Перейти к содержимому

Ең әдемі киім

6 қаралым

Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, құстарды сайратып Ұлыстың ұлы күні келді. Осыған орай Кегендегі орталық алаңда «Наурызнама» аясында Ұлттық киім күні  аталып өтті.     

Іс-шараның мақсаты – салт-дәстүр мен мәдени мұраны сақтап, ұлттық киім үлгілерін көпшілікке насихаттау. Ұлттық киім киген бірқатар мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары мен оқушылар алаңға жиналып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ақсақалдар ақ тілегін ақтарды.

Мерекені жаңа форматта атап өткен аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:

— Бұл күні адамдар өздерінің мәдениеті мен тарихына, ата-бабаларына құрмет көрсету және өз мұраларын басқалармен бөлісу үшін ұлттық киім киеді. Оған жай киім ретінде емес, бүтін бір ұлттың бет-бейнесін айқындайтын мұра, сан ғасырлық тарихы бар көркем туынды деп қарауымыз керек, – деді.

Аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман ұлттық киімді ұлықтауды ерте жастан балаларға түсіндіріп, оны күнделікті киіп жүруге дағдылансақ деген ниетін ортаға салды.

— Бүгін халық рухының кеңдігін, таңғажайып күйін бейнелейтін ұлттық киімнің дизайны мен көркемдігіне, қайталанбас өрнегіне тамсанып, одан шабыт алатын күн, – деген аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков жиналған көпшілікке батасын берді.

Мерекелік шарада ақ жаулықты аналар дайын­­даған сүт өнімдерінен жасалған құрт, ірімшік, май, қатық, наурызкөже және басқа да қолөнер бұйымдарының көр­месі ұйым­дастырылды. Өнерлі жастар күмбір­­летіп күй шертіп, көркем би, әсем әндерін тарту етті.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,

Кеген ауданы