Қонаев қаласында «Алатау жастары» ұйымының отырысы өтті. Басқосуға қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.
Жиынды ашқан Қонаев қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Төребеков былтыр облыс орталығында құрылған «Алатау жастары» ұйымының ардагерлермен ынтымақтаса жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жастарға қолдау көрсету ел саясатының негізгі басымдығының бірі екенін айтқан бөлім басшысы биыл арнайы жоспар аясында кешенді жұмыс атқарылатынын тілге тиек етті.
Мінберге шыққан қалалық полиция басқармасының өкілі Темірлан Сатыбалдинов нашақорлық пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кездесу өткізілетінін айтып, ювеналды полиция инспекторларының барлық мектепте отырғанымен, колледждерге жиі барғанымен құқықбұзушылықтың азаймай тұрғанын жасырмады. Осы орайда балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып, нашақорлықты болдырмау үшін жастарды спортқа, шығармашылыққа баулудың тиімділігін қаперге салды.
Келесі кезекте қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаев сөз алып, алдағы уақытта жастарға бағыт-бағдар беру және еңбекке баулу бағытында екі ұйымның арасында меморандумға қол қойылатынын хабардар етті. Сонымен қатар «Алатау жастары» ұйымының төрағасы болған Дидар Жұмақанның басқа жұмысқа ауысуына байланысты бұл лауазымға жаңа адам сайланатынын жеткізді. Жиынға қатысушылар атынан Меруерт Шолпанбайқызы аталған ұйым төрағалығына Мұхаммед Хамиттың кандидатурасын ұсынды. Ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, үміткер жаңа төраға болып сайланды.
Мұхаммед Дарханұлы 2000 жылы Қонаев қаласында дүниеге келген. Осындағы №3 орта мектепте оқыған. Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде физика-математика бағытында білім алған. Италия мемлекетіндегі жоғары оқу орнын цифрлық бизнес мамандығы бойынша бітірген. Дүкендер желісінде, білім орталықтарында және Қонаев қалалық әкімдігінде қызмет атқарған.
Жиын соңында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақан Ахаев жастар ұйымының жаңа төрағасына құтты болсын айтып, алдағы ісіне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы