Мейірім – адам бойындағы ең ізгі қасиет. Жай ғана біреуге қолұшын созу, қолдау білдіру, жылы сөзіңмен болса да демеу – бұл үлкен жүректілікті қажет етеді. Кішкентай ғана игі іс өзге жанның жүрегіне жылу сыйлап, жүзіне күлкі үйірсе, соның өзі зор қуаныш. Міне, осындай айналасындағы жандарға жылу сыйлайтын шарапатты шара – «Мейірім» акциясы Ұйғыр ауданында өтті.
Аты айтып тұрғандай, көңілі жарым жандарға бір сәттік қуаныш сыйлауды мақсат еткен акцияға Ұйғыр аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары атсалысты. Бұл бөлімдегі әлеуметтік қызметкерлер қашанда жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолұшын созып, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалары бар ата-аналарға көмек көрсетіп, қолғабыс етуден жалыққан емес. Тіпті жалғызбасты қарияларды ата-анасындай сыйлап, алғысын алып жатқан жандар да көп. Аудандағы 44 әлеуметтік қызметкер 121 балаға, 97 қария мен мүгедектерге қызмет көрсетеді. Олар сол отбасылардың бір мүшесіне айналған.
Бұл акцияның ерекшелігі, бірнеше әлеуметтік қызметкер бірлесе отырып, мұқтаж жандардың отбасына барып, қолдау көрсетіп, үй шаруасына көмектесіп, өз аттарынан қайырымдылық жасауды да мақсат еткен. Ең әуелі Күлшаруан Шуақбаева апаның үйіне бас сұқты. Үйін әктеп, тазалап, бар шаруасын тындырды. Бір ұлын жер қойнына тапсырып, өмірдің ащы дәмін татқан апа төсек тартып қалған отағасының қабағына қарап, қаладағы балаларына барудан да бас тартқан. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Апта сайын қалада күйбең тірлікпен жүрген ұл-қызы келеді. Дегенмен, бұл үйдің қызындай болған Нұрқалиша Қаражанова әпкеміз ата мен апаның қабағын бағып, кір-қоңын жуып, бар тірлігін істеп, елпектеп-ақ жүргені. Осында жиі келіп, үй шаруасына көмектесіп, ісімен де, жылы сөзімен де демеу беріп, қолдау көрсетіп отыратын Нұрқалиша әпкеміз бен барлық әлеуметтік қызметкерге Күлшаруан апа алғысын айтып, батасын берді.
Бұл күні әлеуметтік қызметкерлер қос бірдей ерекше қамқорлықтағы баланы бағып отырған Гаухар әпкеміздің шаңырағына да барды. Венера Абдуллаева есімді әлеуметтік қызметкер бұл отбасына өз атынан азық-түлік әперсе, басқалары үйін тазартып, тамағын жасап, бір күн бойы сол отбасына қолғабыс етті. Әпкеміздің де бір уақыт демалып, әңгіме айтып, көңілінің сергігенін аңғардық. Өмірдің бір сынағы деп қабылдап, бауыр еті баласын мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп отырған бұл отбасының да бір мүшесіне айналған жан – Нуриям Мерейімова. Нуриям әпкеміз ерекше қамқорлықты қажет ететін балалармен жұмыс істеудің де өз қиындығы бар екенін айтады. «Олар әп-сәтте құбыла қалады. Мен де үйреніп қалдым. Олардың қалауын түсіне қойсаң, жүздерінде ризашылық сезімі пайда болады. Мені сол бір сәттік жылышырайдың өзі қуантады», – дейді әпкеміз.
Иә, «Қуанса, бала қуансын» дейтін халқымыз да бар жақсылықты балаға жасауға тырысады. Бала жақсы пейіл мен ниетті, мейірімді бірден сезеді. Сондықтан бала көңілін аулап, олардың бір сәттік қуанышына себепкер болған әлеуметтік қызметкерлердің қай-қайсысының болса да еңбегін ерекшелеп айтуға болады. Балаларға бар мейірімін сыйлап жүрген осындай жандар көп болса, әлем әлдеқашан бейбітшілік мекеніне айналар еді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы