Қазақ тілі құрып бара жатыр деп байбалам салудың жөні жоқ. Кешегі кеңестік кезең мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұрғаны жасырын емес еді. Ол уақытта бүкіл салада орыс тіліне деген сұраныс жоғары болды. Азаттық алғаннан кейін мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген қазақ тілінің аясы жылдан-жылға кеңейіп, бүгінде мәдениет пен өнер, ғылым мен техникадан бөлек, халықтың ең үлкен ортасы – саясат пен бизнесте де, экономика мен жасанды интеллект бағытында да белсенді қолданылып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары ғаламтордағы сайт-порталдар мен әлеуметтік желілерде қазақ тілінің аудиториясы еселеп өсті. Қазір кәсібін жүргіземін деген кез келген отандық бизнесмен ең алдымен қазақ тілінде жарнама жасайтын мықты маман іздейді. Сондықтан, қазақ тілі туралы тақырып қозғала қалса, пессимистік көзқарас танытып, Асан Қайғы орнату – тым артық. Оның үстіне тілді тыл ретінде пайдаланып, ұлт атымен жалған ұпай жинайтындар да кездеседі. Мұндайды екшеп, електен өткізетін сергек сана, ажырата алатын тұнық ақыл керек. Қазақ тілін жақсы көру – бір басқа, қазақ тілі арқылы жақсы көріну – бір басқа!
Астанадағы Президент орталығында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайында осындай ой өрбіткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин тіл жанашырларына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді. Өз сөзінде ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тарихы терең, ел руханиятында лайықты орны бар бірегей ұйым екенін айтып, қазіргі жұмысын оң бағалады. Қазақ тіліне қолдау көрсетуде ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарқын үлгі екенін алға тартқан Мемлекеттік кеңесші баяндамасын бастамас бұрын Президенттің құрылтай қатысушыларына арнаған Құттықтауын оқып берді.
Расында, Мемлекет басшысы қазақ тілін қолдауды қай кезде де назарында ұстайды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына жарна аударып, тілге деген жанашырлығын алғашқы болып көрсеткені де ел есінде. Жыл басында «Ana tili» ұлт газетіне берген сұхбатында да мемлекеттік тілге қолдау жалғаса беретінін айтып, қазақ тілі ұлтты біріктіруші фактор ретінде үлкен маңызға ие екенін әңгімелеген. Осы жолғы Құттықтауында Президент тіл мәселесіне тағы да кеңінен тоқталып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы бұрынғыдан да жандана түскенін жеткізді. «Ұйым¬ бастамасымен қазақ тілін дамыту жолында көптеген ауқым¬ды іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Сіздердің жасап жатқан жобаларыңыз ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге зор ықпал етіп отыр. Қазақ тілі – ұлттық бірегейлігіміздің нышаны. Ел бірлігін нығайта түсетін басты құндылығымыз. Оны білім мен ғылымның ғана емес, бизнес пен технология¬ның тіліне айналдыру – негізгі міндеттің бірі. Мемлекеттік тілді құрметтеп, кеңінен насихаттау – Қазақстанның әрбір азаматының қастерлі парызы», – деп жазылған Президент Құттықтауында.
Құрылтай мінберінде бірінші болып баяндама жасаған Мемлекеттік кеңесші қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде қазіргі заман ағымына сай бірнеше айқын міндет барын алға тартты. «Тіл – ұлттың жаны» деген сөз бекер айтылмаса керек. Еліміз тәуелсіздік алардан екі жыл бұрын құрылған «Қазақ тілі» қоғамы 36 жыл ұлт мүддесі үшін қызмет етіп келеді. Ұйымның басында тұрған Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы секілді асыл азаматтардың қатарында қазіргі басшы Рауан Кенжеханұлы да ілкімді істерге ұйытқы болуда. Қазақ тілі деген қасиетті ұғымға ие ұйымға мүше болу, оның жұмысына атсалысу – зор мәртебе!» – деген Ерлан Тынымбайұлы мемлекеттік тіл саясаты, тіл оқыту, емле ережелері, терминология, аударма бағыттарында Үкімет тарапынан атқарылып жатқан игі істерді таныстырып, қазақ тілін қазіргі заман талабына сай цифрландыру мәселесі жайлы кеңінен сөз қозғады.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, тілге қатысты керітартпа көзқарастан арылып, келешекте жүзеге асыруға болатын тың идеяларды, жаңаша ұсыныстарды ортаға салып, осындай жиында талқылап, жоспар құрып алған маңызды. «Қазақ тілін үйренуге деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда қазақ тілін цифрлық дамумен тығыз байланыста қарау керек. Үкімет тіл саясатын іске асыру жөнінде арнайы комиссия құрды. Былтыр алғашқы жиыны өтіп, заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеуді қарастырды. Терминология жұмысы жолға қойылды. Жаратылыстану мен гуманитарлық бағыттарда көптеген жұмыс қолға алынған. Былтыр 1700-ге жуық термин бекітілді. Елімізде алғаш рет орфография комиссиясы құрылды. Оның құрамына жоғары оқу орнынан, ғылыми мекемелерден белгілі ғалымдар кірген. Біздің міндет – қазақ тілін үйретуді жеңілдету, автоматты түрде өңдеуді жолға қою, бір сөзбен айтсақ, қазақ тілін жаңа технологияға ілестіре отырып дамыту керек. Әсіресе жасанды интеллект бағытында тілге қатысты тың жобаларды қолға алып, жеделдетіп жүзеге асырғанымыз жөн. Тіл үйрету бойынша бейне, аудио сабақтар бірнеше сайтқа салынды. Бүгінде елімізде 115 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Былтыр 45 мыңнан астам адам қазақ тілі курсында оқыған. Ал Қазақстан азаматтығына қабылдау, қалпына келтіруде мемлекеттік тіл мен тарихты білу басты орынға шықты. Мұндай істердің барлығы ана тілінің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз», – деді Ерлан Тынымбайұлы.
Бас баяндамашының айтуынша, бүгінде әлемде 7 мыңнан астам тіл бар. Ең қорқыныштысы, оның 2500-ге жуығы жойылу қаупінде тұр. Ал қазақ тіліне ондай қатер төніп тұрған жоқ. Қазақ тілі, керісінше, тұғыры мығым 80 тілдің қатарына енген. Ұзын саны 20 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл – үлкен дәреже. Жойылу қаупі жоқ болғанымен қазақ тілінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Бұл орайда жауапты міндетті арқалап жүрген тіл мекемелері мен ұйымдардың, ғалымдардың еңбегі ерен. Құрылтайда Ерлан Қарин қазақ тілінің тұғырын нығайту үшін бар міндетті билікке артып қоюға болмайтынын, тілге жанашырлық таныту бүкіл Қазақстан азаматына ортақ ұстаным екенін алға тартты. «Барды бар деуіміз керек. Атқарылып жатқан шаруа көп. Мәселен, қазір мемлекеттік тілде сөйлеу жастар арасында сәнге айналған. Фильмдер де, подкасттар да көп түсіріліп жатыр. Әндер де жетіп-артылады», – деген ол қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру маңызды міндет саналатынын, жасанды интеллект пен бүкіл жаңа технологияны қазақша сөйлетпей, ісіміз алға баспайтынын әңгімеледі. Әдістемелік оқыту құралдарын көптеп шығару, қазақ тіліндегі контенттерді шет тілдеріне аудару жұмыстарын арттыру, тіл тазалығын сақтау жайлары да назардан тыс қалмады. «Тіл тазалығы дегенде орысшамен қоса араб тілінің де ықпалы пайда болды. Қазіргі кезде жарты сөзі арабша, жарты сөзі қазақша тілдік орта қалыптасты. Бұл мәселені дін өкілдерімен кездескенде айттым. Әрине, ниетіміз дұрыс, бірақ ауызашар деген әдемі қазақтың сөзі тұрғанда ифтар деп қажеті не? Бас мүфти де бұл мәселені көтеріп жүр. Дінімізбен енген көп араб сөздерінің қазақша әдемі атаулары бар екенін ұмытпайық», – деді Ерлан Қарин.
Сөзінің қорытындысында Мемлекеттік кеңесші қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіретін тіл екенін, алдағы уақытта қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру керегін айтты. «Десе де, тілді дамытуда мәжбүрлеу мен күштеу қажет емес, керісінше, ақыл-парасатқа жүгінген абзал. Тілді тілге қарсы қоюдан ештеңе ұтпаймыз. Бұл біздің мемлекеттік тілдің абыройын түсіреді. Өкінішке қарай, қазір ұпай жинау үшін тіл жанашыры болып көрінетіндер көбейді. Тілді жақсы көретіндер мен тіл арқылы жақсы көрінетіндерді ажырата білейік!» – деді Мемлекеттік кеңесші.
Тіл құрылтайына Мемлекеттік кеңесшіден бөлек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айдос Сарым мен Максим Рожин, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлері Ғани Бейсембаев пен Саясат Нұрбек, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Қазақстан» телеарнасының басқарма төрағасы Ләззат Танысбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, белгілі академик Асқар Жұмаділдаев, меценат, кәсіпкер Дулат Тастекеев қатысып, ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын тізгінін ұстаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы қазақ тілін цифрландыру, оқытуды жүйелеу, жаңа сөздіктер құрастыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын алға тартып, ұйымның жыл ішіндегі есебін жариялады. Құрылтайға елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, көрнекті ғалымдар, өңірлердегі тілге жауапты мамандар, оның ішінде, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Данияр Ахметов пен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облысы бойынша төрағасы Гүлзира Сейітбекқызы шақырылды.
Құрылтайда мінберге көтерілген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақ тілінде білім алатын оқушылардың қатары жылдан-жылға көбейіп отырғанын жеткізіп: «Қуанарлығы сол, қазақ сыныбына елімізде тұратын өзге этнос өкілдері де қызығушылық танытып, балаларын беруде. Қазіргі таңда елу мыңнан астам этнос өкілі қазақ сыныптарында білім алып жатыр. Барлық балабақшада мемлекеттік тілде жетік сөйлеуге бағытталған шаралар қолға алынды. Шешендікті дамыту, айтыс өнерін жандандыру, қазақ балалар әндерін шығару бойынша да игі жұмыстар жалғасын табуда», – деді. Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болса, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен меморандум жасалғанын, тілге байланысты барлық шараға қолдау көрсетілетінін, оның ішінде, қазақ тілін қолдануды арттыратын платформалар, жаңа технологиялар, оқыту курстарын жетілдіру жайында тың бастамаларымен бөлісті.
Мәжілісмен Айдос Сарым қазақ тілінің тұғырын нығайтуда жасанды интеллект маңызды рөл атқаратынын әңгімелеп, қазақ тілінде заң қабылдау деңгейін өсіруді, әзірше бұл бағытта нақты қадам толық жасалмай отырғанын айтты. «Қазақ тілі дегенде, ең алдымен заң терминдерін біріздендіру қажет. Былтыр екі заң мемлекеттік тілде әзірленді. Өкінішке қарай, қазақ тіліне аударылған көптеген заңдарда олқылықтар бар. Бірнеше мағынасы, бірнеше нұсқасы бірге жүреді. Біздің заңдар орысшаға негізделген. Мысалы, сот қазақ тіліндегі заңға сүйенсе, қиындықтар туындауы мүмкін. Әрі-беріден кейін қылмыскер қазақша терминдердің бұлыңғыр болуынан жазадан құтылып кетуі ғажап емес немесе жазықсыз адам жазықтыға айналып шыға келсе де, таң қалмайсың. Мен Сан-Франциско қаласында Жекеменшік ағылшын тілі институтын кездестірдім. Олардың міндеті әлемдегі ағылшын тілін зерттеп, ағылшын тілінде шығатын газеттерін тіркеп отыру екен. Сол арқылы сараптама жасап, заман ағымына сай жаңа сөздіктер құрастырып, ары қарай қалай дамып жатыр, сол сауалға ғылыми тұжырым жасап отырады. Меніңше, бізге де осындай құрылым керек сияқты», – деді Айдос Сарым.
Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қазақ тіліне қатысты мәселеде тек білім мен ғылым ғана емес, барлық сала жауапты екенін айтып, өз ұсынысын жеткізді. «Елімізде қаншама қаламгер, суретші, әнші, әртіс бар? Олардың барлығы жеке-дара тұлға, айтары бар азаматтар. Өкінішке қарай, сол тұлғалар мен мектептер арасында байланыс жоқ. Қаншама көне сөздеріміз ұмытылып барады. Ал көне сөздерді мектеп оқушыларының санасына құйып, жаңғырту үшін айтары мол алдыңғы буынмен кездесулер өткізу керек. Бұл да тілге қосылған үлкен олжа болар еді. Тағы бір айтарым, қазақ тілінің аясын кеңейтуде жасанды зерденің үлесі көп деп ойлаймын. Әрине, оны дұрыс іске асырған жөн», – деді ол. Құрылтайда пікір білдірген басқа да спикерлер қазақ тілінің аясын кеңейтіп, әлемдегі тұғырын орнықтыру үшін цифрландыру және оқыту бағытында жүйелеу жұмыстарын ары қарай күшейту туралы тұжырымға келді. Сонымен бірге, кейбір өңірлерде облыстық тіл басқармасы жабылып қалғаны, салдарынан тілге байланысты шараларды атқаруда кедергілер туындап жатқаны сөз болды. Бұл мәселеге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин назар аударып, алдағы уақытта қаралатынын жеткізді. Шара соңында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аймақтық жұмыстары пысықталып, ұйым мүшелерінің құрамы жаңартылып, тізім толықтырылды.
Қуаныш ТҰНҒАТАР
Астана қаласы