Облыс әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбек бірлігі – ұлт негізінің күші» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Басқосуды ашқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев 30 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінде көпэтносты елімізде бейбітшілік пен өзара сыйластықты қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын жүзеге асырып, барлық этнос пен конфессиялардың бір-бірімен байланысын одан әрі арттыруға үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
– Облыстық Ассамблея құрамындағы 141 ақсақалдар, 146 аналар кеңесі, медиация қызметі, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі, «Жомарт жан» орталығы, ғылыми-сараптамалық топ, Жетекші журналистер клубы өз қызметтері шеңберінде тұрғындар арасында ел бірлігін сақтауға, әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы дауларды реттеп, келісімге келуге ықпал етуде.
Жыл сайын осы бағытта облыстық Ассамблея құрылымдарының қатысуымен 100 мыңнан астам адамды қамтыған 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Сондықтан облыстық Ассамблея мүшелері мен оның жанындағы құрылымдардың этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамын, – деген аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс айту күніне арнайы жолдаған құттықтауын оқып берді.
Келесі кезекте Марат Елеусізұлы Жұмысшы мамандықтары жылына орай ҚХА мүшелері арасында облысқа еңбек сіңірген жандарды құттықтап, Алғыс хат табыстады. Одан кейін сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Аслы Осман еңбек адамдарын бағалап жатқаны үшін облыс басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына тоқталды. Сонымен қатар Қонаев қаласының алғашқы құрылысшыларының бірі Александр Чжен ата-аналарының қиыр шығыстан еріксіз жер аударылып, Қазақстанның бірнеше өңіріне күштеп қоныстандырылғанын тілге тиек етті. Сол алмағайып уақытта жергілікті қазақтардың оларға азық-түлік пен киім-кешек беріп, ата-анасынан ажырап қалған балаларды өз перзентінен кем көрмей бауырына басқанын, бүгінде солардың бесінші буыны болып отырған қазақстандық кәрістердің ешқашан ұмытпайтынын айта келе, өзінің де қазақ халқына деген жүрекжарды алғысын жеткізді.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Ассамблеяның 30 жылдық тарихы еліміздегі достық пен ынтымақтастықтың, келісім мен тұрақтылықтың жарқын көрінісі екенін, осы уақыт аралығында өз қызметінің маңыздылығын дәлелдеген бірегей құрылымның Қазақстан халқының бірлігі мен ел болашағына деген сенімін нығайтқанын баса айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу одан әрі қалалық Мәдениет үйінде Алғыс айту күніне арналған «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты облыстық форумға жалғасты.
Іс-шара басталар алдында жиналған қауым этномәдни бірлестіктер ұйымдастырған көрме мен облыстық Ассамблеяның қызметі туралы бейнефильм тамашалады. Мемлекеттік Гимн шырқалған соң, мінберге шыққан облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков форумға қатысушыларды тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған және барша қазақстандыққа деген құрметтің орнығуына негіз болған Алғыс айту күнімен аймақ басшысының атынан құттықтады.
– Бұл – бейбітшілік пен ынтымақ күні. Барша ел тұрғындары бір-біріне құрмет пен ризашылық танытатын жалпыхалықтық мереке. Бабаларымыздың «Бірлік туы – береке» деп біртұтас ел болуды мирас еткен ұстанымын отаншылық пен әділдік, еңбекқорлық, ауызбіршілік қағидасына айналдыруымыз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сахна төрінде Болат Қайратұлы облыс көлеміндегі этномәдени бірлестіктердің төрағаларын марапаттады. Одан кейін Алатау қалалық мәслихатының төрағасы Роза Әбілова мен «Ассамблея жастары» РҚБ-ның Қарасай аудандық өкілдігінің төрағасы Ясми Мчелидзе зал толы қауымды мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар мейірімділік пен достық мерекесіне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының «30 игі іс» қайырымдылық керуені аясында «Қарекет» қайырымдылық қорының өкілі Әлімжан Теміров жалғызбасты көпбалалы ана Эльмира Қалиеваның отбасына баспана кілтін табыс етті.
Атаулы күнге арналған мерекелік концерттік бағдарламада Тимур Ким Айбек Бекбосыновтың «Айбарыс» күйін керемет шабытпен нақышына келтіре орындап, көрермендерді тәнті етті. «Арзу» халықтық ән-би ансамблі мен «Сударушка» халықтық ансамблі әсем ырғақты жан тербетер ән салып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге «Дариға-дәурен» әнін домбырамен нақышына келтіре орындап, Дилшат Юсупов көрермендердің жан-дүниелерін толқытып, көңілдерін бір серпілтіп тастады.
Концерттік бағдарлама соңында облыстық қоғамдық келісім және даму орталығы мекемесінің басшысы Абай Елбосын өнер көрсеткен бесенділерді марапаттады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ