Перейти к содержимому
Главная страница » Сенбілікке – серпінмен!

Сенбілікке – серпінмен!

     Тазалық – табиғатты аялап, қорша­ған ортаға қамқорлықпен қарауға үндейтін маңызды іс. Осы орайда жер-жерде өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру. Кеген ауданында аталмыш акция жалғасын тауып, сенбілік ұйым­дас­тырылды.

«Аудан тазалығы үшін» деген ортақ тілек екі қолға бір күрек ұстатты. Жаппай тазалау жұмысына барлық мекеме қызметкерлері құрал-саймандарын алып, білек сыбана кірісті. Олар өздеріне белгіленген жерді күл-қоқыстан тазартты. Жалпы аудандық сенбілік барысында ауланы абаттандыру, бейберекет тасталған қоқыстарды шығару сияқты жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, ауданға қарасты 12 ауылдық округтегі көрнекті орындар мен көшелер қоқыстан тазартылды.
Сенбілікке барлығы 400-ден астам адам қатысып, ауыл көшелері, саябақ аумақтары қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ жиналған қоқыстар арнайы техникалармен шығарылып, уақытша полигонға жеткізілді.
«Тазалық – денсаулық кепілі» деген ізгі мақсатты басшылыққа алған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев сенбілікке жиналған көпшілікке алғысын жеткізді.
– Баршамыз Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға жиналып отырмыз. Айналаны таза ұстау – әрқайсымыздың борышымыз деп санай­мын. Әр аула, көше, ауыл таза болса, ол – біздің осы өңірдің ажарлануына қосқан үлесіміз. Сондықтан атсалысып жатқан баршаларыңызға алғыс білдіремін, – деді.
Бұл бастама ары қарай да жалғасын тауып, «TazaLike» іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Таза жағалаулар», «Таза су айдындары», «Таза аймақ», «Мөлдір бұлақ» деген атаумен тазалық жұмыстары жүргізілетін болады.
Туған өлке тазалығы – баршаға ортақ іс. Оған тұрғындар түгелдей атсалысу керек екенін естен шығармайық.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы