былтыр 12 дерек орын алған. Осыған байланысты адам саудасына қарсы жұмыс күшейтілуде. Соған қарамастан жаңа туған нәресте сатуды ауыздықтау қиынға соғуда. Бүгінде ересек адам да, бала да адам саудасының құрбаны бола алады. Сол себепті жұмыс іздеуде, жаңа таныстарда қырағы болу және ақша табудың оңай жолын іздемеу маңызды. Әркім өз қауіпсіздігі үшін жауап береді. Кәмелетке толмағандар беймезгіл уақытта көшеде және басқа орындарда жүрмеуі керек. Шектеу қойылған мезгілде жүріп, қиындыққа тап болған жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылады, – деген прокурор заңды сақтағанның өзіне ғана емес, жақындарына да зияны тимейтініне студенттердің назарын аударды. Одан кейін сот орындаушысы Светлана Пиксаева зорлық-зомбылықтың түрлерін атап өтті.
Семинардың екінші бөлімі сұрақ-жауап, ойын форматын қамтыды. «Родник» орталығының бағдарлама үйлестірушісі Ғазиза Жайсаңбаева мен қалалық аурухананың психологы Назгүл Жанұзақова зорлық-зомбылықтың не екенін, оның қандай түрлері бар екенін тренинг арқылы түсіндірді. Олар интерактивті ойын өткізіп, студенттердің зейіні мен бейтаныс адамдарға деген сенім деңгейін байқап көрді. Бұл шара қауіпсіздік сақтаудың маңызды екенін ұғындырып, жастардың адам саудасы мен зорлық-зомбылық туралы түсінігін арттыра түсті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ