Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында жарақат бөлімі жұмыс істей бастады. Жаңа бөлім осындағы аудандық орталық аурухана ғимаратының екінші қабатынан жабдықталды. Бөлімнің ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы келіп, тұрғындар мен дәрігерлердің қуанышына ортақтасты.
Шараға сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бағдат Байшалұлы, ардагер-журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Күмісжан Құдайбергенқызы қатысып, өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Сөз алғандар өңірде кейінгі жылдары тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бірінші кезекке қойылып отырғанын, бұл бағыттағы жұмыс өз жемісін беріп жатқанын атап өтті. Денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуінің нәтижесінде халықтың сенімі де жыл өткен сайын артып келеді. Жамбыл ауданында бұған дейін арнайы жарақаттар бөлімі болмаған. Енді науқастар Алматыға, Қаскелеңге немесе Өтеген батыр ауылына барып уақытын жоғалтпайтын болды. Жергілікті тұрғындар осындағы білікті дәрігерлердің сапалы қызметіне жүгінбек.
Жарақат бөлімінің лентасы қиылып, мәртебелі қонақтар ішін аралап, жұмысымен танысты. Аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Сыбанбаев кең де жарық бөлмелердің қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, төсек-орындармен жабдықталуын көрсетті. Мұнда жатып емделушілер үшін асхана жұмыс істейді және басқа да қажетті көмекші қызмет түрлері көрсетіледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы