Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Президент бастамасы Жамбыл ауданында да қызу қолдау тапты. Осыған орай аудандық Мәдениет үйінде «Еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтары» атты форум өтті. Оған аудандық мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, ірі кәсіпорындар, мансап орталығының мамандары, жастар қатысты.
Алдымен Мәдениет үйінің кіреберісінде Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің көрмесі тамашаланды. Онда аталған оқу орнының жұмысшы мамандықтарын даярлауға байланысты көрнекі құралдары қойылып, ұстаздар мен студенттер келушілерге кәсіпке оқыту жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар осында ауылдық округтер бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Форумда аудан әкімі Нұрлан Ертас сөз алып, Жұмысшы мамандықтары жылының жариялануы қоғамда еңбекқорлықты және нағыз кәсіп иесі болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейтінін атап өтті. Осыған орай бұл жыл ел экономикасының негізгі тірегі – жұмысшы мамандықтарын дамытуға, жастарды кәсіби біліммен қамтуға және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағыталғанын тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы айтқандай, болашақтың экономикасы, бұл – білім мен дағдылар экономикасы. Осыған орай ауданда түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылады. Мақсатымыз – жастарды жұмысшы мамандықтарына көптеп тарту, кәсіби дамуына қолдау көрсету арқылы ел экономикасына үлес қосу. Бұл шаралар жастардың жұмысшы мамандықтарының маңызын түсінуі үшін де өте маңызды, – деді Нұрлан Ертасұлы.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл жастар үшін кәсіби бағдар беру жәрмеңкесі жүйелі түрде өткізілетін болады. Онда кәсіпорындар мен оқу орындары өз мүмкіндігін жан-жақты таныстырып, жастарды оқу мен өндіріске барынша тартпақ. Жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында фестиваль өткізілмек. Шеберлік сыныптары, көрмелер ұйымдастырылады. Тұрғындар арасында белсенді ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Бейнероликтер түсіріледі. Бұл жастардың жұмысшы мамандытарына деген қызығушылығын арттыра түспек. Жәрмеңке кәсіпорындар мен ұйымдардың жетістіктерін де жарқырата көрсету алаңы болмақ. Қазір ауданда 13 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. 4 мыңға жуық кәсіпкер мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Бұл іске жастар етене араласуы тиіс. Оған толық мүмкіндік бар.
Ауданда жұмысшы мамандықтарын даярлайтын бірден-бір оқу орны – 90 жылдық тарихы бар Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледжі. Жиында осы мекеме директоры Болат Алтаев кәсіптік білім беру саласын трансформациялау реформасына тоқталып, колледждегі жаңалықтар мен өзгерістер, жаңа жобалар, қол жеткізген жетістіктер туралы баяндады. Ол Жұмысшы мамандықтары жылы аясында кәсіптік сала иелерінің мәртебесі артып, аянбай еңбек етіп жүрген жандарға көңіл бөлінетінін, оларға қоғам назары ерекше аударылатынын айтты.
«Кез келген еңбек – қадірлі. Қоғамға қажетті кәсіп иелерінің беделі артатын шақта, ең бастысы, әрбір еңбек адамы жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміздің сапалы дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып, еліміздің экономикалық әлеуеті арта түспек», –деген Болат Бекбосынұлы аграрлы ауданға қажетті жұмысшы мамандар даярлайтын оқу орны үшін үлкен мүмкіндік ашылғанын, соған орай арнайы іс-шаралар жоспары әзірленгенін жеткізді. Аталған колледж ауыл шаруашылығын механикаландыру, электр жабдықтары, дәнекерлеу ісі, тамақтандыруды ұйымдастыру, шаштараз өнері, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандықтарын даярлайды.
Жиында сөз алған Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қасымшалов өткен жылы осы ауылдан бастау алған «Қазына» жобасымен таныстырды. Аталған қанатқақты жобаның басты мақсаты – тұрғындардың тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етілуіне ықпал ету. Демеушілердің қолдауымен Ақсеңгірдің тұрмысы төмен үш отбасының әрқайсысына 30 қой мен 2 ірі қарадан берілген. Сол малды өз төлі есебінен көбейтіп, пайдасын көріп, белгілі бір мерзімнен кейін бастапқы санын басқа тұрмысы төмен отбасыға тапсырулары керек. Осындай шартпен басқалар да тіршіліктерін түземек. «Қазына» жобасы өзге ауылдарда да жалғасын тапса екен, ол үшін сондағы іскер азаматтар демеуші болуға ниет білдірсе деген ұсыныс айтылды.
Мұндай ұсынысты өз сөзінде аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Балжан Досалы қолдайтынын білдірді. Ол бұл жыл мемлекеттің жастарға ерекше қамқорлық танытатын жыл екенін айтты. Нағыз өрлеу еңбек адамына деген құрметтен басталатынын атап өтіп, замандастарын ел дамуына өз үлесін қосуға шақырды. Экономиканың негізі – жұмысшы мамандардың қолында. Кәсіп меңгергендер ешқашан жұмыссыз қалмайды, өйткені олар әрқашан сұранысқа ие. Ол үшін жастар жаңа мүмкіндікті жіберіп алмай, әрекет жасауы тиіс.
Атаулы жылға байланысты жаңа ипотекалық бағдарламалар әзірленіп жатқаны белгілі. Бұл туралы «Отбасы банкінің» Жамбыл ауданы бойынша кеңес беру орталығының бас маманы Нұргүл Бермұхаметова хабардар етті. Ол аталған қаржы мекемесінің азаматтардың баспаналы болуы үшін әртүрлі бағдарламалар ұсынып отырғанын айтты. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында банк «Наурыз-Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасын іске қоспақ. Аталған бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне тиімді шарттар ұсынады.
Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасын алға сүйрейтін басты күш. Әрбір салада кәсіби мамандардың орны ерекше. Сондықтан жастар жұмыс жоқ деп қарап отырмай, қай жерде мүмкіндік болса, сонда барып, елдің дамуына атсалысқаны жөн. Биыл еңбек адамдарының мәртебесі артып, оларды қолдау және жаңа мүмкіндіктер жасалатыны жан-жақты айтылды. Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің ұжымы атаулы жылға арналған флешмоб орындады. Соңынан аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің концерті тамашаланды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы