Халықаралық әйелдер күніне орай волейболдан әйелдер арасында өткен облыстық турнир өз мәресіне жетті. Жарысқа Жетісу облысы, Алматы облысының барлық ауданынан, сондай-ақ Қонаев пен Алматы қаласынан салауатты өмір салтын ұстанатын 18 жастан асқан қыздар мен әйелдер қатысты.
«Құрметті ханымдар! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алға қойған мақсат-мұраттарыңыз орындалып, толайым табысқа жетіңіздер! Табиғат қайта түлеген көктем мерекесі сіздерді жеңісті де жемісті күндерге бастасын! – деп, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған турнир волейболды олимпиадалық спорт түрі ретінде кеңінен насихаттау, шеберлікті шыңдау, мықты команданы анықтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілді.
«Мен жас кезімде біраз жыл кәсіби түрде волейболмен айналыстым. «ЦСКА Алматы» клубының құрамында өнер көрсеттім. Есейе келе оқуға бет бұруға тура келді. Бірақ волейболға деген қызығушылығым толастаған емес. Алматы қаласында әуесқойлар клубын ашқанымыз сондықтан. Онда аптасына екі-үш рет жаттығу өткізіп, арасында жарыстарға шығып тұрамыз. Бүгінгі турнир бәрімізге мерекелік көңіл-күй сыйлады», – деді жарысқа қатысушы, волейболдан спорт шеберлігіне кандидат Меруерт Жұмажанова.
Жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Ешкім қарсыласына есе жібермеуге тырысты. Турнирде «Жетісу» командасы топ жарды (Талдығорган). Финалдық кездесуде алматылық «Dream team» клубының ойыншыларынан басым түсті. Үшінші орынды Алматы қаласынан қатысқан «SG» командасы иеленді.
Жарысты Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қонаев қаласының әкімдігі ұйымдастырды.