Жер беті жаңарып, көктемнің алғашқы лебі ескені кімге ұнамас? Өйткені бұл мезгілдің өз әсемдігі, ерекше тылсымы бар. Алайда ауа райының айтып келмейтін апаты, ауыртпашылығы бары да жасырын емес. Солардың бірі – су тасқыны. Қар еріп, жауын-шашын тоқтамай, бөгеттердің бітелуі, өзен-көлдердегі су деңгейінің күрт көтерілуі – қауіпті құбылыс. Дер кезінде тілсіз жаудың алдын алу өте жауапты жұмыс. Ал бұл іс Қарасай жерінде қаншалықты назарға алынған?
Жақында аудан әкімі Жасұлан Естенов су басу қаупі бар аумақтарды аралап, жағдайды бақылап қайтты. Әсіресе, ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су тасқынының алдын алу шарасының қалай жүріп жатқанын назарға алды. Сондай-ақ жауапты мекеме өкілдеріне тапсырма жүктеп, тиісті жұмысты дер кезінде атқару қажеттігін ескертті.
Биыл аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға жергілікті бюджеттен 140 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін ауданның жергілікті атқарушы органының төтенше резерві 70 млн теңгені және шұғыл шығындарға арналған ауданның жергілікті атқарушы органының резерві 70 млн теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданында су тасу қаупі бар үш аумақ анықталып отыр. Олар – «К-25», «Октьбрь-1» су қоймалары және «Жан-Кулюк» каналы. Алдағы уақытта мұндағы қауіпті жою мақсатында күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Мәселен, «К-25» су қоймасы үшін өткен жылы облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. Биыл көктем айында жұмысты бастау жоспарлануда. Оған жауапты мердігер ұйым – «Оймақ құрылыс» ЖШС. Ал «Октьбрь-1» су қоймасы мен «Жан-Кулюк» су арнасын қалыпқа келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған.
Су басу қаупі жауған қардың дер кезінде тазаланбауына да байланысты туындайды. Бұл ретте Қарасай жеріндегі аудандық маңызы бар жолдардың қары аса қауіп төндіре қоймайды. Өйткені бұл жұмысқа жауапты «Amanat Cleaning» компаниясы қызметін уақытылы атқарып, қала мен ауылдық округ аумағынан 8000 тоннадай қар шығарған.
Аудандағы өзендер мен су шаруашылығындағы нысандардың жағдайы төтенше жағдайлар бөлімінің үнемі бақылауында. Осы мақсатта аталмыш бөлім «Қазселденқорғау» мен «Алматы облыстық су шаруашылығы» мекемелерімен бірлесіп, су деңгейіне және таудағы қардың қалыңдығына апта сайын мониторинг жүргізіп тұрады. Ол үшін арнайы екі маусымдық және бір тұрақты гидробекет қарастырылған.
Жақында аудандағы қала мен ауылдық округтердің көктемгі су тасқынына қарсы дайындығы тексерілді. Анықталған кемшіліктерді дереу жою мақсатында басшыларға тиісті тапсырма берілген.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ақпаратына сүйенер болсақ, барлық су қоймасында, су құрылыстарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта аудандағы су қоймаларының көлемі бірқалыпты. Мөлшерден жоғары ұлғаю мен толып кету қаупі жоқ.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ,
Қарасай ауданы