Қазақта шежіре не үшін жазылады? Оның мақсаты не? Ең алдымен айтар сөзімізді осы сұрақтарға жауап іздеуден бастасақ. Сонау әлмисақтан қазақ халқының әр руы өз шежірелерін жазған. Қазір де қайтадан жаңартып, толықтырып жазып жатқандар жеткілікті. Ататегін түгендеп, шыққан руын білгеннің еш айыбы жоқ. Қайта мұндай шежіре тарихымызды түгендеп, өткенімізді бүтіндеуге таптырмас мүмкіндік екені белгілі.
Шежіре жазуда қатып қалған қағида немесе бір бұлжымайтын заңдылық жоқ. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген атам қазақ кейінгі ұрпағын шыққан тегін білуге тәрбиелеп, бабаларының есімін жаттатып өсірген. Бұл қағидат баяғыдан ұл балаларға арналғаны рас. Ал тарихқа үңілсек, шежіреге арқау болған қыздар да көп. Жақында бір рудың шежіресі жазылып жатқанының куәсі болдым. Сол жерде үлкен дау туындады. Негізі, бұл мәселе баяғыдан көтеріліп келе жатыр. Шежіреге қыздың атын тіркемеу, жазбау керек дегендер бір жақ та, оған қарсы топ екінші жақ болып бөлініп, бітіспес дауға айналып отыр. Әрине, шежіреге қыздан туған балалардың есімі кірмейтіні анық, бірақ өзіңіз ойлаңызшы, бүгінгідей заманда қыз баланың есімін шежіреге не төркіні, не қайын жұрты қоспаса, сонда не болғаны? Меніңше, бүгінгідей тең құқылы, өркениетті елде қыз баласының есімін ғана (әрине, қыздан туған балаларды емес) өз жұртының шежіресіне жазып қоюдың еш айыбы жоқ.
Домалақ ана, Қызай, Мұрын, Мақта, Бопай, Айғаным, Зере сияқты қазақ тарихында қаншама даңқты аналарымыз бар?! Олардың есімі ел ішінде құрметпен айтылады, кейбірі ұранға айналған, кейбірінің атымен тұтас бір ру аталады. Шежірелерде мұндай дерек көп кездеседі. Тамырынан айырылған ағаштың жайқалып өсуі, көгеріп-көктеуі мүмкін емес қой. Сол сияқты әйел заты да біздің өсіп, өркендеуіміздің бір тамыры емес пе? Оларды атаусыз қалдырсақ, не ұтамыз? Қыздардың төркінін түгендегеннің несі айып екен?! Қыздар да туыс-туғандарын, бірге өскен бауырларын, төркінін білгені жөн емес пе? Бұл қан тазалығы үшін де қажет.
Шежіренің негізгі мақсаты ұлдан тараған ұрпақтың есімін әйгілеу деп қарасақ, бүгінгі заманда тым біржақты болып кетпей ме? Қазіргі заман талабы басқа, жаугершілік, шапқыншылық дәуірі емес. Сондықтан қазіргі кезде шежіре, негізінен, елге, әулетке туыстық ақпарат, мәлімет ұсыну әрі бір-бірін тек әулет тізбегі арқылы іздеу, қауышу, әрі қарай жібін үзбей, туыстықты жалғастыру көзі болса керек. Мәселен, бір қыз баласы төркінін іздеді делік. Жалпы, қыз баласы аса бауырмал, қамқор екендігі бәрімізге белгілі. Енді ол қыз ұрпағына нағашыларының кім екенін, қалай таралатынын білсе екен деп шежірені көрсетсе, ал ол жерде қыз туралы ештеңе жазылмаса, не істейді? Туыстары жоқ, анасы дүниеден ерте қайтса ше? Жиендер шежірені қайдан біледі?
Хош, қыз бала өз шежіресінде жазылмайды, басқа әулеттің түтінін түтетеді дейік-ақ. Ал барған жерінде де, түскен жұртында да келін деп тағы шежіреге кіргізбейді емес пе? Сонда келінді келген жерінің ұрпағын көбейтіп, түтінін түтеп отырса да, оны адам құрлы көрмейміз бе? Құдай-ау, қыз баласын осыншама қорлауға бола ма? Шежіреде тек ер адам жазылады екен деп қыз баласын адам санатынан сызып тастаймыз ба?
Тағы бір мысал келтірейін. Өмірде, тіршілікте кейбір отбасында ұл бала болмайды. Ал қыз баласы бар делік. Алланың бергені осы. Оған «Сенің ұлың жоқ болса, қызың жазылмайды!» деп бетіне айтып көріңізші. Қандай күйде болар едіңіз? Ол сөзді естігенше, қару кезеп, ата салғаны жақсы емес пе? Өйткені бұл сөз өзі де жүрекке оқ болып қадалады. Осылайша, оның жүрегіне пышақ сұғып, тірідей көмуге бола ма?! Оның сол кездегі күйін өзіңіз сезініңізші! Сондықтан шежіреде былай жазылғаны дұрыс деп ойлаймыз: отбасында ұл баласы болмаса, қызының (қыздарының) аты ғана жазылсын, оның балалары (жиендер) жазылмасын. Олар басқа рудың балалары екені айтпаса да түсінікті. Тіпті ұлы болса да, қыз бала есімін жазып қойғанның еш сөкеттігі жоқ деген ойдамыз. Осыны бұрмаламай, дұрыс түсінейік. «Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, Қыз да болсам, әкемнің ұлындаймын!» деген жыр жолдары бекер айтылмаса керек. Сонда ғана қыз қайын жұртымен бірге шыққан жерінің де тегін, руының мәртебесін көтереді. Жиендер нағашыларын іздеп-тауып, ел-жұрт болады. Бүкіл Алаш, қазақ ұлты бірлікте, жарасымды өмір сүреді. Мынадай алмағайып заманда, әлем сан құбылған уақытта бізге бірлік маңызды. Тоқетер сөзіміз осы, шежіреге ұлы жоқ отбасында қыз аты жазылғаны жөн, ал қыздан туғандар жазылмайды, ол сөзсіз.
Сіз не дейсіз, оқырман?
Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ,
медицина ғылымдарының докторы,
Райымбек, Ұйғыр аудандарының Құрметті азаматы,
«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерінің, «Алтын дәрігер»,
«Гиппократ» медальдарының иегері