Іле ауданының А. Тоқпанов ауылында орналасқан «Фирма БЕНТ» ЖШС – шпалдар мен рельсті бекіткіштер шығаратын еліміздегі бірегей кәсіпорын. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында аталмыш кәсіпорын басшылығы қызметкерлерінің «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша баспаналы болуы үшін бастапқы жарналарын төлеп беріп, қолдау көрсетті.
Осыған орай өндіріс ошағының басшысы Дінмұхамед Кузиев пен «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы болып саналатын «Отбасы банктің» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов «Наурыз жұмыскер» бағытын іске асыру шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың нәтижесінде көптеген жылдар бойы кәсібилігі мен өз ісіне адалдығын танытып жүрген зауыттың 8 қызметкері 3 млн теңгелік сертификат алды.
Сертификат иеленгендер қатарында бес баланың әкесі Арман Жақыпбеков бар. Арман 20 жылға жуық осында механик болып қызмет етуде. «Биыл кәсіпорын басшылығының бастауымен «Отбасы банктің» «Наурыз жұмыскер» бағыты арқылы үйлі болғалы отырмын. Кемінде екі бөлмелі пәтерге тапсырыс берілді. Жақында кілтін алып, қуанышқа кенелмекпін. Осы уақытқа дейін ата-анаммен бірге тұрып келеміз. Пәтер жалдаған кезіміз де болды. Осындай мүмкіндік беріп отырған кәсіпорын басшылығы мен «Отбасы банк» қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз» – деді ол.
Кәсіпорын өз жұмысшыларын оқытып, арнайы сертификат та береді. Қазір компаниялар тобының кәсіпорындарында 600-ден аса адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың еңбек жағдайы мен кәсіби өсу мүмкіндігіне ерекше мән беріледі. Пәтер алғалы отырған 8 қызметкердің ішінде Тимур Самуров есімді жас маман да бар. Ол: «Мен кәсіпорынға іргелес жатқан Боралдай кентінің тұрғынымын. Зауытта 15 жасымнан бері жұмыс істеймін. Қазір жасым 22-де. Алдымен осында курс оқып аяқтап, сертификат алдым. Кран жүргізушісімін. Бүгінгі алғалы отырған пәтерімді өзімнің адал еңбегімнің жемісі деп білемін. Баспаналы болсам, үйленетін шығармын. Менің басты мақсатым – бақытты отбасын құру», – деді ағынан жарылып.
Кәсіпорын берген 3 млн теңгелік сертификат оларға бастапқы жарнаның 10 пайызын төлеуге және «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бастама қазақстандық компаниялар арасында алғашқы болып отыр. Биылғы 17 наурыздан бастап зауыт жұмысшылары «Отбасы банкінің» филиалдарына жүгініп, төлем қабілеттілігін растап, бағдарламаға қатысуға өтінім бере алады. «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша өтінімдерді қабылдау бөлінген қаржыландыру лимиті аяқталған сәтке дейін жалғасатын болады. Биыл жаңа бағытты іске асыру үшін банк 72 млрд теңге қарастырып отыр. Осы орайда 2 440 жұмысшы мамандық иелері банк арқылы баспаналы бола алады. Өзінің төлем қабілеттілігін растаған «Наурыз жұмыскер» қатысушысының үй іздеуге алты ай уақыты болады. Өңірлер үшін ең жоғары қарыз сомасы 30 млн теңгені, Астана мен Алматы үшін 36 млн теңгені құрайды. «Баспана маркет» порталында (otbasybank.kz) қолайлы тұрғын үй кешені мен пәтерді таңдауға болады. Клиенттер үшін «Наурыз жұмыскер» бағытына қатысуға өтінім беру кезінде «Отбасы банкіндегі» шотта кемінде 2 млн теңге болуы тиіс екенін ескерген жөн.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы