Қонаев қаласындағы «Гүлдер» бөбекжай-балабақшасында «Жасыл балабақша» жобасы аясында облыстық семинар өтті. Шараға облыстық әдістемелік орталық директоры Гүлжихан Иманхатова, Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева, аудандардағы балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілер қатысты. Мақсаты – балаларға экологиялық тәрбие мен білім беру, табиғатты аялауға баулу.
Жобаның негізгі жеті бағыты бар. Биоалуантүрлілік бағыты бойынша балалар өсімдіктер мен жануарлардың, микроорганизмдердің түрлерімен, ерекшеліктерімен танысып, олардың мән-маңызын көңілдеріне түйеді. Бұдан бөлек, су мен энергия көзін үнемдеу, қоқыс қалдықтарына сараптама жасау, экологиялық ақпараттандыру, салауатты өмір салтын насихаттау, дұрыс тамақтану бағыттары балалардың қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін оятып, табиғат әлеміне құрметпен қарауға септеседі.
– «Жасыл балабақша» – бүлдіршіндердің қоршаған орта жайлы түсінігін қалыптастыратын және оған жауапкершілікпен қарауға үйрететін маңызды жоба. Облыста 101 мемлекеттік балабақша бар. Өткен жылдан бастап қолға алынған бағдарламаға облыстағы бес балабақша енгізілді. Осы уақытқа дейін Іле ауданында жобаның өткізілу барысымен, тәжірибесімен таныстық. Жаңа бағдарлама болғанына қарамастан, балабақшалардың бұған дайын екеніне көзіміз жетті, – деді Гүлжихан Жалғасбекқызы.
«Гүлдер» – Қонаев қаласындағы ең алғашқы қазақ балабақшасы. Қазіргі таңда мұнда 11 топта 275 бала тәлім алуда. Балабақша меңгерушісі Гүлзада Ақынбекова осы жылдың қаңтар айынан бастап «Жасыл балабақша» жобасы бойынша түрлі шаралар өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бұдан әрі балабақша әдіскері Сәулеткүл Мырзахметқызы жоба аясындағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Айтуынша, алдағы уақытта мұнда экофестиваль, ауланы таза ұстауға бағытталған жарыстар, экологиялық акциялар, семинарлар өткізілмек. Балабақша ауласына жасыл желек отырғызу, оларға күтім жасау, сондай-ақ сурет көрмесін ұйымдастыру да жоспарға енгізілген.
Семинар барысында «Гүлдер» балабақшасының тәрбиешілері «Таза әлем – бақытты балалар», «Бақтағы дәрумендер», «Жасыл орта баланың көзімен», «Бау-бақша – береке бастауы», «Кішкентай зерттеушілер» деген тақырыптарда шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша дамушы орта қалыптастыра отырып, балалардың таным-түсінігінің кеңеюіне жол ашып жатқандарын көрсетті. Сонымен қатар онда балалар табиғат әлемімен, оның қыр-сырымен танысты, өз ойларын сурет арқылы бейнелеп, ғылыми тәжірибе жасап көрді, концерттік бағдарламада өз өнерлерін паш етті.
Шеберлік сағатын өткізгендердің бірі – Майра Демисенова. Ол «Гүлдер» балабақшасында 25 жыл бойы қызмет етіп келеді. «Заман өзгерісіне сай баланың талабы, талғамы, ойлау жүйесі де әртүрлі болады. Балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, жаңа әдістемелік құралдарды, ғылыми тәжірибелерді негізге алып, ой-өрісін, танымын дамытуға тырысамыз. Шеберлік сағатына 20 бүлдіршін қатысты. Мұнда біз табиғат әлемі жайлы, қоқысты сұрыптаудың маңызы, үй жануарларының түрлері, олардың ерекшеліктері, судың пайдасы жайлы сөз қозғадық. Сондай-ақ балалар түрлі-түсті бояу арқылы табиғаттың көркем көріністерін қағазға түсірді, ермексазбен жұмыс істеді. Бұл олардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге көмектеседі», – деді ол.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы