Кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанындағы «Алтын адам» мұрасы бойынша протодәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған жаратылыстанушы ғалым, адамзаттың 50000 жылдық тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінге жеткізген зерттеуші ғалым Мағрипа Жылқыбаеваның туғанына биыл 80 жыл. Осыған орай ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Алтын адамның мұрасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Берері ерек, бедері бөлек шарада алғашқы болып бейнебайланыс арқылы Жапониядағы Хоккайдо университетінің Құрметті профессоры Фудзий Кандзидің құттықтауы тыңдалды. Ол Мағрипа Жылқыбаева жайлы жылы лебізін арнап, елеулі еңбектерін алға тартты. Жамбыл ауылында туып-өскен ғылым докторы 1995 жылға дейін Қазақ политехникалық университетінде доцент қызметін атқарып, радиация мен қоршаған орта экологиясына қатысты көптеген ғылыми еңбек жазған. 1989 жылдан бастап Есік қорғанынан «Алтын адаммен» бірге шыққан күміс зереншеге бедерленген 26 таңбаны және иероглифтердің ең көне архетипін зерттеп, жартастарға қашалған мыңнан астам суреттің мәнін ашып оқыды.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров халқымыздың рухани мәдениеті туралы баяндама жасады. Артынша ғалымның көзін көрген жандар жылы естеліктерімен бөлісіп, «Үш қиян» баспасынан жарық көрген «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кітаптардың таныстырылымы өтті.
Рухани шара барысында Мағрипа Шөжеғұлқызының шәкірті, ҚР еңбек сіңірген құрылысшы Базар Самаликов сөз алып ұстаз ұлағаты жайлы толғанды. Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш сөз алып, ғалымның физика ғана емес, әдебиеттану бағытына да сіңірген еңбегіне тоқталды. Ол өз сөзінде:
– Ғалымдардың жан-дүниесін түсіну оңай емес. Мағрипа Жылқыбаева бүкіл өмірін ғылымға арнаған ғаламат жан. Соңғы кезде пәнаралық байланысты Білім министрлігі қолға ала бастады. Ал Мағрипа Жылқыбаева оны баяғыда бастап кеткен. Әртүрлі салалар бойынша кешенді әрі салыстырмалы зерттеу жүргізумен кез-келген ғалым айналыса алмайды. Дамуды ойлаған елде ғалымдарға алдыңғы кезекте орын берілуі керек. Біз Жамбылдың өлеңдерін білеміз, ал оның құпия қырлары туралы Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектері арқылы біліп отырмыз. Жыраудың ерекше қасиеттерін жаратылыстану ғылымдары тұрғысынан зерттеген. «Жамбылда телепаттық қасиет болған» дейді ғалым. Бақсы-балгерлер қайдан шықты? «Жамбылдың жұмбақ әлемі» кітабында ғылыми терминдерді қолданып, соны түсіндірген. Мағрипа Жылқыбаева мұрасын зерттейтін жас ғалымдар көбірек шықса, мемлекетке пайдасы зор, – деп әңгімеледі. Ғалыммен бірге жұмыс істеген математик Сәмидин Тұматаевтың зайыбы Камила Тілешқызы өз ойын ортаға салды. «Үш қиян» баспасының директоры Махмут Қосмамбетов те өз бағасын берді.
Қоршаған орта, табиғатқа адамның әсері жайында зерттеулер жүргізіп, ел алғысын арқалаған, көне жазуларды зерттеп көлемді еңбек жазып, артына мол мұра қалдырған Мағрипа Жылқыбаеваның мерейтойына арналған шара қатысушыларға рухани қуат сыйлады. Аталған көрме екі аптаға созылады.
Құралбек СӘБИТОВ