Адамзат үшін ауыр қасірет әкелген XX ғасыр қазақ жұрты үшін де зұлмат-зобалаңға толы болды. Кер заманның кесірі тиіп, нақақтан-нақақ қудаланып, кінәсіз қамалып, жазықсыз жазаланғандар жетерлік. Солардың бірі – ақын, әнші-композитор, ағартушы, педагог, публицист, Алаш қайраткері Қапез Байғабылұлы небәрі 43 жасында Коми АКСР Ухта қаласының түрмесінде атылған.
Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылындағы Ақтоғай елдімекенінде дүниеге келген Шығыс әдебиетінің білгірі, көсемсөзші Қапез Байғабылұлынан Нұржігіт, Мәйкө, Шөке, Ерден есімді 2 ұл, 2 қыз тараған. Бүгінгі таңда осы төрт баладан қалған жалғыз тұяқ – жақсының жалғыз қарашығы, тоқсанның төртеуіне келген кейуана Шөке әжеміз. Асылдың сынығы, тектінің ұрпағы Шөке Қапезқызы әкесін «халық жауы» деп ұстап әкеткенде небәрі алты жастағы ойын баласы еді.
Сол қасіретті күнді әжеміз былай еске алады: «1937 жылдың қақаған қаңтарында әкемді жаяу айдап әкетті. Әкем барда өкімет үй берген, екі айдан кейін тартып алып, әкемнен қалған асыл мұралармен қоса өртеп жіберді, қаншама құнды кітаптар, өзінің еңбектері жанып кетті. Қиын-қыстау жылдары інісі Әбіштің үйінде тұрдық. Әкемнің көзін көрген, жақсылығы өткен кісілердің бәрі көмектесті. Кейіннен мектептен бір бөлме бұйырды.
Түрмедегі әкеме Нұржігіт ағам мен шешем Тоғызбұлақ ауылынан Кегенге тамақ таситын. Бір жолы кездесуге барғанда әкем қолымен он саусағын алдыға бір рет, артқа бір рет қаратып: «Әй, Жібек, осынша уақытқа кетіп барам, сендерді мүмкін көремін, мүмкін көрмеспін, бала-шағамызды жақсылап бақ, өзіңе аманат», – депті. Сонда 20 жылға сотталғанын еркін айта алмайды. Нұржігіт ағам зерек болатын, шешеме қарап: «Жібе, (ата-апамыздың қолында болғасын шешемізді Жібе дейтінбіз) әкем тура жиырма жылға айдалып барады. Қолымен он дегенді екі рет көрсетті ғой», – депті. Одан кейін Алматыға жаяу айдап кеткен күнді анам былайша егіле еске алатын: «Ақ қар, көк мұзда сонау жер түбіне жаяу әкетті. Тері ішігін киіп алған, тер басып, көзін қайта-қайта сүртеді. Өзі жүйрік еді ғой, топтың алдында екінші болып жүріп отырған қайран Қапезім». Сөйтіп, жылап алып, өзіне-өзі: «Қой, балаларымды қорқытпайын», – дейтін. Алматыдан қайтпады, екі жылдан кейін «қара қағаз» келді. Артынан ағам мен анам барды, әкемнің қара жұмысқа жегіліп, жүдеп кеткенін көріп, екеуі де барған сайын жылап келетін.
Сол кездерде «халық жауының отбасын да өртейміз» деген сөз шықты ғой. Мұны шешем естіп алып, екі күн бойы жылаған. «Өртесе, мені-ақ өртесін. Сендерге тиіспесін. Сендер аман болсаңдар екен. Қапезден жаным артық емес, алса алсын», – деп бізді өртеп жіберуден қорқып, түнде жертөлеге қамап қоятын. Қайран анам түнде дауыстары шығып қалмасын деп ұйқы көрместен, күзететін еді. Құдайдың жақсылығы емес пе, «Халық жауының өздері кінәлі, отбасы, бала-шағасының кінәсі жоқ» деген жарлық шығып, дін аман қалдық. Анамыз бізге үнемі: «Әкелерің пысық болған, өте білімді, мектеп ашып, бала оқытқан. Сендер де әкелерің сияқты болыңдар», – деп жиі айтатын еді. Нұржігіт ағамды әкемнен кейін «халық жауының» баласы деп алып кетті. Біраз күннен соң арып-ашығып, жаяу қашып үйге келді. Милициялар үйді күнде тінтиді. Шешем ағамды үйдің шатырына тығып қоятын, кейде тауға жасырынып, кеш батқанда бірақ келетін, тіпті ауыл шетіндегі молаға да түнейтін. Бір күні шатырға тығылып жүргенін бір қу тұяқ біліп қойды. Ағамның өзіне дос болып жүріп, аяқ астынан сатып жіберді. Содан кейін сегіз жылға сотталды да кетті, өтеп келді, елге оралды. Ол да қорлықты көп көрді ғой. Әкемді сағынғанда анда-санда түсіме кіреді. Өзі жастай кетті ғой… Әйтеуір, менікі тоқсаннан асты деген мақтан ғана. Аллаға шүкір, өзім тұрып-жүремін».
Әкеге деген сағыныш сарқылмайды. Әжеміздің қатпар-қатпар әжіміндей тереңдеген сайын тереңдеген. Көпшілік Қапез Байғабылұлын әнші, ақын, композитор, ұстаз ретінде ғана таниды. Бірақ қысқа ғұмырында қаншама игі істердің басында жүрді, он жеті жасында Стамбұл шаһарынан білім алды, елге оралып, қараша халықтың сауатын ашу үшін мектеп салуға бар күш-жігерін салды. Мысалы, Жалағаш, Тоғызбұлақ,Торайғыр, Сүмбе, Екаша, Ақтоғай, Кеген, Қырғызсай және тағы басқа елдімекендерде мектеп ашу ісін жолға қойған тұлға. Сонымен қатар Қарқара жәрмеңкесі жанынан мұғалімдердің білімін жетілдіру мектебін ашқан алғашқы қайраткер. Бір ғана ерлігі – 1931-33 жылдардағы ашаршылық кезінде аш-жалаңаш Қарағанды, Семей жақтан ауып келген халыққа пана болғаны. Елді жиып «Облатком» деген ауыл ұйымдастырып, ашқа – тамақ, жалаңашқа киім үлестіріп, аман алып қалады. Ол жайлы жампоз ақын атақты «Меркі» әнінде былай жырлаған:
«Он бесімде, қайтейін, бала болдым,
Ел үшін жиырма бесте, дала қондым.
Отыз бесте қарындас арыған соң,
Бір өзім, алпыс үйге пана болдым».
Сол еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, халық арасында абыройы артып, үлкен-кіші «Қапем» деп еркелеткен.
Қапез атамыздан қалған жалғыз қызы Шөке әжеміз бүгінде баспанасыз жүрген жайы бар. Асыл әжеміз Еңбекшіқазақ ауданы Алмалы ауылында қыздарының күтімінде. Кейуананың жалғыз арманы – басымда жағдайы жасалған бір бөлмелі баспана болса екен дейді. Әжеміздің үйі болмаған соң әр қыздың үйінде кезек-кезек қонақ болып күн көріп жүр. Қызы Рита апай анасының ішерге тамағы, киерге киімі болғандықтан баспана жайын қатты құнттамағанын, бір-екі жерге хат жазғанымен жауап болмаған соң, жабулы қазан жабулы күйінде қалғанын айтады. Өмірінің көбі өтіп, азы қалғанда қыздарына салмақ салмай, Алланың берген қалған жасын өз үйінде, өз төрінде өткізсем деген игі ой, асқақ арманы бар. Уақытша жерүйде тұрып жүргеннен кейін де қарт кісінің далаға кіріп-шығуы қиын екені белгілі.
Сөз соңында Шөке әжеміздің қаншама жылғы жүрек түкпіріндегі арманына қол жеткізуге ел болып бірге атсалысайық, арманын орындап, қазыналы қарттың батасын алайық демекпіз.
Салтанат БӘкеева,
журналист