Ұзынағаштағы аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Тағдыры мен тарихы тоғысқан бір халықпыз» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, ақсақалдар, аналар кеңестерінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Мереке барысында этномәдени бірлестіктердің көрмесі ұйымдастырылып, олардың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлері таныстырылды. Сонымен қатар ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосқан бірқатар азамат аудан әкімі Нұрлан Ертастың арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан кейін этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендерге әртүрлі этностардың әндері мен билері ұсынылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аталған шара Қазақстан халқының татулығы мен бірлігін одан әрі арттыруға бағытталған игі дәстүрдің жарасымды жалғасындай әсер етті.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы