Ел экономикасында үлкен маңызға ие науқанның бірі – көктемгі егіс. Мұндай істе кесе-көлденең кедергі болмай, егін бітік шығып, қойма астыққа толуы үшін шаруалар жаздың қамын қыс ойлап, ерте бастан қамданады. Осы орайда шаруалардың дайындығын пысықтап, кем-кетігін түгендеп, олармен жеке жүздесу үшін Еңбекшіқазақ ауданына аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев арнайы келді.
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде өткен кездесуге облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков, су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Чункунов, ветеринария басқармасының басшысы Бауыржан Дәрібаев, «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы Мұрат Абдығұлов және аудан мен округ әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
«Алдыңғы жылы дәнді дақылдар, бұршақтар мен көпжылдық шөп үшін 1 гектарға дизель отынын тұтыну нормативі 15,4 л/га болса, биыл бұл көрсеткіш 50,8 л/га болып көтерілген. Көкөністер, оның ішінде картоп үшін былтыр 50 л/га болса, биыл 80,4 л/га-ға өсті. Облыс бойынша дизель отынының бағасы 250 теңге болып бекітілген. Ал нарықтағы баға – 295 теңге», – деген ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Чункунов көктемгі егіс жұмысына дайындық, мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарына көрсетіліп жатқан түрлі қолдау бағдарламалары мен несие, лизингтер туралы кеңінен баяндап берді.
Еңбекшіқазақ ауданының барлық суармалы жер учаскесі 1421 шаршы шақырымды құрайды. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін суармалы сумен «Қазсушаруашылығы» РМК, Қонаев атындағы ҮАК филиалы, «Алматыоблсушар» МК және оның Талғар өндірістік учаскесі, «Гидросервис» ЖШС мен «Қараш» ЖШС қамтамасыз етіп отыр. «Аталған мекемелер егіс науқанына дайындықты бастап, жер-жерде ішкі шаруашылық су арналарын механикалық тазарту және ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр», – деген су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісов аудандағы барлық су беру арналарына реконструкциялық жұмыстар жүргізетін жаңа жоба қолға алынғанын да тілге тиек етті.
Шаруалармен кездесу барысында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов аудандағы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын баяндады. Кездесуге келген әр шаруа өз қожалығында туындаған мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын көппен бірге қарастырды. Облыс әкіміне, басқарма басшыларына сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын да алды. Ол сұрақтардың көбі жанар-жағармай, субсидия, жеңілдетілген несие, тыңайтқыштар мен пестицидтерге қатысты болды. Шаруалар несие талаптарына сай кепілзат көпшілікте жоқ екенін айтты. Пестицид сатушылардың жұмысы мемлекет тарапынан бақылауға алынуы керек екені де кездесуде көтерілген мәселенің бірі болды. Өйткені соңғы жылдары пестицидтердің сапасы нашарлаған. «Шаруалар төккен тері далаға кетпеуі үшін пестицидтерді шамадан тыс қолданып, тек өнімді ғана емес, бақтағы жеміс ағаштарын да улап жатыр. Соның салдарынан ағаштар түрлі ауруларға төтеп бере алмай, өнім де жылдан жылға азая бермек», – деген шаруа Мәншүк Абықанқызы дизель отыны, тыңайтқыштар, несие рәсімдеу сынды жұмыстар алдағы уақытта қаңтар-ақпан айларында басталса екен деген ұсыныс та айтты. Өйткені қажетті құжаттарды жинау, кезек күту, тасымалға көлік табу сынды басқа да жұмыстар көктемгі науқан уақытын кешіктіреді. Кездесу барысында шаруа қожалықтарындағы мамандардың тапшылығы да сөз болды. Осы орайда аграрлық сала мамандарын даярлайтын оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, дуальды оқыту жүйесін дамыту керектігі де айтылды.
Шаруалармен кездесуде облыс әкімі аудан мен ауылдық округ әкімдеріне қатаң ескерту жасап, мемлекеттік бағдарламаларды шаруаларға жан-жақты, әрі уақытылы түсіндіру жұмысын жүргізу керектігін баса айтты. «Шаруалар мен жергілікті басқару органдары, басқарма арасында байланыс болмаса, ауылдардың дамуы тежеліп, жасалып жатқан жұмыстың еш пайдасы болмайды. Бұл тізбек үзілмеуі керек», – деді Марат Елеусізұлы.
Еңбекшіқазақ ауданына арнайы келген сапарында облыс әкімі аудандағы ірі балық шаруашылығы «ТМТ Group» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Жылдық қуаттылығы 500 тоннадан жоғары форель өсіретін шаруашылық – облыстағы серпінді жобалардың бірі.
Аймақ басшысы Есік қаласында жаңадан салынып, тұрғындарына кілті енді ғана тапсырылған үш үйдің ғимаратын да көрді. Әрқайсысы 40 пәтерлі бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға ипотекалық бағдарламамен берілді.
Іссапар барысында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің салынып жатқан жатақхана ғимаратына да барып, ондағы құрылыс жұмысын бағамдады. Сапар соңында аталған колледжде тұрғындармен кездесу өткізіп, аудан әкімінің баяндамасын тыңдады. «Еңбекшіқазақ – инвестиция тартып, бизнес, туризмді дамытуға өте қолайлы аудан. Әрі халық та мұнда көп шоғырланғандықтан, азаматтар нәпақасын табуға Алматыға ағылмай, тұрғылықты жерде жұмысын жандандыруы керек. Ол үшін инвесторларға әрдайым ашық болу маңызды. Мемлекеттік органдар инвесторларға кедергі келтірмей, керісінше, ынтасы бар адамға жұмыстың заңды жолын көрсетіп, қолайлы жағдай жасау керек. Бастысы, инвестордың жұмысы экологияға зиянын тигізбей, жергілікті жер мен ондағы халыққа пайдасы болсын», – деген Марат Елеусізұлы аудандағы карьерлердің жұмысын реттеу мәселесін, сондай-ақ қоқыс өңдейтін зауыт керектігін де тілге тиек етті. Жалпы, ауданда жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық жұмыстарға облыс әкімі оң бағасын берді.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы