Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Қуаныш Тұнғатар мырза мен Забира Сайділдина ханым Талғар ауданында жұртшылықпен кездесті. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған шараға өңірдегі ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен белсенді азаматтар қатысты.
Жиында алғашқы сөзді алған Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Забира Сайділдина Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқитын ұлт» бастамасын көтеріп, «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген 2 ақпанды – Ұлттық басылымдар күні мерекесі деп жариялап, баспасөздің қоғамдағы рөлі мен қызметіне баса назар аударып отырғанын, бұл тұрғыда әкімдерге нақты тапсырма берілгенін жеткізді. Отыз жылдан аса БАҚ саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан белгілі журналист Президентіміздің өзі республикалық және «Алатау арайы», «Огни Алатау» сияқты облыстық газеттерді де оқып, сол арқылы еліміздің тыныс-тіршілігімен күнделікті танысып отырғанда, өкінішке қарай, біздің жергілікті әкімдеріміз, мекеме басшылары газет оқымайтынын ашына айтты.
– Сіздер газет оқымайсыздар, ұялы телефондарыңызға үңілесіздер де, жаңалықтың бәрі сол жерде деп ойлайсыздар. Ол жерде таза ақпарат, нақты дерек жоқ, ол жерде тек адамдардың пікірлері ғана бар. Қазір біреу бірдеңе жазып жіберді ме, бітті, тарап кетеді. Мен, мысалы, облыстық тәртіптік кеңестің мүшесімін, күнде қарайтынымыз – адамдардың арыз-шағымы. Ал газет елдің тыныс-тіршілігі, жаңалықтар мен өзгерістер, сіздердің, қарапайым жұмысшылардың атқарып жатқан қызметі, қоғамның дамуына қосып жатқан үлесі, еселі еңбегі, Президент, Үкімет, облыс басшылары белгілеген міндеттер, соларды жүзеге асыруда кездесіп жатқан келеңсіздіктер, түйткілді мәселелер, оларды шешу жолдары жайында жазады, себебін, салдарын айқындайды, келешекке бағыт-бағдар көрсетеді. Мысалы, қай жерде қандай жұмыс орындары құрылып, қандай өнімдер шығарылып жатыр, оған кім, қанша инвестиция салды – мұның бәрі ана ұялы телефонда жоқ.Одан сіздер тек өсекті, тексерілмеген мәліметтерді алып отырсыздар. Ол мәліметтер ертең өшіп қалады, ал газеттің сөзі, ондағы дерек тайға таңба басқандай 100 жыл өтсе де, сақталады, – деген Забира Дайранқызы қағазға басылған ақпараттың маңыздылығы ешуақытта жоғалмайтынын, сенімді дереккөз болып мәңгіге қалатынын жеткізді.
Ары қарайғы сөзінде Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы мерзімді басылым тәлім-тәрбиенің көзі екенін, газет оқуды бала емес, ең бірінші ата-ана бастап, өнеге көрсетпесе, рухани тұрғыда тығырыққа тірелетінімізді жеткізді. «Еліміз пандемияны да, Қаңтар қасіретін де бастан өткізді. Сол кезде интернет, әлеуметтік желі дегендер өшіп, тіпті жекелеген телеарналар шектеулі режимде жұмыс істеп, кейбірі тоқтап қалды, ал газеттер уақытылы басылып, тиісті қызметін адал атқарды. Президенттің айтқан сөзін, Мәлімдемелері мен Үндеулерін, тиісті Жарлықтарын халыққа жеткізіп тұрды. Қазір біз жастар газет оқымайды дейміз, әке-шешесі газет оқымаса, олар қалай оқиды? Үлгі алатыны, өнеге тұтатыны ата-ана емес пе?! Егер сіздер біздің тілшілеріміз жазған мақалаларды оқып, ұл-қыздарыңызға қандай керемет, мына бір кәсіпкер, өнер адамы, спортшы немесе ардагер туралы жақсы жазыпты деп айтып отыратын болсаңыздар, әрине, олар да оқитын болады. Мысалы, мұғалімдер, мекеме басшылары жылда ақша төлеп, ақылы мақала шығарады, өйткені олардан осыны талап етеді. Неге 25 мың теңге төлегенше, 8 мыңға газетке жазылып, мақаланы тегін шығармасқа?! Ол сізде мәңгі қалады. Басшылыққа, келген комиссияға, міне, менің мақалаларым мына газетте, мына газетте шыққан деп көрсетесіздер. Біздің екі газет те облыстық деп аталғанмен бүкіл республикаға тарайды. Әрине, мен ұялы телефонды толықтай жоққа шығармаймын, бірақ біз балаларымызға газет, кітап оқуды насихаттап, осыны әбден үйретуіміз керек. Өйткені кітап, газет-журнал оқып өскен ересек адам телефоннан не оқу керек екенін біледі, ал балалар ең нашар, атыс-шабыс, қырғын төбелес және басқа ұнамсыз нәрселерді оқиды. Бұл өз кезегінде олардың тәрбиесіне, мінез-құлқына кері әсер етеді. Ал мұны дұрыс жолға қоятын тетік біздің әрбіріміздің – отбасында ата-ананың, мектепте мұғалімнің, қоғамда ақсақалдардың, жергілікті билікте әкімдердің әрқайсысының қолында бар. Ол – бәріміздің дұрыс сөзіміз, дұрыс үлгіміз, дұрыс өнегеміз. Осының бәрі газетте жазылса, ол оқылса, одан қорытынды шығарсақ, тәрбие дегеннің өзі сол емес пе? Оның үстіне бұл тек газетте ғана басылып қалмайды, оның сайтында, әлеуметтік желілердегі басқа қосымшаларында да жарияланады», – деді ол.
Забира Дайранқызы газет пен телеарна жұмысының айырмашылықтарын да әңгіме арқауына айналдырды. Қағаз басылымның артықшылықтарын сөз ете келе, түйінінде: «Мен өзім біраз жыл телеарнада жұмыс істедім, бірақ газеттің қоғамдағы рөлі өте үлкен. Телеарнада көрсетілген хабар көп ұзамай ұмытылып қалады, ал газет сақталады, кез келген уақытта қайта оқып алуыңызға болады. Сондықтан өз басым әр отбасында облыстық басылымдардың тігіндісі болуы керек деп ойлаймын», – деді.
Оның ойын Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар жалғастырды.
– Біз Талғар ауданына екінші рет келіп отырмыз. Өйткені мұнда басқа аудандармен салыстырғанда газетке жазылу көрсеткіші өте төмен. Жастар газет оқымайды десек те болады. Қолымызда телефонның түр-түрі бар, тіпті ең соңғы үлгілерін ұстаймыз. Соларды шығарып отырған Америка, Оңтүстік Корея, Жапонияны алсақ та, газетке жазылу, оқу көрсеткіші оларда өте жоғары, оны мойындауымыз керек. Оларда газет оқу мәдениеті қалыптасқан, бір жүйеге қойылған. Осы жағынан келгенде бізде сан соқтыратын жағдайлар өте көп. Үлкен кісілердің өзі қазір «Ватсап», «Тик-Ток», «Фейсбук», «Инстаграм» желілерінен шықпайды. Бұдан нені аңғаруға болады? Жыл өткен сайын ақпарат қысқарып бара жатыр, 10 секундтан асатын материалды адамдар көргісі келмей қалды. Егер алғашқы үш секундта ең құнарлы мәліметті бермесеңіз, әрі қарай ешкім оқымайды, – деді Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы. – Осындай кезеңде адамды газет оқу жағына қарай тарту қаншалықты қиын екенін бағамдай беріңіз. «Актив», «Билайн» және басқалары бар, интернетке кіретін ақшамыз кәдімгідей қымбаттап кеткен, ең арзан деген тарифтің өзі 5-6 мың теңге, санаулы-ақ гегабайт береді, бірақ біз оған қарамаймыз, соны қымбатсынбай, бағасы көтерілсе де, ай сайын саламыз. Осындай жағдайда жарты сағат газет оқуға уақыт бөле аласыз ба?
Қуаныш Абайбекұлы кездесуде әлеуметтік желіге байлану көрінісі жаппай өршіп бара жатқанын, салдарынан әр мекеме, кеңселерде жұмыс сапасы төмендеп, адам мен адамның тіл қатысуы мүлдем азайып кеткенін айтты. Бас редактор газеттің оқылмай жатқанын ғаламтор дерті дендеп, оқу мен тоқудан ажырап қалудың бір белгісіне теңеді. «Жалпы, біздің елде бүкіл қоғам желіге байланып қалғандай әсер береді. Психологиялық тұрғыда бір дерт пайда болған сияқты. Желіде жазылып жатқан, ешбір сүзгіден өтпеген комментарийлерді көріп, адам шошиды. Соны жазып отырған адамдарға сол пікірлеріңізді бетпе-бет айта аласыз ба десеңіз, көбі аузынан сөз шықпайтын меңіреу біреу болуы мүмкін. Ал желіде батыр кейпінде отырады. Өйткені тікелей пікір алмасу, ой бөлісу азайып бара жатыр, тіпті мемлекеттік, басқа да қызметтердің өзінде осындай. Қарап отырсаңыз, таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін бүкіл Қазақстан әлеуметтік желіде отырған сияқты әсер қалдырады. Мұндайда өзіңе бекітілген жұмысты, міндетті қаншалықты сапалы орындай аласыз? Құрылысшыларды, шаруаларды, дәнекерлеушілерді, басқа да кез келген еңбек адамын қараңыздаршы, ғаламторға кіруге уақыты жоқ, пікір жазып отыруға мұршалары да келмейді. Міне, біз сол азаматтарды үлгі тұтуымыз қажет. Солардың жұмысы туралы жазып, соларды көрсетсек, насихаттасақ, соғұрлым сапалы контент қалыптасады. Өкінішке қарай, кабинетте, кеңседе отырғандардың көбі, жұмыссыз жүргендердің барлығы дерлік желіге байланған. Желіде әр нәрсені бір жазып, бірді-бірге соғып отырғандарды зерттеп көріңіздерші, көбі жұмыссыз, көбі жауапкершіліктен қашады, былайша айтқанда, «диван батырлары» десек, қателеспейміз. Осындайда газеттің рөлі үлкен маңызға ие дер едім. Халыққа ғаламтордағы пікірлер мен жазбаларға еріп кетпей, пернетақтаның ар жағындағы адамды зерттеп, біліп, ақиқатын ажырата алатын білім керек. Ал ол білім мына қағаз басылымда, газет-журналдар мен кітаптарда!» – деді ол.
Өз сөзінде Қуаныш Абайбекұлы қазіргі заманда газетке қойылатын талап та күшейгенін, мақала мазмұны мен берілу форматына да көп өзгеріс қажет екенін еске салды. «Әрине, тек газет мықты, газет тамаша деп біржақты кетуге болмайды, оған қойылатын талап та қазір өзгеріп жатыр. Оның әлеуметтік желілерге ілесе алмайтыны анық, бірақ ел ішінде болып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды сараптап беру жағына келгенде газет көшілгері тұрады. Өйткені газеттегі ақпарат заңға сәйкестігі, ешкімнің ар-намысына тимеу тұрғысынан жүз рет оқылып, мың рет тексеріліп, әбден сарапталып барып оқырманға ұсынылады. Яғни газеттен тоқылған ақпарат мейлінше сенімді, мейлінше нақты дерек болып саналады. Сондықтан да шетелдегі ақпараттың көпшілігінде «Вашингтон-пост» немесе «Нью-Йорк Таймс» хабарлағандай деп, газетке сілтеме жасалады. Сондықтан газет әлемде өзінің құндылығын жоғалтпайды деп есептейміз. Біздің екі облыстық газет те Президент тапсырмаларын, ұлттық құндылықтар, еңбек адамдарын насихаттап, идеологиялық тұрғыдан көп жұмыс атқарып келеді. Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасын насихаттап, газет оқу мәдениетін қалыптастыруда да осы жерде отырған ардагер ағалар, мекеме басшылары, ауыл әкімдері – сіздердің ықпалдарыңыз зор. Осы тұрғыда сіздерге үлкен үміт артамыз. Өйткені қазір Президентімізден бастап газетке деген бетбұрыс басталғаны анық. Мысалы, ол былтыр «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берсе, биыл «Ана тілі» газетіне кең көлемде сұхбатын жариялады. 2 ақпанды Ұлттық басылымдар күні мерекесі деп белгілеп, газетке деген құрметін білдіріп отыр. Мемлекет басшысының бастамасын қолдау акциясын алғаш ұйымдастырған да – біздің екі облыстық газет. Осы тұрғыда біздің мақсатымыз сол, сіздермен бірге халқымыздың газет оқу мәдениетін қалыптастырып, оны биік деңгейге көтерсек дейміз. Егер дәмханаға, асханаға барғанда, түскі ас ішкенде немесе пойызда, ұшақта отырғанда, үйде демалған кезіңізде қолыңызға газет алып, он-он бес минут қарасаңыз, осының өзі өскелең ұрпаққа өнеге болар еді. Көптеген шетелдерде бұл әлі бар және олардың көпшілігі кәсіпкерлер, қоғамда белсенді мықты-мықты азаматтар. Бұл жерде айтқымыз келіп отырғаны, сөйте-сөйте оқу мәдениеті қалыптасады. Өйткені қазір қоғамда ақ-қарасына қарамай, интернеттің үлкен бір толқыны, сеңі адамзатты жұтып әкетіп жатыр, соған титтей де болса қарама-қарсы мәдениет қалыптастыру, оқитын ұлт, білімді ұлт атану газет оқудын басталуы керек. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те облыстық газеттерге жазылып, оларды қолдау жөнінде арнайы тапсырма берді. Осыған орай біз өңірлерге шығып, іссапарларымызды жалғастырып жатырмыз. Сіздер де мұны қолдап, ықпал етесіздер деп сенеміз», – деді Қуаныш Абайбекұлы.
Екі газеттің бас редакторларынан соң Талғар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов газеттің қоғамдағы қызметі мен маңызы туралы өз ойын ортаға салды.
– Газет – қоғам өмірінің айнасы. Бұрын мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер газетке көп жазылатын, әр мекеме газет-журналға жазылуға арнайы қаражат бөлетін еді. Ол енді ХХ ғасыр, ал қазір біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бүгін әркімнің өз еркі деген пікір басым. Бір жағынан сол себепті де газет-журналға жазылу тым төмендеп кетті. Мен өзім ауылдарды, мектептерді араладым, сондағы айтатыны: «Ата, бізге газеттің керегі қанша, бәрі мынада тұр ғой!» – деп телефонды көрсетеді. Сондықтан, ең бірінші, газетті насихаттауды, жазылуды, оған қаржы бөлуді жоғары биліктен бастау керек. Бұрын газетке жазылмайтын адам болмайтын, айына бір-екі рет жеткізсе де, алыс жайлаулардағы шопандарға дейін жазылатын. Қазір демократия, ешкімді мәжбүрлеуге болмайды деген ұстанымды алға тартады да, мұғалім де, дәрігер де, мемлекеттік қызметкер де жазылғысы келмейді. Өз басым бір кәсіпкер көргенім жоқ газетке жазылған. Ауыл әкімдерін де аяйсың, олардың мың тапсырмасы бар. Сол себепті де, тағы қайталап айтамын, мұны жоғарыдан бастау керек. Газет, шын мәнінде, керек дүние, Президенттің Жарлығы, халыққа Жолдауы, Үкіметтің қаулысы бола ма, бәрі қоғамның дамуы үшін маңызды. Олар газетте жарияланады, кез келген уақытта қарап алуыңа болады. Тілшілерге де қиын, біреу түсінеді, біреу түсінбейді, кейбір мекеме басшылары, жеке адамдар «Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» деп, оларға көңіл бөлгісі, мәлімет бергісі келмейді. Келеңсіз жағдайлар туралы тіпті айтқысы келмейді. Егер бұған биліктің өзі көңіл бөліп, идеологиялық қуатты қару ретінде қомақты қаржы қарастырып, жоғарыдан төмен қарай талап ететін болса, онда газет болады, ол оқылады. Халықтың санасын өзгерту қиын, жоғарыдан вертикаль бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастырылмаса, горизонталь жүйе жұмыс істемейді. Елді аралап, қанша насихаттап, тіпті жалынсаң да, газеттің таралымы көбеймейді. Сол үшін жұмысты биліктің пәрменімен халық газет-журналға саналы түрде жазылатын және ол оқылатын, одан қажетті рухани азық алатындай етіп ұйымдастыруға күш салуымыз керек», – деп пікірін білдірді ардагер.
Бұл пікірді Талғар ауданында «Белсенді ұзақ өмір клубын» құрған тағы бір ардагер Жұмағали Кебекбаев та қостады. «Мен – газетпен оянып, газетпен ұйықтаған жанмын. Өйткені майдангер әкем пошта бастығы болды. Әр екі күн сайын атпен 50 шақырым жүріп, елге хат-хабар, газет-журнал жеткізетін. Сондықтан мен газетті қос қолыммен қолдаймын. Газетте өндіріс орындары, олардағы қарапайым еңбек адамдары жайында, ауылдардың дамып, жаңа жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар салынып жатқаны, спорттағы, өнердегі, мәдениеттегі жетістіктер, тарихи тұлғалар, белсенді азаматтар жайында тартымды мақалалар көбірек жарияланса дейміз. Сонда көпшілік ешкім мәжбүрлемей-ақ жазылуға ұмтылады деген ойдамын. Әрине, насихат керек. Бұл істе биліктен пәрмен, халықтан түсіністік пен ұмтылыс болғаны жөн. Жұртшылық мұның бәрі қоғамның дамуы үшін жасалып жатқанын саналы түрде қабылдап, қолдау көрсетуі қажет», – деп түйді ол.
Кездесу кезінде бірнеше ауылдық округтің әкімі мен мекеме басшылары да өз ойларын ортаға салды. Олардың кейбірі баспасөзге жазылуда мәжбүрлеудің жоқтығын алға тартса, кейбірі ақпарат құралдары жергілікті жердегі мәселелерге үнемі назар аударып, түйінді тақырыптардың шешілуіне оң ықпал етіп отырса деген ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ жиында ұлттық идеологияны нығайту, жаңа, әділетті қоғам құру тұрғысынан Мемлекет басшысы жариялаған «Оқитын ұлт» бастамасының маңыздылығы, баспасөз қызметін дамыту, оның нәтижелілігі мен пәрменділігін арттыруға, таралымының көбеюіне бірінші кезекте биліктің өзі мүдделі екені, ауыл, аудан әкімдері Президенттің жергілікті жердегі өкілі ретінде бұл үдерістен ешқашан тыс қалмауы керек деген ой айтылды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы