Ұлттық нақыштағы бұйымдарға жыл өткен сайын халық сұранысы артып жатқаны қуантады. Әсіресе ою-өрнекпен көмкерілген әдемі әшекей көздің жауын алып, қараған адамды еріксіз қызықтырады. Осынау ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, төл өнеріміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандардың арасында Сәтен Райс атты зергер қызымыз да бар.
Сапалы мақта жібінен тығыз етіп тоқылған жылтыр матаны қазақ «сәтен» дейді. Сондай-ақ кербез, сәнқой, өте сыпайы адамды да «сәтен» деп атайтынын білеміз. Кейіпкеріміз Сәтеннің бойынан да осы қасиеттерді байқадым. Өзі тым нәзік, бірақ атам заманнан ерлердің ісі саналатын зергерлікті жанына серік еткен. Өмірге келген нәрестеге есімді «Атына заты сай болсын» деп ырымдай қоятын халықпыз ғой. «Немерем сұлу да сымбатты, жігерлі де қайратты болсын» деген Райс ақсақалдың осы бір ақ ниеті қабыл болған екен.
Сәтен Қытайдың Сауан ауданында дүниеге келген. Ата-әжесінің қолында өскен. «Әжем – ішік пен тон, киім-кешек тіксе, кіші әкем өрімшілікпен айналысқан, анам құрақ құрап, көрпенің түр-түрін тігетін», – деген Сәтен он саусағынан өнер тамған шеберлер отбасында өсіп, кішкентай күнінен сурет салуға құмар болған. Күнұзақ әжесінің жанында отырып, ою ойып, өрнек қиюды ермек қылады.
«Орта мектепте оқып жүргенде сыныбымызды музыка және қолөнер бағыты деп екіге бөліп, ауданның әр мектебінен икемі бар балаларды жеке-жеке топтастырып оқытты. Мен, әрине, қолөнер сыныбына түсіп, 2 жыл білім алдым. 2007 жылы ата-әжеммен бірге Қазақстанға қоныс аудардық. Жамбыл ауданындағы Бесмойнақ ауылында тұрдық. Тоғызыншы сыныпты сонда тәмамдадым. Жазғы демалыста Қытайдағы туыстарға қыдырып баратынбыз. Сол жақта шаштараз оқуын оқыдым», – деген Сәтен бала күнгі қолөнерге қызығушылықпен О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне оқуға түседі. Көркемдеп металл өңдеушілердің қатарына қосылады. «Тобымызда он ұл, үш қыз болдық, бірақ сол үш қыздан қазір зергерлікпен айналысып жүрген мен ғана. Сабақ біте басқа студенттер өре түрегеліп, шеберханадан шығып кетеді. Мен оқу корпусы жабылғанша, күзетші келіп қуып шыққанша металл өңдеудің, одан әшекей соғудың қыр-сырына тоймай, сонда жүретінмін. Сол қызығушылықтың арқасында екінші курс оқып жүргенде-ақ алғашқы тапсырыс ала бастадым», – дейді зергер. Бос уақытында шаштараз бола жүріп, азын-аулақ ақша жинап, қажет құрал-саймандарын да түгендеп алған.
Оқуын тәмамдап, Сәтен зергер жігітке тұрмысқа шығады. «Іздегенге – сұраған» демекші, барған жерінде шеберхана да дайын тұрған. «Қазір енеммен, төрт баламызбен Ақши ауылында тұрамыз. Үйдің жанында шеберханам бар. Әшекей бұйымдарды жасауға қажетті бөлшектің бәрін сонда дайындап алып, әшекейді осында отырып аяқтаймын», – дейді кейіпкер. Отырған жері Бәйдібек би ауылында орналасқан – шағын ғана дүкен. Ішін жайнатып, әдемі әшекейлермен толтырып қойған. Бір бұрышына үстелі, оның үстіне қажетті құрал-сайманын ыңғайлап ретімен орналастырыпты. Жарты сағат әңгіме барысында дүкенге келушілер қатары да толастамады. Бірі үзілген алтын алқасын әкеліп жасатса, енді бірі сағаттың бауын қысқартты.
«Сыйлы қонақтары мен құдағиларына, аналары мен қыздарына ұлттық нақыштағы әшекейлерді алушылар да, тапсырыс берушілер де көп. Аудандағы зергер ағаларымызбен бірге облысты аралап, көрмелерге жиі шығып тұрамыз. Наурыз айында ұлттық нақыштағы әшекейге тапсырыс артады. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық мұрамыздың қадір-қасиетін түсініп, сәндік қолданбалы өнер, зергерлердің жұмысына жылдан-жылға сұраныс артып барады. Бойына сан түрлі құпияны жасырып жатқан ұлттық ою-өрнектің сырын ашып, осындай бай да, терең мағыналы қолөнерімізді әлемге паш етіп, брендке айналдыруымыз керек», – дейді Сәтен.
Иә, алтынмен аптап, күміспен күптеп, зерлеп, әр бұйымның ажарын, сәнін кіргізіп, айшықтап қана қоймай, оған мол мән-мағынаны да бере білу – жоғары өнер, үлкен жұмыс. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, бүгінге жеткен бұл өнердің өміршеңдігі – ұлт ретіндегі бір парызымыз.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы