Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Тасашы, Ақтасты ауылдарының тұрғындары алдында есеп берді. Онда өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырып, биыл атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кездесуді Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаев жүргізіп отырды.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешімін тапқанын тілге тиек етті.
– Былтыр ауданның бюджеті 8,5 млрд болса, биыл 11,5 млрд-ты құрады. Өңірде жол, құрылыс, тұрғын үй саласы бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Өткен жылы Тасашы орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл мектептің материалдық базасын жаңартуға 22 млн теңге бөлініп отыр. Былтыр Тасашы ауылдық округінің бюджеті 1 млрд 479 млн теңге болса, биыл 5 млрд 600 млн теңге бағытталды. Бұл – өте үлкен қаражат. Ауылға әкімдік ғимаратын салу үшін 349 млн 500 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталды. Тұрғындар тарапынан ауызсу мәселесі жиі көтерілген болатын, биыл бұл да шешімін таппақ. Тасашы ауылына ауызсу жүргізу үшін 626 млн 300 мың теңге бөлініп отыр. Республикалық Кеген-Нарынқол күре жолының сапасы өте нашар. Осы жолды жасау үшін мемлекеттен 4 млрд 300 млн теңге қаржы қарастырылды. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы арқылы Сарыжазға дейін 32 шақырым жол жасалатын болады. Қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында елдімекендерге бейнекамералар орнатылып жатыр, – деді.
Есеп беру барысында аудан басшысы ауызсу, құрылыс, жерді тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелер, жұмыспен қамту, шағын несие беру, денсаулық сақтау, білім беру сияқты барлық сала бойынша толыққанды мәлімет берді.
Былтыр тұрғындар тарапынан көтерілген тағы бір мәселе Жоғарғы Тасашы ауылындағы М.Мақатаев көшесінің 700 метр жолын жасау болатын, ол да шешімін таппақ. Көшені асфальттау үшін биыл 25 млн теңге қаржы бөлінген. Келесі мәселе – көшелердегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Тасашы, Ақтасты ауылдарының 8 учаскесіне жол белгілерін қою үшін 6 млн 300 мың теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар биыл Тасашы ауылдық округі бойынша көше жарық шамдары орнатылып, Тасашы, Ақтасты ауылдарында Жастар саябағы салынбақ.
Тұрғындар да өз өтініш-тілектерін ортаға салды. Ауыл тұрғыны Рамазан Мырзағалиев Сарыкөл елдімекеніндегі ауызсу мәселесін көтеріп, жолдың нашарлығын, интернеттің жоқтығын айтты. Ақтасты ауылынан шыққан бес бірдей Социалистік Еңбек Еріне ескерткіш-бюсті орнатылса деген ұсынысын жеткізді. Аудан әкімі тұрғындардың тарапынан түскен сауалдарға жауап беріп, тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Жиын соңында Кеген аудандық сотының төрағасы Салтанат Қожахметқызы қылмыстық, азаматтық істер, сот жүйесінің ашықтығы туралы әңгіме қозғап, тұрғындарға заңгерлік кеңес берді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы